Облыста тұрмыстық құқық бұзушылық саны азаюда. Бұған жаңа заңнамалардың енгізілуі себеп. Жақында еліміздің қылмыстық кодексінде 16 қыркүйектен бастап «Сталкинг» ұғымы жаңа 115-1 бабына енгізілді. Өңіріміздегі отбасылық зорлық-зомбылық және оның алдын алу шарттары жайлы брифинг барысында сөз етілді.
Биыл облыс бойынша тұрмыстық негіздегі құқық бұзушылықтар саны 1,3 пайызға төмендеді, яғни 77 жағдайдан 76-ға азайды. Өткен жылы отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы заңнама қатайтылып, бірқатар баптар әкімшілік құқық бұзушылықтан қылмыстық санатқа ауыстырылды. Осыған орай ағымдағы жылы 31 қылмыс тіркелген.
Жүргізілген талдау нәтижесінде қылмыстардың 46,9 пайызы әйелдерге қарсы, 11,9 пайызы кәмелетке толмағандарға қарсы жасалғаны анықталды. Бұрын сотталған, жазасы алынбаған немесе өтелмеген тұлғалар тарапынан 2 қылмыс жасалған.
– Отбасылық зорлық-зомбылықтың себептерінің бірі — алкогольдік ішімдіктерді шамадан тыс тұтыну. Талдауға сүйенетін болсақ, құқық бұзушылықтардың 48,7 пайызы алкоголь ішіп, кенеттен қызғаныш немесе әлеуметтік қанағаттанбаушылық негізінде туындаған жанжал кезінде орын алған. Осыған байланысты 6643 адам алкоголь ішкені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 311 жеке кәсіпкер алкоголь өнімдерін заңсыз сатқаны үшін жауапқа тартылды. 261 адам наркологиялық диспансерге мәжбүрлі түрде емделуге жіберілді, ал уақытша бейімделу және детоксикация орталықтарына 20 мыңнан астам адам жатқызылды, – дейді Павлодар облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бөлімінің аға-инспекторы Индира Жүсіпова.
Сондай-ақ, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының қауіп-сіздігін қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметкерлері агрессорлармен жүйелі түрде жұмыс жүргізеді. Есепті кезеңде 3116 адамға әкімшілік хаттама толтырылып, 3252 қорғану туралы ұйғарым шығарылды. Ішкі істер органдарының өтініші бойынша сот 755 адамға арнайы мінез-құлық талаптарын қойып, оның ішінде 750 адамға алкоголь ішімдіктерін тұтынуға тыйым салынды. Арнайы талаптарды бұзғаны үшін 669-бап бойынша 672 адам жауапқа тартылды.
2025 жылдың сәуірінен бастап агрессорларға психологиялық көмек көрсетіледі. Полиция орган-дарының өтінішімен сот 20 адамға міндетті психологиялық көмек алуды ұсынған. Оның ішінде 6 адам ем қабылдап, кейін мұндай құқық бұзушылықтар тіркелмегені анықталды.
Одан бөлек, қыркүйектің 16-сы Қазақстанның қылмыстық кодексіне жаңа 115-1 бабы «сталкинг» қылмысы бойынша жауапқа тарту құқығы енгізілді. Бұл жаза адамның жеке өміріне қол сұғу, еркіндігін шектеу немесе психологиялық қысым көрсеткенде қолданылады.
Салтанат ҒАББАС.