Елдің біртұтастығы мен халықтың тыныштығын сақтауда Ұлттық ұлан жауынгерлерінің атқаратын рөлі ерекше. Темірдей тәртіпке бағынған олар күндіз-түні кірпік қақпай, жауынгерлік қызметте жүреді. Себебі Отан үшін адал қызмет ету үлкен жауапкершілік жүктейді.
Жуырда ҚР Ұлттық ұлан күніне орай облыс орталығындағы Әскери даңқ музейінде ерлік сабағы өтті. Қайсарлық пен батырлықты арқау еткен аталмыш шараға Ұлттық ұлан №5512 әскери бөлімінің жас сарбаздары қатысты. Мұражай қызметкері Мирас Сағындық Ұлттық ұланның ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлін атап өтіп, әскери бөлімнің тарихына қысқаша тоқталып өтті. Айтуынша, Ұлттық ұлан әскерилері аса маңызды мемлекеттік нысандарды, түзеу мекемелерін, стратегиялық мекемелерді күзетіп, қалалардағы қоғамдық тәртіпті сақтауға, террорлық, экстремистік жағдайлардың алдын алуға айрықша күш салып келеді. Бүгінде Ұлттық ұланға жаңа міндеттер — тосын жағдайлар туа қалған жағдайда шекара шебіндегі елді мекендерге көмек көрсету, табиғи, техногенді сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде шұғыл әрекет ете білу дағдылары да жүктеліп отыр.
— Биыл 10 қаңтарда Ішкі әскерлердің, қазіргі Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының құрылғанына 33 жыл толды. Тарихқа бет бұрсақ, КСРО ыдырағаннан кейін Қазақстан егеменді мемлекет құру жолына түсті. Қоғамдық қауіпсіздікті, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету үшін Президенттің 1992 жылғы 10 қаңтардағы Жарлығына сәйкес Қазақстан аумағында орналасқан КСРО ІІМ Ішкі әскерлерінің құрамалары мен бөлімдерінен Қазақстан Республикасының Ішкі әскерлері құрылды. Ал 2014 жылғы сәуірде Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі Ішкі әскерлері ішкі істер органдарының бірыңғай жүйесіне кіретін Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы болып қайта құрылды. Осы сәттен бастап 1992 жылғы 10 қаңтарда Қазақстан Ұлттық ұланының тарихы мен қызметтік-жауынгерлік қызметінің жаңа есебі басталды, — деді ол.
Сонымен қатар, шара барысында Әскери даңқ музейінің басшысы Талғат Адамов мерзімді әскери қызметкерлерге отаншылдық, патриоттық, адалдық, әділдік сынды адамдық асыл қасиеттерді ұштаудың жолын айтып, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мен қала тыныштығын сақтаудағы жұмыстарын аса жоғары жауапкершілікпен атқарып келе жатқан сарбаздарға ризашылығын білдірді. Ал ҚР Ұлттық ұланның №5512 әскери бөлімінің жедел мақсаттағы 1-батальон командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстары жөніндегі орынбасары, капитан Елдос Қабдрашитов бүгінгі таңда Ұлттық ұлан құрамасының саны ғана емес, сапасы да артып келе жатқанын айтып, сарбаздардың қоғамдық тәртіпті сақтауға, қылмыстарды жедел ашуға орай көрсетіп жатқан іс-қимыл әрекеттерін жоғары бағалады.
Жалпы, құқық қорғау әскерлерінің қалыптасуы мен даму тарихын үш кезеңге бөлуге болады. Бірінші кезең — 1992-2000 жылдарды қамтитын ішкі әскерлердің құрылуы мен қалыптасу кезеңі. Бұл жылдары әскерлер кеңестік кезеңнің ішкі әскерлерінен тәуелсіз Қазақстанның құқықтық тәртіп әскерлеріне көшудің күрделі жолынан өтті. Мәселен, 1994 жылы Жоғарғы Бас Қолбасшының тапсырмасымен ішкі әскерлерде ірі құрылымдық қайта құру жүргізіліп, әскерлердің басқарылуын арттыру үшін өзін толық ақтаған бригадалық жүйе құрылды. Сондай-ақ, 1996 жылы құқық тәртібі әскерлеріне әскери рәміздер, Ішкі әскерлердің Туы мен белгісі, кейіннен әскерлердің құрамалары мен бөлімдеріне жауынгерлік ту табыс етілді. Екінші кезең — ішкі әскерлерді реформалаудың бірінші бағдарламасының орындалуымен есте қалған 2000-2007 жылдар кезеңін қамтиды. Үшінші кезеңге әскерлердің даму тарихына кірген 2008-2020 жылдар кезеңін, оның тіршілік әрекетінің бүкіл саласын түбегейлі қайта құру жылдары ретінде жатқызуға болады. Олардың негізгілері әскерлерді басқару жүйесінің өзгеруі, әскерлердің жауынгерлік қабілеттілігін арттыру, халықаралық байланыстардың кеңеюі және ішкі әскерлердің Ұлттық ұланға айналуы болып табылады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық ұланды «Нағыз ерлік пен патриотизм мектебі» деп атап, жоғары баға берді. Ішкі шебімізді қайтпас қайсарлықпен күзететін күштердің бірі – Ұлттық ұлан әрқашан қылмысқа қатаң тосқауыл қоюға, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, елдегі тиісті құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті сақтауға және қамтамасыз етуге қабілетті, қуатты мемлекеттік жүйе ретінде әрекет етіп келеді.
Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.
А.МҰҚЫШЕВ.