Сот бекіткен құжат талабының жүзеге асырылуына жауапты сот орындаушыларға тұрғындар тарапынан сенім азайған. Өйткені, мамандардың қызметіне қатысты шағым көлемі екі есе артқан. Әсіресе, құқықтың бұзылуы, қаражаттың кеш аударылуы, өтініштің қабылданбауы сынды жағдайларға наразы. ҚР Әділет министрлігі өткен жылы 89 мыңнан астам адам сот орындаушыларына шағым түсіргенін айтады.
Пайдалы құжатты орындайды
Өзекті мәселені Мәжіліс депутаттары кеңінен талқылады. ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Дәния Еспаева былтыр алимент бойынша түскен істердің саны 12 мыңнан асқанын айтады. Демек, ата-аналардың ұл-қызына берешегі күн сайын артып келеді. Борышкерлердің жалпы қарызы 17-18 млрд теңгеге жеткен.
– Алиментті төлемеудің басты себебі – борышкерлердің тұрақты жұмыс орны мен табыс көзінің болмауы. Көп жағдайда кірістерін жасырады. Ал жеке сот орын-даушыларының кадрлық құрамы, сапасы да сын көтермейді. Қазір республика бойынша 2110 жеке сот орындаушысы жұмыс істейді. Олардың қолдарында жалпы сомасы 15,9 трлн теңгені құрайтын 5 миллионға жуық құжат жатыр. Оның 50 пайызы шағын несиелерді өндіріп алуға қатысты. Бұл статистика халықтың шамадан тыс несие алатынын көрсетеді. 2022 жылы сот орындаушыларының қызметіне қатысты Үкімет сағаты өткен болатын. Алайда жиында айтылған ұсыныстар әлі орындалған жоқ, – деді Дәния Еспаева.
Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев алимент төлеуден жалтарып жүрген «қашқындарды» әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселені шешпейтінін алға тартты. Жыл басында алимент өндіру бойынша 283 мың құжат түскен. Оның тек 4 пайызы, яғни, 12 835-сі төленбейтін алимент санатына жатқан.
— Мұндай жағдайда атқарушылық құжаттың орындалуын қамтамасыз ететін мәжбүрлі түрде орындату шаралары қолданылады. Жұмыссыз борышкерлерді жұмысқа орналастыру сынды жүйелі жұмыстар да жүргізіледі. Балаларын асырауға деген ниеттің болмауы, алимент төлеуден жалтару отбасылық-неке қатынастары дағдарысының салдарын байқатады. Бұған былтырғы 61 080 ажырасу фактісі дәлел бола алады. Бұл көрсеткіш неке қию санының (124 774) жартысына жуығын құрады. Осы тұста отбасы институтын нығайту және балалардың мүдделерін қорғау бойынша жауапты мемлекеттік органдардың кешенді жұмыс жүргізуі қажет деп санаймыз, – деді министр.
Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева борышкерлердің казино мен букмекер кеңселерінде ұтыс тігуіне тоқтау болмай тұрғанын айтты. Көп жағдайда сот орындаушысы өзіне пайда әкелетін құжаттарды орындауға тырысатынын айтып сынады.
– Әлеуметтік сипаттағы құжаттарға аз уақыт пен күш жұмсайтын үрдіс әлі тоқтаған жоқ. Мұндай істер бойынша сот орындаушысы борышкерді іздеуге асықпайды, әңгімелесуге шақырмайды, мүлік пен ақшаны өндіріп алу үшін тексеру және іздеу бойынша шаралар қабылдамайды, тыйым салуды уақытылы қолданбайды. Былтыр прокурорлар борышкерлердің алименттерді, жалақыны және мемлекет пайдасына сомаларды орындаудан жалтаруының 6 210 фактісін анықтаған. Мысалы, 325 млн теңге қарызы бар 484 борышкер Қонаев пен Щучинск казиносында 147 млн теңге жұмсаған. 236 млн қарызы бар 117 борышкердің өз шоттарынан 2 млрд теңгені еш кедергісіз алған. «Осы кезде неге сот орындаушы әрекетсіздік танытты, қайда болды, неге дереу шаралар қабылдамады?» деген заңды сұрақ туындайды, – деді Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы.
Осы орайда Снежанна Имашева жеке сот орындаушыларының қызметтері пайдаланылмаса, оларға сыйақы төлеу тетігін алып тастауды ұсынды. Жалпы, борыш сомасы 60 АЕК-тен аз болса, сот орындаушысына 25% төленеді. Көбіне бұл – айыппұл, салық, шағын займ берешектері. Алайда көптеген азамат жеке сот орындаушыларының қызметтеріне ақы төлеу оларды орындау үшін қабылданған шараларға сәйкес келмейді деп санайды.
Аймағымыздағы ахуал қандай?
Аймағымызда сот орындаушыларының жұмысы қалай бақыланып отыр? Облыстық әділет департаментінің мәліметіне сүйенсек, аймағымызда 948 борышкер алимент төлеуден жалтарып жүр. Олардың балаларына берешегі 1 млр 700 млн теңгеге жуықтайды. Қазіргі уақытта сот орындаушыларының алдында алиментті өндіру бойынша 16 мың 665 іс жатыр. Оның ішінде 11 мыңнан астам борышкер қарызды жұмыс істеуі арқылы өтеп жүрсе, өзін-өзі жұмыспен қамтыған 4034 адам бала алдындағы берешегін өз еркімен төлеуде. Жыл басынан бері жеке сот орындаушылары жалпы сомасы 425 млн теңгені өндіріп алған.
— Қазіргі уақытта жүйелі жұмыстың нәтижесінде берешекті өндіру мәселесі ілгерілеп келеді. Сот орындаушылары жұмыспен қамту орталықтарымен бірге әрекет етіп, бос орындар жәрмеңкесін ұйымдастырады. Жұмыссыз жүрген адамдардың екі қолға бір күрек табуына жәрдемдеседі. Бұл ретте сот орындаушылары 285 борышкерге жұмысқа тұру бойынша жергілікті жұмыспен қамту орталығына бару жөнінде хабарландыру жолдаған. Оның ішінде
64 адам еңбекпен қамтылған.
Қазір ақпараттандыру базасы дамы-ғандықтан, қарызы бар адамның қайда жұмыс істейтінін анықтау еш қиындық тудырмайды. Ескертуге құлақ аспағандар әкімшілік, қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бүгінде 113 борышкер ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 669-бабы бойынша жауапқа тартылған. Ал 12 адам ҚР Қылмыстық кодексінің 139-бабы бойынша жаза арқалады, — деп хабарлады әділет департаменті.
Әділет департаменті сот орындаушыла-рының жұмысы қатаң бақыланатынын айтады. Жыл басында Айсұлтан Бақтияров есімді жеке сот орындаушысы 2022 жылдан бері екі баласына қарызын өтемей жүрген қашқын әкеден ақша өндірген. Оның берешегі 6 млн теңгеден асқан. Жеке сот орындаушыларынан қашып жүрген ер адамды анықтауда көші-қон полициясы көмектескен. Биыл сәуір айында борышкер балалары алдындағы қарызды толық көлемде өтеген.
Көңіл неге толмайды?
Жоғарыда сот орындаушыларына шағым көп екенін атап өттік. Мәселен, Павлодар қаласының тұрғыны Айгүл Әскерова сот орындаушыларына көңілі толмайтынын айтады. Себебі олар атқаруға міндетті жұмысты өзі орындаған.
— Осыдан 4 жыл бұрын жолдасыммен ажырастым. Кәмелетке толмаған қызымыз бар. Әкесі жұмыс істемегендіктен, алимент бірнеше жыл көлемінде төленбеді. Ажырасқалы екі жылдан кейін бұрынғы күйеуімнің қаладағы шағын маркетте жұмыс істеп жүргенін көрдім. Бұл жағдайды сот орындаушысына хабарласып, ескерттім. Оларға бұрынғы күйеуімнің жұмыс орнының мекенжайын апарып бердім. Содан кейін ғана олар баламның әкесінің жұмыс орнына хат жолдады. Жарты жыл көлемінде алимент алып жүрдім. Кейін бұрынғы күйеуім жұмыстан шығып кетіпті. Одан кейін қайда еңбек етіп жүргеніне араласпадым. Айтпағым, сот орындаушылары алимент төлемей жүрген адамдарды тиянақты түрде тексермейді. Бұрынғы күйеуім басқа орында жұмыс істеп жүріп, алимент төлемей жүрсе, таң қалмаймын, — дейді А.Әскерова.
Екібастұз қаласының тұрғыны Жансерік Болатов сот орындаушылары борышкердің жұмыс орнына хат жолдап отырғаны үшін ғана қомақты қаражатқа кенелетіні әділетсіз екенін айтады.
— Жол апаты кезінде жәбірленушіге 1 млн теңге сомасында ақша төлеуге міндетті болдым. Ай сайын еңбегімнің
25 пайызы яғни, 60 мың теңге жәбірлену-шінің есепшотына аударылып тұрды. Жұмыс орныма менің берешегім туралы хат жолдаған сот орындаушысына 250 мың теңге төледім. Сөйтсем, оның жұмысы мен өтейтін соманың 25 пайызын құрайды екен. Берешекті төлеуден жалтармайтын адамдардың арқасында бір хатты бір орында отырып жолдаған сот орындаушысы бір адамнан осыншама табыс табады. Менің ойымша, жылдар бойы қарызын төлемей, қашып жүрген адамдарды анықтап, оларды жұмысқа тұрғызып, әділдік үшін күресетін сот орындаушылары ғана лайықты табысқа кенелуі тиіс, — дейді ол.
Облыстық әділет департаментінің өкілі Аслана Байзақова кез келген сала шағым болатынын алға тартып, сот орындаушыларының жұмысына көңілі толмайтын тұрғындар департаментке арыз түсіре алатынын айтты.
— Жеке сот орындаушыларына жүктелген міндет ауыр. Мамандарға сот шешімі түскен бойда олар оны орындауға кіріседі. Халық берешекті тез өндіріп алғысы келеді. Бірақ бұл жұмыс оңай емес. Берешегі бар адамның атында жылжымайтын мүлік не жұмысы жоқ болса, қарызды өндіру өте қиын. Әсіресе, ауылдағы тұрғындар жұмыспен қамтылмайды. Осы мәселені шешуде сот орындаушылары бос орындар жәрмеңкесіне қатысып жүр. Егер тұрғындардан түскен шағым аясында өңірлік сот орындаушылар палатасы маман қызметіне қатысты шешім шығармаса, Әділет департаменті жоспардан тыс тексеру жұмысын жүргізеді. Сот орындаушысының қолындағы іс бойынша қандай жұмыс атқарғанын толық тексереді. Егер құқықбұзушылық анықталса, заң бойынша тәртіптік жазаға тартылады. Бұл жұмыстың бәрі заң аясында жүзеге асырылады, — дейді А.Байзақова.
Мәжілісмендер жоғарыдағы отырыстан кейін жеке сот орындаушыларының тәртіптік жауапкершілігін күшейту қажеттігіне тоқталды. Аттестаттаудан және тағылымдамадан өтпей жеке сот орындаушысы қызметімен айналысу құқығына лицензия алатындардың тізімін қысқарту керек екенін жеткізді. Жеке сот орындаушыларына жауапкершілік күшейіп, жұмысы бір жүйеге келтіріледі деген ойдамыз.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.