Павлодарлық полицейлердің техникалық паркі 215 жаңа көлікпен толықты. Олардың басым бөлігі ауылдық аймақтарда еңбек ететін тәртіп сақшыла-
рына берілді. Жаңа көліктер құқық қорғаушыларға жедел әрекет етіп, заңсыздықтардың бетін дереу ашуға оң ықпал етері анық.
Облыс әкімі Асайын Байханов «Құлагер» ипподромында облыстық полиция департаментінің қызметкерлеріне жаңа автокөліктердің кілтін табыстады. Олардың барлығы белгіленген стандарттарға сай, барлық қажетті техникалық құралдармен жабдықталған және құқық қорғау органдарына қоғамдық тәртіпті бұзғандарға жедел ден қоюға мүмкіндік береді.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Полиция қызметкерлері, ең алдымен, өз еліне, өз халқына адал қызмет етуі керек» деп бірнеше мәрте атап өткен болатын. Өңірде облыстың құқық қорғау саласының материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін барлық жағдайлар жасалуда. Жаңа көліктердің көпшілігі алғаш рет ауылдық елді мекендерге жіберілетіні көңіл қуантады. Құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудің басты шарттарының бірі тұрғындардың сенімі болып табылады. Сондықтан, сіздердің адал еңбектеріңіз бен қызметтеріңізге деген жауапкершіліктеріңіз тұрғындарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің кепілі болуға тиіс, — деді Асайын Байханов.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.