Аймағымызда жаз мезгілі басталғалы микромобильді көлікті пайдаланушы-лардың саны артты. Мотоцикл, скутер, мопед тізгіндегендер жолда жүру ережесін білмегендіктен жол апатының орын алуына себепкер болып отыр. Өкініштісі, олардың ішінде жастар, оқушылар да бар.

Павлодар қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының командирі Айдар Сламбеков облыс орталығында микромобильді көлікті тізгіндеген 241 жүргізуші жазаға тартылғанын айтады. Оның ішінде кәмелетке толмаған 61 бала бар.

— Қазір мопед, мотоцикл, скутер сынды көлік құралдарын оқушылардың айдайтыны алаңдатады. Жол-көлік оқиғасы күн сайын орын алатыны белгілі. Сондықтан балалардың өміріне қауіп төнетіні сөзсіз. Ата-аналардың осы мәселеге бей-жай қарап, микромобильді көліктерді ұл-қызына сатып әперуі дұрыс емес. Арнайы тұраққа қойылған қос дөңгелекті көліктердің ішінде оқушылардың да мопедтері бар. Сонымен қатар, 162 жүргізуші жылдамдықты шамадан тыс асырғаны, жолаушыларды тасымалдағаны, жаяу жүргіншілерге жол бермегені және аталған көліктерді мас күйде басқарғаны үшін жауапкершілікке тартылды, — дейді Айдар Сламбеков.

Полицейдің айтуынша, жасөс-пірімдерге қатысты материалдар ювеналды полицияға берілген. Мамандар оқушылармен және ата-аналармен профилактикалық жұмыс жүргізетін болады. Жол-көлік оқиғаларының санын азайту мақсатында жол полицейлері бірінші кезекте микромобильді тізгіндейтіндерді назарға алады.

— Жыл басынан бері облыста екі дөңгелекті көліктердің қатысуымен 31 жол апаты тіркелді. Салдарынан 5 адам қаза тауып, 16 адам түрлі дене жарақатын алды. Оның ішінде Павлодар қаласында 4 оқыс жағдай орын алды. Қайтыс болғандардың ішінде 2 жасөспірім бар. Міне, осы қайғылы жағдайлар барлық ата-анаға сабақ болуы керек. Тәртіп сақшылары микромобиль көлігін жүргізушілерге қауіпсіздік ережесін түсіндіріп, жолдағы жауапкершілікті арттыру мақсатында түсіндіру жұмыстарын да жүргізеді. Осы ескертпелерге құлақ асу маңызды, — дейді А.Сламбеков.

Айдар Сламбеков облыста жол апатын болдырмау мақсатында тұрғындар үшін Instagram әлеуметтік желісінде @Bpp_up парақшасы ашылғанын айтады. Жұртшылық тәртіп бұзған жүргізушілерді жөнге салуда көмек көрсетуде. Жол полицейлері аталмыш парақшаның көмегімен бір күнде 8 хаттама толтырған. Мәселен, мамандар Естай көшесі мен Назарбаев даңғылы бойында жол ережесін бұзған азаматты анықтады.

«Hаvаl» маркалы көлікті тізгіндеген жүргізуші қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін жазаланды. Тағы бір жүргізуші бағдаршамның «тіліне» бағынбаса, «Тайота камри» маркалы көліктің жүргізушісі рұқсат етілмеген орында адамды түсіріп кеткен. Олардың бәрі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл арқалаған.

Жол апатына себепкер жүргізу-шілердің қатарында мас күйде көлік тізгіндегендердің үлесі басым. Жыл басынан бері 787 адам темір тұлпарды ішімдік ішіп жүргізген. Салдарынан 6 жол апаты тіркеліп, 9 адам түрлі деңгейдегі дене жарақатын алды.

— Жүргізушілер арасында түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіледі. Өкінішке қарай, олар полицейлердің кеңесіне құлақ аспайды. Мысалы, түнгі уақытта мамандар Lexus LX570 көлігін тоқтатты. Әңгіме барысында жүргізушінің ащы суды ұрттап алғаны белгілі болды. Медициналық сараптама көлік иесінің мас күйде болғанын растады. Жүргізушіге қатысты әкімшілік іс қозғалып, көлік коммуналдық тұраққа қойылды. Сот шешімі бойынша көлік иесі 7 жылға темір тұлпарды басқару құқығынан айырылып, 15 тәулікке қамауға алынды, — дейді полицей.

Тәртіп сақшылары жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерден жолда жүру ережесін қатаң сақтауды сұрайды. Тәртіпке бағынуы арқылы өзінің және өзгенің өмірін сақтай алатындарын ескертеді.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.