Тәуелсіз Қазақстанның дамуында прокуратора органдарының алар орны ерекше. Бұл саланың өкілдері қоғамда заңдылықтың үстемдік құруын қадағалап, барлық қарым-қатынастың құқық аясында жүргізілуіне баса мән береді. Соның ішінде Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет пен оған қарасты департаменттер облыстың, тұтас елдің ішіндегі қылмыстық ахуалды саралап, заңға қайшы әрекеттердің алдын алу жұмыстарының басым бағыттарын белгілейді.

Қазақстан Тәуелсіз мемлекет болғаннан кейін прокуратураның құрылымы мен функциялары ішінара өзгерді, алайда оның қызметінің басты бағыты ел заңдарының сақталуын бақылау болып қала берді. 1991 жылы 6 желтоқсанда «Қазақ ССР прокуратура органдарының бірыңғай жүйесін құру, олардың дербестігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз ету туралы» қаулы қабылданды. Осы күннің құрметіне күнтізбеде жаңа мереке — Прокуратура күні пайда болды. Осы жылы прокуратура органдары өзінің 32 жылдығын мерекелеуде. Мемлекет басшысының 2022 жылғы 3 наурыздағы Жарлығымен Берік Ноғайұлы Асылов Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры болып тағайындалды. 2022 жылдың 5 қарашасында Қазақстанның тарихында алғаш рет ел Президенті «Прокуратура туралы» Конституциялық заңға қол қойды. Тарихқа шегініс жасасақ, еліміз егемендік алған соң саяси институттар құрылып, мемлекеттік мекемелердің жұмыс жүйесі қалыптаса бастады. Сол сияқты 1997 жылы ҚР Президентінің «Құқық қорғау органдарының жүйесін одан әрі жетілдіру туралы» Жарлығына сәйкес Бас прокуратура жанынан Құқықтық статистика және ақпарат орталығы құрылды. Сол арқылы құқықтық реформаның маңызды кезеңі аяқталып, тарихта алғаш рет құқықтық статистика қызметі қадағалаушы органның қарамағына берілді. Араға алты жыл салып бұл орталық Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті болып қайта құрылды. Бірінші төрағасы болып Бұлытбай Мамытұлы Мамытов тағайындалды. Барлық қазақстандық әйелдердің арасындағы бірінші болып 3-ші сыныпты Мемлекеттік әділет кеңесшісі шені Сәуле Мұханбедиақызы Айтпаеваға берілді. 2020 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Комитет Сәбит Нұрлыбайдың төралығымен жұмыс атқаруда.   Сол 1997 жылдан бастап аталмыш органның жұмысы жүйелене түсті. Бүгінде комитеттің ісі дамудың жаңа сатысына көтеріліп, барлық нормативтік-құқықтық талаптарға толығымен сай келіп отыр. Мұндағы ақпараттық-сараптамалық жұмыстың нәтижесінде мемлекеттік басқару жүйесіне өзгерістер енгізіп, ел ішінде заңнамалар мен құқықтық ережелердің сақталуын қадағалауға мүмкіндік бар. Биыл басқармаға департамент мәртебесінің берілуі қызметті одан әрі ширатты. Қысқасы, 26 жыл аралығында еліміздегі құқықтық статистика қалыптасқан мемлекеттік институтқа айналды. Бұл ретте Павлодар облысындағы құрылымның қалыптасу кезеңін тілге тиек етпеске болмайды. Алғашқы басшы – Михаил Максимович Тілеукеновтің жетекшілігі тұсында орталық ұжымы жиналып, іске кірісті. Сол кезде нақты бағыт-бағдар айқындалды. Михаил Максимовичтің орынбасарлары Болат Куватов пен Болат Мағзұмов қолғабыс жасап, бұрын болмаған жүйе жұмысының оң жолға қойылуы үшін еселі еңбек атқарды. Жаңа орталық жұмысының негізін қалауда тұрған азаматтардың тәжірибесі мен біліктілігі бүгінгі ісіміздің тірегі бола білді. Қазіргі таңда департаменттің қызметі елдегі, аймақтағы қылмыстық жағдайдың нақты көрінісін анықтау, оған баға беру және сол арқылы қылмыстық, басқа да құқық бұзушылық әрекеттердің алдын алуға бағытталған шараларды қабылдау негізінде атқарылады. Осы орайда еліміздегі кейбір жаңашылдықтар, пилоттық жобалар біздің облыста сәтті жүзеге асқанын атап өткен жөн. Мәселен, 2014 жылы қылмыстық құқық бұзушылықтарды тіркеудің жаңа тәртібін және сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізімін енгізуге қатысты қанатқақты жоба Ақсу қаласында ішкі істер бөлімінде сынақтан өтті. Сол кезде жаңа жүйенің тәжірибеде іске асу барысы бақыланып, соның негізінде кемшіліктерді анықтау, олқылықтардың орнын толтыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Бүгінде бұл жүйе тоқтаусыз, қиындықсыз жұмыс істейтін толық «механизмге» айналды. Сонымен қатар, «Цифрлық Қазақстан» жобасының щеңберінде Бас прокуратура, құқық қорғау және мемлекеттік органдармен бірлесіп, мемлекеттік аппарат қызметіне бірқатар цифрлық жобаларды сәтті енгізді. Бұл тарапта департаменттің бұрынғы басшылары М.Қ. Хамитовтың, Е.Е.Дюсекеновтың және қазіргі зейнеткерлер М.А.Ахметовтің, Ж.Д.Канкинның, С.Е.Сұңғатованың жасаған елеулі еңбектерін атап өту керек.  Қылмыстық және әкімшілік сот ісін жүргізу, тексерулер тағайындау, азаматтардың өтініштерін тіркеу процесі цифрландырылды. Бас прокуратурада құқық қорғау және басқа да уәкілетті мемле-кеттік органдардың қызметін цифрландыруға біздің Комитет жауап беретінін айта кеткен жөн. Бүгінгі таңда еліміздегі қылмыстық процесс толығымен цифрлық форматқа көшірілген. Барлық өтініштер «Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімі» ақпараттық жүйесінде электрондық түрде тіркеледі. Бұл ретте жүйеде бір мезгілде қылмыстық-құқықтық статистика қалыптастырылады. Айтылған пилоттық жобаны алғаш рет Павлодар облысы бойынша департамент жүзеге асырды. Одан басқа, комитет, атап айтқанда, Павлодар облыстық департаменті азаматтардың құқықтарын қорғау мақсатында күнделікті түрде жұмыстар жүргізуде. Әкімшілік-құқықтық статистика бойынша департамент 33 тұлғаның әкімшілік жауапкершілікке заңсыз тартылғанын анықтады. Жыл басынан жеке қабылдау бойынша 40–тан астам азаматқа түсініктемелер беріліп, тексерістерді тіркеу желісі бойынша департаментпен 14 тексерісті тіркеуден бас тартылды. Оның ішінде 6 тексеріс жеке кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты.  Қылмыстық құқықты қалыптастырудың есептік тіркеуден 80 жасырын құқық бұзушылық анықталып, есепке қойылды. Депармент мамандары осы іспетті істерді ойдағыдай жалғас-тыруда. Комитет әзірлеген жаңа жобаларды іске асыруға белсене қатысып, құқықтық статистика саласының одан әрі ілгерілей түсуіне сүбелі үлесін қосуда. Тәжірибе жинаған білікті қызметкерлер жас мамандармен бар білген-түйгенімен бөліседі. Өз кезегінде қатарға енді қосылған қызметкерлер сол сенім үдесінен шығуға тырысып, қолдан келгенше еңбек етеді. Прокуратура күні қарсаңында осы салада тынбай еңбек етіп жүрген барша әріптесімізді және барлық зейнеткерлерді кәсіби мерекемен құттықтаймыз! Кәсібиліктеріңіз шыңдалып, біліктіліктеріңіз артып, қызметтеріңіз нәтижелі болсын!

Мұрат ҚОЖАМҚҰЛОВ, 

Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінің бастығы.