«Халық заңгері» халықпен кездесті

Мау 5, 2025

Заң – өркениетті қоғамның темірқазығы. Адамзат баласының әрбір қадамына бағыт-бағдар беріп, мемлекеттің тыныштығы мен тұрақтылығын қамтамасыз ететін басты тұғыры. Қай елдің де даму деңгейі заң үстемдігімен, азаматтарының құқықтық сауаттылығымен өлшенеді. Осы орайда Қазақстанда құқықтық мәдениетті қалыптастыру мен заңға деген сенімді арттыру бағытында жүйелі бастамалар қолға алынуда. Солардың бірі – ел аумағында тұрақты түрде ұйымдастырылып келе жатқан «Халық заңгері» атты республикалық әлеуметтік науқан.

Бұл бастама – құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды қадам. Ол халық пен билік арасындағы алтын көпірге айналып, ел тұрғындарының өз құқығын білуіне, заңмен қорғалуына нақты мүмкіндік беріп келеді. Жуырда осындай игі шара Ақсу қаласында да өтті. Үкіметтің қолдауымен және мүдделі мекемелердің ұйымдастыруымен жүзеге асқан кең ауқымды науқанға тұрғындар белсене қатысты.

Науқанның негізгі мақсаты – халықтың құқықтық білімін арттыру, өз құқықтары мен міндеттерін түсіндіру. Себебі, заңды білу құқық қорғау органдарының немесе заңгерлердің ғана емес, әр азаматтың борышы. Өз құқығын толық білетін адам әділетке де, заңға да сенеді.

Шара барысында тұрғындарға түрлі сала бойынша кәсіби кеңестер берілді. Жер алу, әлеуметтік көмек, тұрғын үй алу, алимент өндіру, зейнетақы рәсімдеу, медициналық сақтандыру және еңбек даулары сынды өзекті сұрақтар көтерілді. Көпшілік көкейінде жүрген түйткілді мәселелерге білікті мамандардан нақты, түсінікті әрі заңды жауаптар алды.

Шараға қатысқан тұрғындардың айтуынша, мұндай форматтағы кеңес беру жиындары қоғам үшін өте қажет.

— Көптен бері жер теліміне қалай кезекке тұру керектігін білмей жүрген едім. Бүгін мамандардан егжей-тегжейлі кеңес алдым. «Қандай құжаттар керек?», «Қай жаста кезекке тұру қажет?» сынды суалдарыма жауап алдым. Осындай тегін құқықтық көмек беріліп жатқанына қуаныштымын, – дейді қала тұрғыны Әсемгүл Елемесова.

Сондай-ақ, Инновациялық Еуразия университетінің жоғары колледжін тәмамдап жатқан Саян Қалабаев аталмыш шара кәсіби бағыт-бағдарын нақтылауға себеп болған жобалардың бірі екенін атап өтті.

— Мені толғандырған мәселе – жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейінгі жұмысқа орналасу. Қазіргі таңда құқықтану мамандығы бойынша колледжді аяқтап жатырмын. Алдағы уақытта жоғары оқу орнына түсіп, мамандығым бойынша жұмыс істегім келеді. Осы мәселе бойынша мамандармен тікелей сөйлесіп, нақты әрі мазмұнды жауап алдым. Осындай кездесулер жас мамандар үшін қажет деп ойлаймын, – дейді ол.

Аталмыш шара тек кеңес берумен шектелмейді. Бұл – қоғамдағы құқықтық сауаттылықты арттыратын жоба. Қарапайым тұрғыннан бастап мемлекеттік қызметшіге дейін заңды білуі тиіс. Өйткені, құқықтық тәртіпті сақтау – әр азаматтың міндеті. Осы орайда «Халық заңгері» сияқты жобалар азаматтардың заңға деген сенімін арттырып қана қоймай, қоғамда құқықтық мәдениеттің қалыптасуына жол ашады.

Шараға қатысқан Ақсу қаласы білім беру бөлімінің басшысы Қайрат Смағұлов өз сөзінде әлеуметтік науқанның өзектілігі мен тиімділігіне тоқталды.

— Бүгінгі шара – еліміздің әр өңірінде ұйымдастырылып жатқан маңызды кездесулердің бірі. Мұндай бастамалар халықпен ашық диалог орнатуға мүмкіндік береді. Әсіресе, ата-аналар тарапынан білім беру саласына қатысты сұрақтар жиі қойылды. Атап айтқанда, балабақшаға қабылдау тәртібі және жазғы демалыс кезінде оқушыларды жұмыспен қамту мәселелері кеңінен талқыланды, – деді ол.

Сондай-ақ, бөлім басшысы өзіне жүгінген бес тұрғынның сұрағына толық жауап бергенін, ал бір тұрғынның мәселесі қосымша уақытты талап еткендіктен, жеке қабылдауға шақырылғанын жеткізді.

— Бұл науқанның бізге берер пайдасы өте зор. Халықпен бетпе-бет кездесіп, нақты көмек көрсету – ең басты мақсатымыз. Мұндай игі бастамалар алдағы уақытта да
жалғасса, қоғам-дағы құқықтық мәдениет деңгейі арта түсетіні анық, – деді Қайрат Теміржанұлы.

Сонымен қатар, ол ауылдық жерлердегі оқушылардың еңбекпен қамтылу жағдайына да тоқталып өтті. Мысалы, қала оқушылары 50 мың теңге көлемінде жалақы алса, ауылдық елді мекендердегі балалар ата-аналарымен бірге шаруа қожалықтарында жұмыс істеп, 80 мың теңгеге дейін табыс таба алатынын айтты.

2016 жылдан бері «Халық заңгері» жобасына ел бойынша 10 мыңнан астам кәсіби заңгер мен түрлі мемлекеттік мекеме өкілдері белсене атсалысқан. Осы аралықта 300 мыңнан астам қазақстандық құқықтық көмек алып, өз мәселесіне шешім табу мүмкіндігіне ие болды. Игі бастама алғашында тек заңгерлердің қатысуымен жүзеге асса, кейін оған мемлекеттік органдар мен салалық сарапшылар да қосылып, науқан кең ауқымды әлеуметтік жобаға айналды.

Қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің сектор меңгерушісі Лунара Кудикенова да тұрғындарға құқықтық кеңес беріп, әлеуметтік жобаның маңыздылығына тоқталды.

— Мұндай жобалар — халықпен тікелей қарым-қатынас орнатудың тиімді жолы. Қазіргі таңда тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру – басты мақсаттардың бірі. Бүгінгі іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Азаматтар тарапынан түрлі салаға қатысты нақты және өзекті сұрақтар қойылды. Әсіресе, көптеген жас маманнан сауал түсіп, оларға толыққанды түсініктемелер берілді, — деді Лунара Ерназқызы.

Ол мұндай кең көлемді шаралар халықтың заңдық білімін, мемлекеттік органдарға деген сенімділікті арттыратынын атап өтті.

Ақсу қаласында ұйымдастырылған бұл «Халық заңгері» нау-қаны – әділетке ұмтылған қоғамның жарқын мысалы. Ендеше, мұндай науқандардың жалғасын тауып, құқықтық сауаттылықтың тек қалада емес, ауыл-аймақтарда да дамуына күш салу – ортақ міндет. Себебі заң – баршаға ортақ. Оны білу – елге деген құрметтің бір көрінісі. Заң сөйлесе, әділет үстемдік құрады. Ал әділет үстемдік құрған елдің болашағы жарқын.

Әдемі КӘУКЕН,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің студенті,

Ақсу қаласы.

 Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.