Әрбір бала толық отбасында өмір сүріп, бақытты да шаттықты балалық шақты тануға лайықты. Алайда, өкінішке қарай, бүгінде отбасындағы ата-ана арасындағы кикілжің, достары мен сыныптастары тарапынан қорлық көру, тіпті балалар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыстың саны артып келеді. Оған қоса, сәбилердің терезеден құлау дерегі де жыл санап артып келеді. Еліміздің әр облысында аталған мәселелердің шешімін тауып, олардың алдын алатын балалар құқықтары жөніндегі облыстық өкілі бар. Жуырда, Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында ұйымның Павлодар облысы бойынша өкілі Сәуле Шәкеновамен жүздесіп, атқарып жатқан жұмыстары мен қазіргі уақыттағы балалар арасындағы мәселелерді талқыладық.
— Сәуле Сәбитқызы, елімізде балалар құқығы қалай қорғалуда? Әңгімемізді осы сауалдан бастасақ…
— Кәмелетке толмаған бала-лардың құқықтарына тікелей арналған құқық нормалары Қазақстан Республикасының «Неке және отбасы туралы» Заңының қабылдануымен қазақстандық заңнамада алғаш рет пайда болды. Бұл заң қабылданғанға дейін балалардың құқықтары ата-аналар мен балалардың құқықтық қатынастары арқылы қаралды.
2002 жылдың 8 тамызында елімізде «Қазақстан Респуб-ликасындағы баланың құқықтары туралы» Заң қабылданды. Ол ҚР Конституциясымен кепілдендірілген баланың негізгі құқықтары мен мүдделерін іске асыруға байланысты туындайтын қатынастарды реттейді.
Бұл заңда балалардың мүдделері үшін мемлекеттік саясаттың мақсаттары, олардың негізгі құқықтары мен міндеттері айқындалды. Баланың отбасындағы, бала мен қоғамның өзара қарым-қатынасына, мүгедек баланың құқықтары мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарына арналған тараулар бөлек бөлінген.
Он жылдан астам уақыт бойы елімізде бала құқығы туралы институт жұмыс істеп келеді және 2024 жылы бала құқықтары туралы Заңға өзгерістер енгізілді. Бала құқықтары бойынша өңірлік мәртебе дәл осы Заңда бекітілген. Қазіргі уақытта 2023 жылдан бері еліміздегі балалардың құқығы бойынша Динара Болатқызы Зәкиева басшылық етеді. Қазіргі уақытта республикада 24 өкілеттігіміз бар. Біз барлығымыз балалардың игілігі үшін жұмыс істейміз.
— Бүгінде балалар арасында қандай мәселелер жиі орын алуда?
— Кешегі мен бүгінгі балалар арасындағы мәселелерде қандай да бір айырмашылық бар деп айта алмаймын. Өйткені, қазіргі уақытта көтеріліп жатқан мәселелер бұрын да көтерілетін. Бүгінгі балалардың бұрынғы балалардан бір айырмашылығы олар жаңа технологиялар енгізілген әлемде өмір сүреді. Алайда соңғы кездері мектепте оқушылар арасында қорқыту, қорлау, ұрып-соғу, зорлық-зомбылықтың жиілеп кеткені әлеуметтік желілерде жиі хабарланып жүр.
Мәселен, бұрын, 2024 жылға дейін «буллинг» сөзі термин ретінде қолданылып жүрсе, бүгінде қоғамның басты мәселесіне айналды. Сондай-ақ, бұл түсінік әкімшілік бапқа да енгізілді. Өкінішке қарай, бұл түйткіл бүгінде шынымен бар. Ол уақыттарда «буллинг» термині болса, бүгінде «кибербуллинг» термині пайда болды. Соның салдарынан кей балалар сол бейнероликті түсіру арқылы өздерінің құқық бұзушылықтарын айғақтап беретінін түсінбейді. Ал қорлық көрген балаға — бұл әрине үлкен күйзеліс. Балалар кәмелеттік жасқа жетсе әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылады, егер де жасы жетпесе, ата-аналары жауапкершілікке тартылады.
Менің ойымша, балаға келер қауіптің алдын алу алдымен отбасынан басталады. Оны дұрыс жолға бағыттау – ата-ананың міндеті. Үйдегі тәрбие баланың іс-әрекетінің қандай екенін айғақтап тұрады. Олардың арасындағы буллинг те, қатыгездік те, бала құқығын таптау да осыған келіп тіреледі. Бұған қоғам болып тосқауыл қою керек.
— Олардың алдын алу бойынша қандай жұмыстар жүргізесіздер? Қандай көмектер көрсетіледі?
— Павлодар облысы бойынша балалар құқықтары жөніндегі ұйым өзге облыстардағы ұйымдар секілді балаларға қатысты барлық мәселеге жауап береді. Егер олар құқықбұзушылықтың құрбанына айналса немесе оны өзі жасаса да олардың біздің өкілдікке көмекке жүгінуіне құқығы бар. Біз, сондай-ақ, балалардың әлеуметтік және отбасылық жағдайына, ұлтына мән бермейміз. Кез келген адам біздің өңірлік өкілдікке келіп, көмекке жүгіне алады.
Облыс өкілдігіне түрлі сұрақ бойынша өтініштер келіп түседі. Мәселен, қатыгездік жасау, балалар арасындағы буллинг, инклюзия, балалар қауіпсіздігі, денсаулық сақтау, жұмысқа орналасудағы құқықбұзушылық, отбасындағы қолайсыз жағдайлар, зорлық-зомбылық, жәрдемақы алу жөніндегі кеңес беруге қатысты өтініштер. Мысалы, жуырда бір топ бала ер адамның жиенін сөмкемен ұрғанын байқап, оны ұялы телефонға түсіріп, оны бізге жібереді. Кейін оқиға бойынша әкімшілік іс қозғалды. Осы тектес мәселелер бойынша шағымданатын адамдар көп. Оларға барынша көмек көрсетуге дайынбыз.
Ұйым қоғамдық негізде жұмыс істейтіндіктен, облыстық салалық басқармалардың көмегіне жүгініп, мәселенің шешімін табады. Бақылауда тұрған мәселелер өте тез шешіледі. Сұрақтар шешімін тапқанша, біздің назарымызда болады.
Жалпы, балаларға қатысты рейдтік іс-шараларды өз бетімізше жүргізбейміз. Тек полиция қызметкерлерімен бірлесіп немесе әлеуметтік парақшаларыма түскен өтініштердің аясында мектептерде оқушылармен және ата-аналар арасында жиналыстар, лекциялар өткіземін.
Балалар – біздің барымыз, болашағымыз. Оларға физикалық, моральдық, эмоционалдық жағынан күш көрсетуге ешкімнің хақысы жоқ. Балаларға осы жағынан көмек береміз. Құқықтық сауатын арттыру қажет. Құрылған кеңес құқықтық мәдениеттілікті қалыптастырады. Бұл балаларды көпшілік алдында дұрыс сөйлеуге, өзінің пікірін білдіруді, басқа балалардың құқығын аяқ асты етпеуді үйретеді. Менің ойымша, бұл өте маңызды. Біз балалардың үнін ести білуіміз және соны тиісті органдарға жеткізе білуіміз қажет.
— Күнделікті өмірде жиі болатын, бірақ ешкім байқамайтын құқықбұзу-шылықтар туралы айтып беріңізші…
— Ондай құқықбұзушылықтар баршылық. Мәселен, бұрын ата-ананың баланы ұрып-cоғуы құқықбұзушылыққа жатқызылмады. Бүгінде де солай. Егер сондай жағдайлар орын алып жатса, ол баланың анасы ғой немесе әкесі ғой деп аса мән бермейміз. Мұндай жағдайларды қоғамдық орындарда да жиі байқап жатамыз. Бірақ кей адамдар осындай жазалау арқылы баланы тәрбиелеп жатыр деп ойлап, оларды тоқтатпайды. Себебі, бізде осындай түсінік қалыптасқан. Шын мәнінде, ата-аналар балалардың алғашқы қорғаушылары болуы тиіс. Егер бала зорлық-зомбылықта өмір сүруге үйренсе, жақын туыстарының зорлық-зомбылығына ұшыраса, онда ол әлемді дұрыс түсінбей қалуы мүмкін. Осының салдарынан зорлық-зомбылықта өмір сүруге дағдыланып, мұның қалыпты екенін түсіне бастайды. Кейін ол да өсіп отбасылы болғанда аталмыш мәселелер оның әулетінде де орын алуы ғажап емес. Сондықтан баланың тәрбиесінде ата-ананың рөлі зор.
— Балаға қарсы жасалатын қылмыс санын азайту үшін Үкімет деңгейінде қандай шаралар қолға алынуда?
— Бірнеше жылдан бері мемлекеттік деңгейде ауқымды да маңызды шаралар қабылдануда. Тек 2024 жылдың өзінде 70-ке жуық түзету мен 15 заң актісі енгізілді. Мысалға, әкімшілік Кодексте бұрын болған 2 бап —
ұрып-соғу және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру бабы бойынша жауапкершілікке тарту мәселесі Әкімшілік кодекс- тен Қылмыстық кодекске көшті. Сондай-ақ, кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыс үшін жауапкершілік күшейтілді.
— Қоғамдық орындарда балаларға қатарластары мен сыныптастарынан бөлек, ата-аналарының да тарапынан зорлық-зомбылық көрсетіп жатқанын бай-
қаймыз. Осындай оқиғаларға куә болған азаматтар не істеуі керек? Қайда хабарласқаны жөн?
— Мен кездесулер мен жиын барысында мұндай оқиғаларға тап болғанда құқықбұзушылықтың алдын алу керектігін үнемі айтамын. Яғни, сол деректі құқық қорғау органдарына көрсету үшін дәлел ретінде ұялы телефонға түсіру керектігін ескертемін. Кейін бұл жазбамен кез келген полиция бөлімшесіне жүгіне алады. Тек бұл бейнежазбаларды әлеуметтік желілерде, Ватсапп чаттарында таратуға қатаң түрде тыйым салынады.
Таяуда маған бір әйел адам қоғамдық көліктердің бірінде анасы қызының басынан бірнеше мәрте ұрып-соққанын хабарлады. Бірақ ұялы телефонына түсіруге үлгермеген. Дегенмен аталмыш қоғамдық көлікті тауып, онда бейнекамераның бар екендігін анықтадық. Кейін сол бейнежазбаны таптық. Алайда қыздың бойы кішкентай болғандықтан бейнежазбаға ілінбеген. Сондықтан бұл факт расталмады. Сол себепті куәгерлерге айтарым, егер осындай оқиғаларға тап болсаңыз, бірден ұялы телефоныңызға түсіріп алыңыз. Өйткені, кей жерлерде бақылау камералары болмауы да мүмкін. Ал өтініштер мен ескертпелерді менің Instagram желісіндегі парақшама немесе +7707 498 5183 нөміріндегі Ватсаппқа хабарлама жолдау болады.
— Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есебінше, Қазақстан суицид деңгейі жоғары елдер қатарына кіреді, жасөспірімдер арасындағы табиғи емес себептерден болатын өлім көрсеткіші бойынша көш бастап тұр. Одан бөлек, балалардың терезеден құлау дерегі де жыл санап артып келеді. Мұның себебі неде?
— Өткен жылдың дерегіне көз жүгіртсек, біздің облысымызда 19 мыңнан аса бала зардап көрген. Олар күйіктен, суға батудан, жол-көлік оқиғасынан, көше мен үй жарақаттарынан және қоғамдық орындарда, мектепте, үйдегі ұрып-соғудан жапа шеккен. Оның ішіндегі сорақысы, үш айлық нәрестені ата-анасы ұрып-соққан. Нәтижесінде, бірнеше жабық жарақатпен ауруханаға түсті. Бүгінде бала балалар үйінде тәрбиеленуде. Ал әке-шешеcі ата-ана құқығынан айырылды.
Одан бөлек, өзіңіз атап кеткендей, жаз мезгілі келісімен балалардың терезеден құлау дерегі де жиі тіркеледі. Мәселен, осы жылы Павлодар облысы бойынша 4 оқиға тіркелді. Оның біреуі қайғылы жағдаймен аяқталды. Бірінші болған оқиғада жауапты сала мамандарынан ата-ана тарапына протокол толтырылды. Себебі, 127 бап өткен жылдан бері әкімшілік құқық-бұзушылыққа ауысты. Бұрын ол «Тәрбие мен білім беру жөніндегі міндеттерді дұрыс орындамау» болса, енді «Білім беру және кәмелет жасқа толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар мен міндеттерді дұрыс орындамау» болып саналады. Яғни, бұл жағдайда ата-аналар баланы ашық терезенің алдында және баланы қосулы шәйнектің жанында қалдырса, сондай-ақ арнайы креслосыз көлікте тасымалдаса бұл Заң өз күшіне енеді. Бірақ бірінші жағдайда ата-ана Заң күшінде жауапқа тартылмады.
Ата-ана баланы тәрбиелей отырып, оны қорғауға міндетті. Әлі жасы жетпегендіктен, қабілеті толық қалыптаспағандықтан, балалар өз мүдделерін өздері қорғай алмайды. Сондықтан ата-ана, біріншіден, балаларының құқығын қорғауға міндетті. Бұл оның мүлкіне де, жеке басына да қатысты. Екіншіден, балалардың мүддесін қорғауға заң жүзінде белгіленетін құқық, мысалы, баланың мұрагер болу құқығы да жатады. Құқықты қорғауға баланың құқығын бұзуға жол бермеу үшін күресу мәселесі де қосылады. Ата-аналар — өз балаларының заңды өкілі.
Ата-аналар баласына теріс қарамайтыны анық. Дегенмен, өкінішке қарай, өмірде керісінше жағдайлар кездесетіні жасырын емес. Тәрбиеден қате жіберілсе, оның салдары ата-ананың өзіне тиеді. Тәрбиесіздік пен адамгершілікке жатпайтын тәртіп балаға оңайға соқпайды.
— Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен – Айдана БОРАНБАЕВА.