Аймағымызда полицейлер жыл басынан бері түн тыныштығын бұзған 4 мыңға жуық тұрғынды жазалады.

Учаскелік инспекторлар құқықтық тәртіпті бұзған адамдарды жедел анықтауға тырысады. Өткен аптада тәртіп сақшылары түн ортасында жұрттың мазасын алған адамдарды жазалады. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Павлодар қаласындағы Назарбаев даңғылындағы көпқабатты үйдің тұрғындары әлеуметтік желідегі ортақ чат арқылы түнгі сағат 4.00 шамасында учаскелік инспекторды көмекке шақырған. Олар жұрттың мазасын алған жүргізушіні жазалауды сұраған. Ол көліктегі музыканы бар дауысына қосып, адамдардың тыныштығын бұзған. Оқиға орнына жеткен учаскелік инспектор әлгі жүргізушіні әкімшілік жауапкершілікке тартып, 5 АЕК көлемінде айыппұл салған.

Облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі бастығының міндетін атқарушы Руфат Кенжиннің айтуынша, дәл осындай шағым Жамбыл көшесіндегі үйдің тұрғындарынан түскен. Түнгі сағат 1.00 шамасында әлдебіреулер көшеде шулаған. Сонымен қатар, Сәтбаев көшесі, 245 және Назарбаев даңғылы, 32 мекенжайларында да түнгі уақытта әлдебіреулер ән шырқап, жұртқа ұйқы бермеген. Барлық құқық бұзушылар жазаланған.

Тәртіп сақшылары құқық бұзушылықтың куәгері болған жағдайда 102 телефоны арқылы хабарлауға немесе «Рolise 102» мобильді қосымшасын пайдалануға, Instagram әлеуметтік желісінде dp_pavlodar аккаунтына хабарлама жіберуге болатынын айтады.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.