Биыл Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасына бірқатар өзгеріс енгізілді. Олардың қатарында адамның мазасын алып, соңына түсіп аңду, алаяқтардың қаржысын банк картасы арқылы қолма-қол ақшаға айналдырып беру, некеге мәжбүрлі түрде итермелеу, қызды өз еркінен тыс алып қашу сынды қылмыстар бар. Яғни, бұдан былай мұндай әрекетке барған азаматтарға қатаң жаза қолданылады.
«Достық үйінде» «AMANAT» партиясы облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Заң мен тәртіп» семинары өтті. Аталған шараға Мәжіліс депутаттары Абзал Құспан, Жарқынбек Амантай, облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова, облыстық мәслихат төрағасы Илья Теренченко, сот, прокуратура, полиция департаменті мен тергеу органдарының өкілдері, жоғары оқу орындары мен колледждердің басшылығы қатысты.
Мәжіліс депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі, қылмыстық заңнаманы оңтайландыру жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі Абзал Құспан 2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап күшіне енген ҚР Қылмыстық кодексіндегі жаңашылдықтар туралы жан-жақты баяндады. Ол азаматтар күнделікті өмірде жиі кездесетін нақты жағдайларды қамтитын нормаларға ерекше тоқталды. Атап айтқанда, адамды қудалау, оның ішінде телефондағы бақылау бағдарламалары арқылы аңду, некеге мәжбүрлеу және қызды оның келісімінсіз алып қашу енді қылмыстық құқық бұзушылық ретінде нақты айқындалғанын атап өтті. Сондай-ақ, қылмыстық жолмен алынған кірістерді қолма-қол ақшаға айналдыру мен заңдастыруға қатысу, яғни дропперлік үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілгеніне назар аударды. Жеке деректердің таралуы мәселесіне және ақпараттың негізгі сақтаушылары ретінде банктердің рөлін де айтты.
Өз кезегінде Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантай да қылмыстық заңнамаға енгізілген жаңашылдықтар қоғамдағы тәртіпті сақтап, азаматтардың жауапкершілігін арттыруға бағытталғанын атап өтті.
— Заңдылық пен тәртіп – кез келген мемлекеттің тұрақты дамуының негізі. Ол құқықтық мемлекетті нығайтуға, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуға және халықтың мемлекеттік институттарға деген сенімін арттыруға ұмтылысты көрсетеді. Бұл ретте «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында заңнамаға өзгерістер енгізіліп, мемлекеттің қауіпсіздік саясатын күшейте түсті. Сталкинг үшін қылмыстық жауапкершіліктің енгізілуі, дропперлікке қатысты жауапкершіліктің белгіленуі, некеге мәжбүрлеу үшін жазаның күшейтілуі — азаматтардың құқықтарын қорғау мен қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған маңызды өзгерістер, — деді Ж.Амантай.
Семинар интерактивті форматта өтіп, қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылды. Депутаттар мұндай кездесулер құқық қолдану тәжірибесінде заңнамалық жаңашылдықтарды біркелкі және дұрыс қолдануға ықпал етеді деген сенім білдірді.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.
