Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев Еуразиялық одақ елдерінде есептен шығарылмаған көліктерді заңдастыру кейінге қалғанын мәлім етті.
«Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде есептен шығарылмаған автокөліктерді заңдастыруды кейінге қалдыру туралы шешім қабылданды. Алайда, басқа елде бұрынғы тіркелген жері бойынша олар есептен шығарылған жағдайда иелерін бастапқы тіркеуден өтуге немесе оларды кері әкетуге міндеттей отырып, 5 жыл мерзімге уақытша есепке қояды. Уақытша есепке қою кезінде Қазақстан Республикасының көлік құралын тіркеу туралы куәлігі және мемлекеттік нөмірлік белгілері берілетін болады», — деді ол. Қайсар Сұлтанбаев мұндай кезде тіркеу туралы куәлікте «уақытша есепке алу, иеліктен шығару және Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығу құқығынсыз» деген жазбалар көрсетілетінін түсіндірді. «Шетел автокөліктерінің тіркеу құжаттары мен мемлекеттік белгілері Мемлекеттік корпорацияға сақтауға тапсырылады. Қазақстан азаматтары аталған автокөліктерді елден тыс жерлерге әкетуге шешім қабылдаса, олар Қазақстан Республикасының тіркеу құжаттары мен мемлекеттік нөмірлерін тапсыруы керек. Содан кейін оларға шет мемлекеттің тіркеу құжаттары мен мемлекеттік нөмірлері қайтарылатын болады», — деді комитет төрағасы. Ал аталмыш авткөліктерді Қазақстан азаматтары Қазақстанда бастапқы тіркегісі келсе:
— алдымен, бұрынғы тіркелген елінде есептен шығарады;
— оларға 200 000 теңге мөлше-рінде бастапқы тіркеу үшін алым төлейді.
«Яғни, оларға заңдастыру шарттары қолданылады және утилизациялық алым төленбейді. Біз бұл жұмысты 17 шілдеден бастауды жоспарлап отырмыз. Қазір біз автокөліктерді уақытша есепке қою үшін тиісті сервисті пысықтап жатырмыз», — деді ол. Қазірде белгілісі, Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев 2022 жылдың 1 қыркүйегінен кейін әкелінген көліктерді заңдастыру мәселесі қарастырылмайтыны айтты. «2022 жылдың 1 қыркүйегінен кейін әкелінген көліктерге қатысты айтсақ, оларды заңдастыру мәселесі қарастырылмайтынын айтайын. Азаматтарға заңдастыру біржолғы сипатта болатыны ескертілді. Бұдан былай ел аумағында шетелдік автокөліктерді заңсыз әкелу мен пайдаланудың жолдарын болдырмау үшін шаралар қабылданады. Мәселен, ағымдағы жылдың 12 қаңтарынан бастап заңнамалық өзгерістерге сәйкес Қазақстан азаматтары шетелдік автокөліктеріне автосақтандыру шартын жасай алмайды», — деді комитет төрағасы. Айтуынша, Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекс бойынша міндетті сақтандырусыз көлік жүргінгендер 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл арқалайды. «Сондай-ақ, аталған жағдай-ларда полиция қызметкерлері автокөліктерді ұстап, оларды арнайы автотұрақтарға жеткізуге құқылы. Қазіргі уақытта ішкі істер министрлігі халық арасында тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізуде», — деді Қайсар Сұлтанбаев.
Өз тілшіміз.