Өткен аптада Ақсу қаласы прокурорының орынбасары Жандос Сағатбековтің төрағалығымен «Halyk Tumar» мобильді қосымшасының бірінші жартыжылдық нәтижелері бойынша арнайы жиналыс өтті. Жиын барысында уәкілетті және құқық қорғау органдарының есептері тыңдалып, аталмыш қосымшаның белсенді пайдаланушыларына бағалы сыйлықтар табысталды.
Жиында қала прокурорының орынбасары Жандос Сағатбеков «Halyk Tumar» қылмыспен күрес жобасын іске асыру аясында 2024 жылдың 6 айында Ақсу қаласында 1977 белсенді пайдаланушы тіркелгенін мәлім етті. Қала тұрғындары қосымша арқылы 1150 өтініш берген. Сондай-ақ, ол ұялы телефон арқылы кез келген құқықбұзушылық туралы хабарлау және бұл үшін сауда орталықтары мен коммуналдық кәсіпорындардың қызметтері үшін жеңілдіктер мен кэшбэк түрінде сыйақы алуға болатынын айтты.
— Қылмыстың алдын алу мақсатында жыл басынан бері Ақсу қаласында «Halyk Tumar» интернет-қосымшасы іске қосылды. Оның көмегімен азаматтар қоғамдық көмекші ретінде тіркеліп, барлық құқықбұзушылықтар туралы хабарлай алады. Жыл басынан бері қала тұрғындарынан 1000-нан астам арыз-шағым түскен. Оның басым көпшілігі қаланы абаттандыруға және қауіпсіздікке байланысты. Шағымдардың жартысынан көбі өз шешімін тапты. Мәселен, кейбір қала тұрғындарынан алимент төлеуден жалтарып жүргендер туралы арыз келіп түсті. Нәтижесінде Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 669-бабымен Ақсу қалалық сотында әкімшілік іс тіркелді. Сот тұлғаны әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, қамауға алу үкімін шығарды. Осылайша, 2024 жылдың жартыжылдығында 5 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, мобильді қосымшаға тиісті лицензиясыз алкоголь өнімдерін сақтау, сату мәселесі бойынша шағымдар түсіп жатады. Осыған байланысты қала прокуратурасы жеке тұлғаларға және қоғамдық қауіпсіздікке қарсы қылмыс-тармен күресу бойынша профилак-тикалық іс-шараларды күшейтіп, алкоголь өнімдерін рұқсат құжаттарынсыз сату фактісін анықтады. Кінәлілер ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 463-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ақсу қалалық сотының шешімімен тәркіленген 1184 бөтелке алкогольдік өнім жойылды, — деді ол.
Сонымен қатар, жиын барысында Ақсу қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бейбіт Азаматов «Halyk Tumar» қосымшасы арқылы қала тұрғындарынан 26 өтініш түсіп, оның 8-і орындалып, 18-і тексеріліп жатқанын жеткізді. Өтініштердің басым бөлігі қоқыс шығару, балалар ойын алаңдарын жөндеу, көше жарығын қалпына келтіруге байланысты. Бұдан басқа, бөлім басшысы бүгінгі таңда Ақсу қаласында 104 бейнебақылау камерасы орнатылғанын айтып, ағымдағы жылы ішкі істер басқармасының кезекші пунктіне қосымша 25 бейнебақылау камерасын орнату жоспарланып отырғанын атап өтті.
— Қазіргі уақытта Қазақстан Респуб-ликасының мемлекеттік сатып алу порталында мердігерді анықтау бойынша конкурстық рәсімдер жүргізілуде. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың шілде айында кезекті нақтылаумен Ақсу қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау бөліміне жылдамдық өлшегіштер мен квадрокоптер орнатуға бюджеттік өтінім беру жоспарлануда. Мердігерді анықтағаннан кейін бейнебақылау камералары мен жылдамдық өлшегіштерді орнату орындары Ақсу қалалық полиция бөлімінің өкілдерімен келісіледі, — деді бөлім басшысы.
Белсенділігі үшін марапатқа ие болған Ақсу қаласының тұрғыны Дәрия Ертайдың айтуынша, ол жарты жыл ішінде қаланы абаттандыруға және қауіпсіздік мәселесі бойынша 40-тан астам шағым түсірген.
— Мен қоғамда болып жатқан оқиғаларға бейжай қарай алмаймын. Сол себепті бұл мобильді қосымша азаматтық парызымды орындауға таптырмас мүмкіндік берді. Қала тұрғындары үшін бұл қосымша ыңғайлы әрі пайдалы болып тұр. Қолданылуы да оңай. Мен көбіне көшелердегі қауіпсіздік, қаланы абаттандыру бойынша шағым-дарымды жолдаймын. Оның басым көпшілігі сол сәтте орындалып, қалпына келтірілді. Сондықтан жылдам әрекет еткен құзырлы органдарға алғыс
айтамын, — дейді ол.
Алтынбек МҰҚЫШЕВ.