Ұлы Жеңістің 80 жылдығына және Кеңес Одағының батырлары Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова мен Халық қаһарманы Хиуаз Доспанованың ерліктеріне тағзым ету мақсатында қыздар арасында әскери-қолданбалы спорт түрлерінен облыстық турнир ұйымдастырылды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарыстың негізгі мақсаты — жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру, әскери-патриоттық жұмысты жандандыру және жетілдіру, сондай-ақ, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары арасында тәжірибе алмасу.
Павлодар қаласы Ақпараттық технологиялар колледжінің әскери жетекшісі Нұрлан Нұрпейістің сөзінше, колледж қабырғасында мұндай ауқымды турнир алғаш рет өтті. Оған өңір колледждерінен 10 команда қатысып, сайысқа түскен студент қыздар әскери-қолданбалы спорт түрлерінен бар дағдыларын ортаға салды.
— Турнир барысында қыздар алдымен автоматты бөлшектеу, жинақтау дағдыларын көрсетті. Жалпы әскери 5 бағыт бойынша 10 команда сынға түсті. Оның ішінде автомат жинау, оқтау, тир ату сияқты бағыттар бар. Жарыс уақытында қатысушыларымыз нағыз шеберліктерін таныта білді. Олардың бәрінде тек бір мақсат – жеңіске жету. Шараны ұйымдастырудағы мақсатымыз, соғысқа қатысқан батыр қыздарымызды ұлықтап, жастардың жадында жаңғырту, — деді ол.
Жарысқа қатысушылардың бірі — Бейсен Ахметов атындағы колледждің 2-курс студенті Самира Даир турнирдан алған әсерімен бөлісіп, жастардың патриоттық сезімін оятуда мұндай іс-шаралар жиі ұйымдастырылса деген тілек білдірді. Айтуынша, сайыс ережесі бойынша қатысушылар барлық тапсырманы тез әрі дұрыс орындауы керек. Бұл ретте оның шеберлігі мен уақыт жылдамдығы ескеріледі.
Алтынбек МҰҚЫШЕВ.