Павлодар қаласы Назарбаев даңғылында орналасқан тұрғын үйлердің бірінен көшеге шыққан қария жоғалып кетеді. Әжейді іздеп таппаған балалары құқық қорғау органдарынан көмек сұрайды. Астанадан Павлодар қаласына ұл-қызымен қонаққа келген кейуананың ақыл-есінде ауытқуы барын естіген полицейлер бұл іске дереу қызметтік итті араластырады. Төрт аяқты сақшы із кесу бойынша зейнеткерді басқа көшеден тауып, балаларымен қауыштырады.
Тағы бір жағдайда церебралды сал ауруына шалдыққан кішкентай бала академик Сәтбаев көшесінде орналасқан тұрғын үйден шығып кеткен. Кинолог пен қызметтік ит жеткіншектің ізіне түсіп, оны өзен портындағы қайық станциясынан тапқан. Ауыратын баласының қайда кетіп қалғанын білмей, егіле жылаған ананы ұлымен қауыштырған да — қызметтік ит.
Ал Буран есімді бельгиялық овчарка Алматыдан Павлодарға келген жүк көлігінен 2 қорап марихуананы тапты. Есірткі саудасының жолын кесті. Осылайша, аймағымызда қоғамдық тыныштықты сақтап, құқық бұзушылықтың алдын алуда полицейлермен қатар қызметтік иттердің де еңбегі орасан.
Қазіргі уақытта кинология орталығында 22 қызметтік ит бар. Оның ішінде 4 ит Ертіс, Май, Ақтоғай аудандары мен Ақсу қаласындағы тыныштықты күзетеді. Қалған 18 иттің бәрі облыс орталығындағы кинологияда дайындық үстінде. Өкінішке қарай, өзге аудандардағы кинологтар басқа қызметке ауысуы және зейнетке шығуына байланысты қызметтік иттер Павлодар қаласына жеткізілген. Облыс орталығында кинология қызметі орталығында 4 кинолог еңбек етеді. Олардың әрқайсысына 2 ит бекітілген. Бұл ретте 8 иттің екеуі есірткіні іздеуге, біреуі жарылғыш затты анықтауға, екеуі адамды іздеп табуға, үшеуі ғимаратты қорғауға қауқарлы.
Облыстық полиция департаменті кинология қызметі орталығының басшысы Нияз Валиевтің айтуынша, төрт аяқты көмекшілерді жұмысқа баулуда кинологтардың еңбегі орасан. Иттер түрлі бағыт бойынша жұмыс істеуге жұмылдырылады.
— Қызметтік иттер Алматыдағы кинология орталығынан әкелінеді. Бір ит 8-10 жылға дейін жұмыс істейді. Бұл уақыт өткеннен кейін иттің есту, көру қабілетін ескеріп, тағы бір жыл қызметте қалдыруымыз мүмкін. Ал қызметтен босатылған иттерді көп жағдайда иелері алып кетеді. Басқа адамдарға берілмейді.
Жедел-іздестіру шарасы кезінде әрбір кинологтың қызметтік иті кез келген бұйрықты орындауға дайын болуы тиіс. Бұл ретте мамандардың еңбекқорлығы, шеберлігі мен шыдамдылығын ерекше атап өту қажет. Себебі иттердің қызметтегі жетістігі оны баптаған иесіне тікелей байланысты. Өткен жылы төрт аяқты сақшылар 220 қылмыстың бетін ашты. 2024 жылы 226 құқықбұзушылықтың алдын алған болатын. Оның ішінде есірткі саудасының жолы кесіліп, ұрлық, тонау сынды қылмыстарға жол берілмеді, — дейді Н.Валиев.
Қызметтік иттерге құрғақ тамақ бөлінеді. Күніне екі мәрте, таңертең және кешке тамақтанады. Тапсырманы мұқият орындаған кезде иелері шұжық беріп, көңілдерін көтеріп қояды екен. Сондай-ақ, арнайы ойыншық беріп те қуантады.
Кинология қызметіндегі иттердің көпшілігі — неміс және бельгиялық овчаркалар, лабрадор және спаниель тұқымы да бар. Нияз Валиев кинологтардың қызметі итке таңғы ас беруден басталатынын айтады. Одан кейін түрлі жаттығу орындайды. Оларға иісті ажыратып, оны шатастырмаудың жолы үйретіледі. Иттерді бейімдеуде ойын әдістерін пайдалану тиімді. Команданы неғұрлым көп орындаса, соғұрлым әр нәрсеге тез машықтанады. Тәжірибелі иттер иісті ешқашан шатастырмайды. Мысалы, қылмыс орын алған жерде күдіктінің қолғабы, ұялы телефоны сынды бір заты қалып қоюы мүмкін. Күдікті өзіне тиесілі затты мойындамайтыны ақиқат. Осы сәтте иісшіл иттер көмекке келеді. Полицейлердің айтуынша, қызметтік иттер бір иісті бес жылға дейін ұмытпайды. Тіпті, 11 млн иіске дейін ажырата алады. Адаммен салыстырғанда сезу қабілеті 10 мың есе жоғары.
Атап өтерлігі, Ұлттық ұланда да асыл тұқымды қызметтік иттер көбейіп келеді. Былтыр ҚР Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұланның 6654 әскери бөліміндегі кинология орталығында асыл тұқымды
42 күшік дүниеге келді. Олардың ішінде бельгиялық, голландық және неміс овчаркалары бар. Бұл күшіктер ел тыныштығын күзету мақсатында жауынгерлік қызметке үйретілетін болады.
Бүгінде Ұлттық ұлан қатарында мыңға жуық қызметтік ит бар. Тек өткен жылы 10 айда олардың көмегімен 120-дан астам құқықбұзушылық анықталған. Ал кинология орталығында өсіп жатқан қызметтік иттердің жаңа буыны сол тәжірибені жалғастырмақ.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.
