Екі-үш күн бойы ел болып жиналып, күні-түні іздеу салған екібастұздық 7 жасар Милана Давыдованың мәйіті табылды. Павлодарлық полицейлер қыршынынан қиылған кішкентай қыздың өліміне кінәлі күдіктілерді анықтап, тергеу-тексеру жұмыстарын жүргізуде.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланғандай, 17 қараша күні кешкі сағат 21.15-те Екібастұз қаласының полициясына 2015 жылы туған қыздың жоғалғаны туралы анасынан хабарлама келіп түскен. Бұдан кейін бірден полицияның жеке құрамы жедел түрде іздеу жұмыстарына кірісіп, баланың жоғалып кеткені жайлы ақпарат жергілікті чаттар арқылы жан-жаққа таратылған. Полицейлер іздеу іс-шараларын Екібастұз қаласына қарасты Қоянды ауылдық округінің Бесқауға ауылының аумағында ғана емес, облыс бойынша жүргізді. Артынша бұл бағыттағы жұмыстарға еріктілер мен қатардағы азаматтар да қосылды. Сөйтіп, үш күнге созылған іздеу шараларына полиция қызметкерлері, еріктілер, аймақ тұрғындарымен қатар, құтқарушылар, кинологтар, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері де жұмыла кірісті. Із-түссіз жоғалып кеткен жеткіншекті жан-жақтан іздеу үшін 500-ден астам адам мен 100 шақты техника және арнайы тікұшақ жұмылдырылған. Жедел-іздестіру және тергеу іс-шараларын жүргізу барысында кәмелет жасына толмаған Милана Давыдованың белгісіз бағытта жоғалып кетуінің мән-жайлары мен себептері анықталды.
— Павлодар облысында жоғалып кеткен 7 жасар қыздың анасы кісі өлтірді деген күдікке ілінді. Кәмелетке толмаған баланы өлтірді деген күдікпен полиция қызметкерлері анасы мен оның өтініші бойынша қылмыстың іздерін жасырған танысын ұстады. Олар қылмысын мойындады. Кісі өлтіру фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта қажетті тергеу шаралары жүргізілуде. Оқиға орнында облыстық полиция департаменті, прокуратура және облыс әкімдігі, сондай-ақ, мамандандырылған топ жұмыс істеуде, – дейді облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары Болат Нұрсейітов. Айта кетерлігі, бұған дейін қыздың жоғалып кетуіне байланысты түрлі болжамдар айтылған болатын. Кейін қыздың мәйіті табылып, күдіктілер анықталған соң бұл оқиғаға қатысты жаңа деректер ашылды. Ең өкініштісі, ай мен күннің аманында небары 3-сыныпта ғана оқитын қаршадай қыздың анау-мынау емес, анасының қолынан ажал құшқаны жайлы ақпарат дүйім елдің қабырғасын қайыстырды. Адам айтқысыз ауыр қылмысқа барған қатыгез ананың кінәсі дәлелденсе, заң бойынша қатаң жаза арқалайтын болады.
Нұржайна ШОДЫР.