Қазір арзан атақ пен жеңіл ақшаның насихаты қатты. Жалт-жұлт еткен жарнамаға сеніп, жылдар бойы жиған-тергенін танымайтын қаржылық пирамидаға ойланбай салатындардың қатары артып тұр. Оңай пайда болмайтынын ескерген облыстық экономикалық тергеу департаменті жергілікті тұрғындарды алаяқтардан қорғау мақсатында күш біріктірді.
Департамент өкілдері жұртшылықтың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында облыстық мәслихат депутаттарымен меморандумға қол қойды. «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында ұйымдастырылған ауқымды жиынға мәслихат депутаттары, күштік құрылымдар, құқық қорғау органдарының ардагерлері қатысты.
Қазір айналаны қаскүнем жайлаған. Аз ақшаны бәлен есе көбейтіп аламын деп барынан айырылып қалғандардың қатары күн санап артуда. Тіпті, басындағы баспанасын салып, қомақты кредит алып, қаржылық пирамидаға кіргендер де көп.
Облыстық мәслихаттың төрағасы Илья Теренченко тұрғындарды алаяқтардың арбауынан қорғауда күш біріктірудің маңызы зор екенін айтты. Депутаттармен қатар қоғамдық кеңес мүшелері де мәселеге мән беруде. Партия төрағалары да меморандумға қол қоюда.
Павлодар қалалық мәслихатының төрағасы Қобланбек Қожиннің айтуынша, меморандумды қала және аудандық мәслихат депутаттары да қолдайды. Департамент өкілдері депутаттармен бірге аудан және шалғай ауылдарды аралап, тұрғындарды әккілердің әрекетінен қорғауда.
— Қазір қаржылық пирамиданың құрбанына айналғандардың қатары өсіп келеді. Себебі тұрғындардың қаржылық сауаттылығы төмен деңгейде. Оңай пайдаға кенелеміз деп, сан соғып жататындар көп. Өкініштісі, жапа шегетіндердің дені — ауыл жұртшылығы. Алаяқтар халықты алдаудың түрлі тәсілін қолданады. Оларға алданатын қариялар көп. Жинаған зейнетақыны танымайтын біреуге аударып жатады. Әккілер шетелде отырып-ақ, пайдаға кенелуде. Мұндай жағдайда полицияға қылмыскерді анықтау оңай түспейді, — дейді Қобланбек Қожин.
Облыстық экономикалық тергеу департаментінің басшысы Ерік Есенов соңғы жылдары қаржыны жымқыру фактісі бойынша 24 қылмыстық іс аяқталғанын айтты. Нәтижесінде 400 млн теңгеден астам қаражат мемлекетке қайтарылған.
— Жыл басынан бері 5 ірі қар-жылық пирамида анықталды. Бұл ретте «HAS», «Q-Net», «TAKORP», «Автолюкс», «Asar Baspana» пирамидаларының жұмысы тоқтатылды. 500-ден астам адамның құқығы қорғалды. Жалпы сомасы 2 млрд теңгеден астам қаржы халыққа қайтарылды. Тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында облыстағы 50 ірі өнеркәсіп, 70 оқу мекемесінде жалпы саны 50 мыңнан астам адамға брифинг ұйымдастырылды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасатын болады, — деді Е.Есенов.
Облыстық экономикалық тергеу департаменті басшысының орынбасары Ғалиасқар Қасымов «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы шеңберінде тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жиі өткізілетінін айтты. Оның сөзінше, мамандар аймағымыздағы аудан-ауылдарды толық аралап шыққан. Жергілікті халықпен кездесіп, алаяқтардың алдау схемасын талдап, олардан сақ болуға шақырған. Алданып қалмау үшін қалай әрекет ету керектігін үйреткен.
— Мектеп, колледж, мәдениет үйінің еңбек ұжымымымен кездесіп, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруда әңгіме жүргіздік. Балалар үйін де аралап, балаларға да алаяқтардың әрекеттерін түсіндірдік. Өйткені жасөспірімнің бәрі әлеуметтік желіні пайдаланады. Сондықтан танымайтын парақшадан тауар сатып алуда сақтықты ескеруі керек. Халыққа қаржыны қалай және қайда сақтау керектігі жөнінде кеңес берудеміз. Биыл қаржылық пирамидаға ақшасын салған 500-ден астам адам алданған. Олар ең азы 100 мың теңгеден бастап, ең көбі 100 млн теңгеге дейін қаражатынан айырылып отыр, — дейді Ғ.Қасымов.
Облыстық мәслихат депутаты Махамбет Амангелді де алаяқтық – қоғамдағы өзекті мәселе екенін атап өтті.
— Алаяқтықтың құрбанына айналған адамдарды күн сайын көреміз. Тіпті, қаржылық сауаттылығы бар адамның өзі қалай алданып қалғанын білмей жатады. Алаяқтардың халықты алдаудағы әрекеті – аурумен тең десем, қателеспеймін. Бүгінде қаскүнемдердің әрекетінен сақтану мақсатында түрлі видеороликтер шығарылуда. Құқық қорғау қызметкерлері де сақтық шараларын түсіндіруде. Бірақ бұл кеңестерге құлақ аспай, алаяқтардың құрбанына айналғандар көбейіп тұрғаны өкінішті, — дейді ол.
Құқық қорғау саласының ардагері Марат Нұралинов ішкі істер саласында 25 жыл жұмыс істеген. Сол уақытта қызмет барысында ұрлық фактілері көп болған. Ал қазір қаржылық пирамида көбейіп, халықты жымқыруда. Мұндай қылмыскерлерді анықтау өте қиын. Сондықтан мұндай жағдайлардың алдын алуда ауыл тұрғындарына түсіндіру жұмыстарын көп жүргізудің маңызы зор екенін атап өтті.
Мұндай бастама ауылдағы ағайынды алаяқтардан қорғау мақсатында қолға алынғанын атап өткен жөн.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.
Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.