Мәжіліс қабырғасында «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңға түзетулер мен өзгертулер енгізу мәселесі қызу талқылануда.  Аталмыш құжат енгізілгелі бері 3 жылдың ішінде қаңғыбас иттерді атуға тыйым салынып келді.  Бірақ  иесіз иттерден жапа шеккен адамдардың саны жаға ұстатарлық. Депутаттар бұралқы иттерге жансыздандыру әдісін, яғни эвтаназия жасауды ұсынып отыр. Ал зооқорғаушылар бұл ұсынысқа қарсы.

Заңда ұсынылып отырған түзету – итті аулау және эвтаназия. Бұралқы итті ұстағаннан кейін арнайы орында 15 күн қамалады. Иттің чипі, иесі болмаса онда ол эвтаназия арқылы өлтіріледі. Иттің чипі, иесі бар болса арнайы орында 60 күн болады. Екі ай ішінде жануарды басқа біреу алып кетсе, онда стерилизация жасалып, вакцина салынады, қаны тексеріледі. Бірақ оған кететін шығынды итті асырап алушы өтейді. Ал 60 күн ішінде итті алуға ешкім келмесе, өлтіріледі.

Экология министрлігі бір қаңғыбас итті асырауға күніне 5 мың теңге жұмсалатынын айтады. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Анас Баққожаев 60 күн ішінде бір итке қомақты қаражат төлеу ақылға сыйымсыз екенін айтты.

— Адам өміріне, үй жануарларына қауіп төндіріп отырған иттерді уақытша ұстау изоляторында не үшін 60 күн ақша жұмсап, бағуымыз қажет? Баланың біліміне мұндай қаражат қарастырылмаған. Бір қаңғыбас ит үшін екі айда 300 мың жұмсау дұрыс емес.  Мектептегі оқушыға мемлекеттен  күніне 840 теңге ақша бөлінеді. Бұл мәселеде мемлекетке салмақ салмау жағын да ойлау қажет, — дейді А.Баққожаев.

Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің аса қауіпті инфекцияларды қадағалау және биологиялық қауіпсіздік басқармасының басшысы Жанат Жамалбекова елімізде жыл сайын 50-60 мың адам бұралқы иттерден зардап шегетінін мәлімдеді.

— Елімізде жыл сайын құтырма ауруына қарсы 200 мың дозадан аса вакцина бөлінеді. Бұралқы иттерден зардап шеккендердің саны өсіп отыр. Жылына 50-60 мың адам зардап шегеді. Биыл 10 айдың ішінде 44 мың адамды ит қапқан. Оның ішінде 14 жасқа толмаған 17 мың бала бар. Бұл тек медициналық көмекке жүгінгендердің ресми дерегі, негізі одан да көп болуы мүмкін, — деді Ж.Жамалбекова.

Осыдан бір жыл бұрын үй жануарларын таңбалау міндеттелген еді. Алайда, бұдан нәтиже жоқ. Себебі ресми тіркеуден өтпегендер көп. Статистикаға сүйенсек, әу баста 28 мың үй жануары тіркелсе, қазір оның саны 900-ге қысқарған. Осылайша, міндетті таңбалау енгізілгелі қаңғыбас иттің саны артқан.

Заң  жобасы авторларының бірі ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Самат Мұсабаев мың иттің өмірінен бір баланың тағдыры артық болуы тиіс екенін алға тартады.

— Жануарды қорғаумен айналысатын мамандар «Аулау-стерилизациялау-вакцинация-қайтару» бағдарламасын ұсынып отыр. Бізге одан не пайда? Керісінше, бұралқы иттердің саны көбейе береді. Мәселен, бір бұралқы итке ветеринарлық іс-шараларға шамамен 40 мың теңге кетеді. Бұған арнайы орында күтіп ұстауға бір күнге жұмсалатын 5 мың теңгені қосыңыз. Ит стеризацияланғаннан кейін 10 күн ұсталуы қажет. Демек, 50 мың теңге, жалпы 90 мың теңге жұмсалады. Жергілікті атқарушы органдар ұсынған мәліметке сәйкес, осы жылдың 9 айында 192 мыңнан астам бұралқы ит ауланыпты. Миллиондаған бюджет қаражаты жұмсалып отыр, — дейді С.Мұсабаев.

Самат Базарбайұлы жануар қорғаушылар не себепті қарсылық білдіріп отырғанын да ашық айтты. Айтуынша, заңға ұсынылған өзгертулер қабылданса, бұралқы иттер жоғалып, ит ұстайтын орындар жабылады. Ал оларға жыл сайын миллиардтаған қаржы бөлінуде. Сондықтан олардың иттерге жаны ашып отыр деп айту қиын. Мың иттен бір баланың өмірі артық.

Өзекті мәселе талқыланған жиынға Павлодар облыстық мәслихат депутаты Маханбет Амангелді де арнайы қатысып, аймақтағы ахуалды баяндап, өз пікірін жеткізді.

— Павлодар облысында тұрғындардың шағымына жауап беретін 109 қызметіне өткен жылы қаңғыбас иттерге байланысты 1214 адамнан  арыз түскен. Ағымдағы жылдың 10 айы ішінде бұл көрсеткіш 1481-ді құрады. Халық қалаулысы болғаннан кейін жұртшылықтың пікіріне құлақ асуға тиіспіз. Осы жиынға қатысатынымды естіген ауыл тұрғындары ұялы телефоныма елді мекенде қаңғырып жүрген иттердің толассыз фото-видео- сын жолдаған.

Заңдағы түзетулерге келетін болсақ, бұралқы итті 15 күн ұстау, меніңше, өте көп уақыт. Бұл мерзімді 2-5 күнге қысқарту қажет. Үйде ит асырайтын адамдар жануарды күніне 2 мәрте тамақтандырады. Егер итіне қарамай, көшеге босатып жіберсе, жауапкершілік туралы әңгіме қозғаудың қажеті жоқ.

Тағы бір мәселе. Жолға шығып кеткен қара мал, жылқыларды анықтағанда төрт түлік иесін жауапқа тартамыз. Ал ит иесіне мұндай жаза қарастырылмаған. Тіпті, жолға шығып кеткен ит кедергі деп саналмайды. Иттің құқығы неге соншалықты қорғалған? Қараусыз жүрген мал арнайы тұраққа бір тәулікке ғана қамалады. Неге иттерді бәлен күн ұстауымыз керек? — деді Маханбет Амангелді.

Мәслихат депутаты заңға қарсы болып отырған жануарды қорғаушылар мәселенің мәнісін ашық көруі үшін Павлодар облысына келіп, жағдайды өз көздерімен көруді ұсынды. Қаңғыбас итке таланған жұртшылықтың жан-
айқайы оларды бей-жай қалдырмауы керек.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері облыс бойынша травматологиялық пункттерге иттен зардап шеккен 1146 адам жүгінген. Оның ішінде 483 тұрғынды қаңғыбас ит, 663 адамды иесі бар ит қауып алған. Дәрігерге жүгінгендердің барлығына медициналық көмек көрсетіліп, құтырмаға қарсы екпе тағайындалған.

Үйсіз-күйсіз, көше кезген қаңғыбас иттерге қатысты заң жобасы әлі де талқыланатын болады. Жоғарыда біз  бұралқы иттерден жапа шеккен адамдардың ғана статистикасын айттық. Ал итке таланған үй жануарларының саны да жаға ұстатады.  Қазіргі заң қаңғыбас итті қорғап тұр. Ал адам өмірі ше? Мәселе оңтайлы шешіледі деген үміттеміз.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.