Жуырда Павлодар қаласындағы «Miras» сауда орталығында күтпеген жағдай орын алды. Нысан толықтай қоршауға алынып, ішіндегі барлық адамдар шұғыл түрде эвакуацияланды. Кейін ғимаратқа арнайы қаруланған мамандар кіріп, жедел әрекетке көшті. Бұл облыстық деңгейде ұйымдастырылған жоспарлы антитеррористік оқу-жаттығудың бір бөлігі еді.
Мұндай жаттығулар – түрлі төтенше жағдайларға сақадай сай болудың, қауіптің алдын алудың нақты құралы. Сауда орталығындағы арнайы операция да ҚР Антитеррорлық орталығының үйлестіруімен «Шілде — Антитеррор – 2025» атты терроризмге қарсы оқу-жаттығуы аясында өтті.
Мамандар шұғыл әрекет ету, адамдарды қауіпсіз жерге көшіру және террористік қауіпке жедел жауап беру тәрізді маңызды қадамдарды пысықтады. Мұның бәрі – азаматтардың амандығы мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің айқын көрінісі. Ұйымдастырушылар азаматтарды сабыр сақтауға, ресми ақпарат көздеріне ғана сенуге және оқу-жаттығуға қатысатын мемлекеттік орган қызметкерлерінің іс-әрекетіне түсіністікпен қарауға шақырды.
Павлодар қаласының тұрғыны Саягүл Ахметова дәл осындай оқу-жаттығу Естай көшесіндегі «Квазар» сауда орталығында да өткенін айтады. Іс-шара барысында күштік құрылымдардың қырағы әрекетін көріп, риза болған.
— Демалыс күні ұлыма киім қарау үшін «Квазар» сауда орнына барған едік. Алаңсыз киім қарап жүргенде іштегі адамдардың бәрі жүгіріп сыртқа шыға бастады. Ұлым екеуіміз де соңдарынан ілестік. Сауда орталығының күзетшісі бізге жағдайды түсіндіріп, оқу-жаттығу басталғанын түсіндірді. Алғашында үрейленіп қалғанымызбен, кейін көңіліміз орнына түсті. Жалпы, мұндай шараның жиі ұйымдастырылуы дұрыс. Себебі халық осындай жағдайларда қалай әрекет ету керектігін үйреніп, мамандардың арқасында өздерін қауіпсіз сезіне алады, — дейді қала тұрғыны.
Бүгінде Павлодар облысында деструктивті діни ағымдардың алдын алу бағытында полиция департаменті де тұрақты жұмыс атқаруда. Бұл бағыттағы жұмыс оқу-жаттығу шараларымен шектелмейді. Оның мақсаты – радикалды идеологияның халық арасына таралуына жол бермеу.
— Оқу орындарында жастардың санасына сақтық ұғымын ұялату маңызды. Бұл ретте мектептерде психологтар, медицина мамандары мен қоғам белсенділерінің қатысуымен түрлі кездесулер, дәрістер мен пікірталастар ұйымдастырылып келеді. Бұл – жастарды жат ағымдардан қорғаудың тиімді жолы.
Сонымен қатар, тәртіп сақшылары күн сайын интернет кеңістігін бақылауда ұстап отыр. «Кибербақылау» бағдарламасы арқылы ұлттық, діни алауыздықты тудыратын, сондай-ақ діни үстемдікті насихаттайтын сайттар жедел анықталып, бұғатталады. Бүгінде осындай 650-ден астам ресурстың жолы кесілді, — дейді Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Жанна Белялова.
Тәртіп сақшылары азаматтардың әлеуметтік желілеріндегі жеке парақшалары да назардан тыс қалмайтынын ескертуде. Мысалы, жыл басынан бері 13 тұрғынның парақшасынан 653 тыйым салынған діни аудио-бейне материал табылып, сараптама тағайындалған. Нәтижесінде 11 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 980 мың теңгеден астам айыппұл салыныпты. Сондықтан, тұрғындарға, әсіресе, жастар қауымы әлеуметтік желіде сақ болғандары жөн.
— Жалпы, бұл кешенді шаралар – қоғам тұрақтылығы мен діни қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды бөлігі. Бұл бағытта халықты ақпараттандыру жұмыстары да жалғасуда. Діни заңнаманы түсіндіретін материалдар департаменттің ресми сайттарында тұрақты түрде жарияланып отырады, — дейді Жанна Белялова.
Облыс аумағында діни экстремизм мен терроризмнің таралуына жол бермеу мақсатында дін істері басқармасы ауқымды жұмыс ұйымдастырады. Басқарманың мониторнг және ақпараттық жұмыс бөлімінің бас маманы Жанар Төлеу жергілікті халық арасында идеологиялық және ақпараттық жұмыс жүйелі жүргізілетінін атап өтті. Құрамына жоғары білікті мамандар мен теологтар кіретін ақпараттық-түсіндіру тобының жұмысы студенттер мен жастарға, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға, ұйым қызметкерлеріне, өндірістік кәсіпорындардың жұмысшыларына бағытталған.
— Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуда халықпен кездесулер, дәрістер өткізіледі. Тұрғындардың діни сауатын арттыру мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарында қоғамды толғандыратын діни мәселелерге қатысты мамандардың сұхбаты жарияланады. Интернет желісінде де үгіт-насихат жұмыстары жүргізіледі. Бұл ретте түрлі әдістер қолданылады. Атап айтқанда, психологиялық ойындар мен теологиялық тесттер, экспресс-сауалнамалар жүргізіледі. Бұл әдістер кейбір көзқарастың қате екенін түсіндіруге мүмкіндік береді. Деструктивті діни ұйымдар ықпалына түскен адамдар сенім телефоны арқылы анонимді түрде психологтің, теологтің кеңесіне жүгіне алатынын айтқым келеді. Ол үшін 8-707-962-01-01 және
8 (7182) 62-01-01 нөмірлеріне қоңырау шалуға болады, — дейді Жанар Дарханқызы.
А.АСҚАРҚЫЗЫ.