Алаяқтықтан жапа шеккендердің саны артпаса, азаяр емес. Жыл басынан бері облыста қаржы пирамидасына қатысты 4 оқиға тіркелген. Бүгінде аталған істер бойынша қылмыстық іс тергелуде.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Павлодар облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Қамбар Қабдуллин хабарлады.

Қамбар Жалелдинұлының сөзінше, облыста соңғы үш жылда қаржылық пирамидаларға кіріп, қаржысынан айырылып қалған адамдардың саны  2,5 есеге артқан.

— Биыл 2022 жылдың қазан айынан бастап еліміздің алты қаласы – Астана, Алматы, Павлодар, Екібастұз, Семей, Аягөз аумағында өз жұмыстарын жүзеге асырып жүрген HAS Holding қаржы пирамидасы құрықталды. Пирамиданы ұйымдастырушылар компанияның инвестициялық жобаларының салымшысы болуды, 25-45 күн аралығында 70 пайызға дейін пайда табуды ұсынған. Аталмыш қаржы пирамидасында 7,6 миллиард теңгеден астам сомаға 5000-нан астам салымшымен 18000-ға жуық шарт жасалған. Күдіктілердің құны 1,4 миллиард теңге болатын ақшалай қаражатының мүлкіне сот тыйым салды. 2023 жылдың наурызынан бастап, осы уақытқа дейін соттың санкциясымен қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар қамауда болды. Қазіргі уақытта қылмыстық іс сотта, процесс жалғасуда, — деді Қ.Қабдуллин.

Сала қызметкерлері қаржы пирамидасын алдын алу жұмыстарын жалғастыруда. Осы жылдың басынан бері Cybernadzor жүйесінде қаржылық пирамида белгілері бар 400-ден астам сілтеме бұғатталды. Мамандар 11 мыңнан астам жазылушысы бар алты аккаунтты жапты.

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Павлодар қаласы бойынша өңірлік өкілдіктерінің бөлім басшысы Толқын Нұрмахиннің сөзінше, қаржы пирамидасының құрбандары болатындар — оңай жолмен тез байығысы келетіндер.

— Олар көп жағдайда жарнаманың жетегінде кетеді. Түсіндіру және ақпараттандыру жұмыстарын үнемі жүргізіп келеміз. Бірақ бұл — жеткіліксіз. Мемлекеттік барлық құрылым, қоғамдық ұйымдар алдымен тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыруға назар аударып, оңай олжаның жетегінде кетпеуді насихаттауы тиіс, — деді ол.

Қаржы пирамидаларының әрекеті туралы ақпараты бар және олардың құрбаны болған павлодарлықтар 61-33-05 телефоны арқылы хабарласа алады.

Айдана БОРАНБАЕВА.