Сот залында судьяның алдына келген жәбірленуші әділ шешім күтеді. Орын алған істің мән-жайы бұлтартпас айғақтармен дәлелденеді. Ал шындық үшін күрескен адамды адвокат қана қорғай алады. Адам тағдыры шешілетін жауапты міндетті тәжірибелі адвокат Дәуренбек
Абдрахманов арқалап келеді.
Дәуренбек Өскенбайұлының есімі аймақ тұрғындары үшін жақсы таныс. Ақиқаттың темірқазығына айналған адвокат оқырмандарына әлеуметтік желі арқылы заң саласына қатысты сұрақтарға толымды жауап беріп, баптарды егжей-тегжейлі түсіндіреді. Тәжірибелі маман күрделі саланы жастайынан әділдікті жаны сүйгендіктен таңдағанын айтады. 2003 жылы Торайғыров университетінде «Құқықтану» факультетін үздік дипломмен аяқтап, адам құқығын қорғау ісіне белсене араласады. Әділдік жолында жұмыс істеп келе жатқанына биыл — 12 жыл.
Қылмыстық істе адамның темір торға қамалуы не бостандыққа шығуы адвокаттың кәсібилігіне тікелей қатысты. Адвокат сот жүйесінде жеңіс ұғымы біреуді қуантса, екінші тарапты мұңайтатынын айтады. Кейбір істер бірнеше күннің ішінде шешімін тапса, бірқатары ұзақ жылдарға созылады.
— Қылмыстық және әкімшілік істерді қараймын. Әр істің қиындығы бар. Қылмыстық істе адам тағдыры шешілетіндіктен моральдық тұрғыдан кәсіби жауапкершілік жүктеледі. Әкімшілік істерде құқықтық нормалардың қатаң сақталуы маңызды. 2024 жылдың қарашасында «Ертіс орманы» мемлекеттік табиғи орман резерватында орманды заңсыз иелену бойынша іс материалы түскен. Бұл іс 2025 жылдың сәуіріне дейін қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралған. Қазір сот шешіміне шағым жасалып, облыстық сотта тергеу жұмыстары қайта басталды. Қайта қарау ісі осы жылдың тамызынан бері жалғасып келеді. Яғни, бір іс аз уақыттың ішінде аяқталмайды. Терең талдауды қажет етеді, — дейді адвокат.
Дәуренбек Өскенбайұлы қазір қоғамда адвокаттардың рөлі жоғары екенін айтты. Адвокат — жай қорғаушы емес, ол азамат пен мемлекет арасындағы көпір, құқықтық мәдениетті қалыптастыратын маман. Сот жүйесінің әділ жұмыс істеуі тікелей адвокаттардың кәсібилігіне байланысты.
— Тәжірибемде бұрын істі болған сотталушыларға ақтау үкімін шығарған кез көп болды. Мәселен, бір азамат жазасын өтеп шыққаннан кейін Жоғарғы сот арқылы айыптау үкімінің күшін жойдым. Павлодар қаласының №2 соты ақтау үкімін шығарды. Нәтижесінде мемлекеттік бюд-жеттен менің қорғауымдағы адамға қылмыстық жауапкершілікке заңсыз тартылғаны үшін материалдық және моральдық шығын өтелген болатын. Мұндай жағдайларда адвокаттың кәсібилігі маңызды, — дейді адвокат.
Дәуренбек Өскенбайұлы үшін басты қағида — адал әрі тәуелсіз болу. Қорғауға алған адамның кінәлі еместігін соңына дейін қорғап шығуды міндеті деп санайды. Сот ісінде эмоцияға берілмей, тек заңдарға сүйенеді.
— Қылмыстық және әкімшілік іс кезінде адамдар алғашқы жауапты адвокатсыз береді. Бұл — үлкен қате. Себебі эмоцияға беріліп сөйлеп, түсініктемені асығыс жазады. Ал бұл жағдай іске кері әсер етуі мүмкін. Адамдар өз құқықтарын толық білмей, тағдырларына балта шауып жатады. Сондықтан басына іс түскен жағдайда түсініктемені адвокат келген соң ғана берген жөн. Адамдар адвокатқа қандай жағдайда жүгіну керектігін білмейді. Осы жағдайда құқықтық сауаттылықты арттыру қажет, — дейді Д.Абдрахманов.
Дәуренбек Өскенбайұлы адвокат үшін қорғауына алған адамдардың сенімін ақтап, олардың құқығын қорғаудан асқан жеңіс жоқ. Адамдардың ақталып, құқықтарының қалпына келуіне себепкер болу — үлкен жетістік. Адамгершілік пен әділдік тартысқа түскен тұста кәсіби келбетті сақтап, адамдықтан ажырамау – кейіпкердің басты қағидасы.
Тәжірибелі адвокат — өз саласының маманы ғана емес, отбасында құрметті отағасы, жұбайымен екі баланы тәрбиелеп отырған бақытты әке.
12 жылдың ішінде Дәуренбек Өскенбайұлы бір мыңға жуық істі қараған. Бұл дегеніңіз бір мың адамның тағдырының шешілуіне жауапты болғанды білдіреді. Қазір адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іспен айналысуда. Күдікті Ресейге қашып, сол жақта қолға түскен. Адвокатқа алдағы уақытта бұл істе де әділдікке жетуін тілейміз!
Айдана ҚУАНЫШЕВА.
