Полиция қызметінің династиясы! Әке жолын жалғастыру! Бұл – ұрпақты отаншылдық, парыз бен адамгершілік бағы-тында тәрбиелеу жолы. Мұндай отбасындағы балалар ата-анадан тәлім алып, мейірім шуағын сезініп, еңбекке деген көзқарасы мен адалдығы олардың бойына ерте бастан қалыптасатыны айқын. Мұны отбасы құндылығы десек, артық айтқандық болмас
Дәл осындай ұрпақтар сабақтастығы мен жалғастығы Павлодар станциясындағы желілік полиция бөлімінің криминалдық полиция бөлімшесінің аға жедел уәкілі полиция аға лейтенанты Айдарханов Жанболат Манасұлының отбасында сақталған. Жанболаттың әкесі Айдарханов Манас Мәжитұлы ішкі істер органдарында 20 жылдай абыроймен қызмет атқарған азамат. Бұл саладағы еңбек жолын учаскелік полиция инспекторы лауазымынан бастап, кейін 1997-1998 жылдары Қашыр аудандық ішкі істер бөлімінде тергеу комитетінде жедел уәкіл болып жұмыс істеді. Содан кейін Шарбақты аудандық ішкі істер бөліміне аға жедел уәкіл болып ауысады да, 2010 жылы сол жерден полиция майоры шенінде құрметті демалысқа шыққан. Манас Мәжитұлының еңбек жолын бұл күндері ұлы Жанболат абыроймен жалғастырып келеді.
Жанболат Манасұлы — 1989 жылы 20 мамырда Павлодар облысының Шарбақты ауданында дүниеге келген. Ол бала кезінен сергек, спортқа бейім болып өсті, еркін күреспен айналысты. Отан алдындағы әскери борышын Ақтау қаласында өтеп, бөлініс командирі болды. Жанболат ішкі істер органындағы қызметін 2009 жылы Шарбақты ауданының ішкі істер бөлімінде полицей лауазымынан бастады. Ал 2014 жылы Павлодар станциясындағы желілік полиция бөліміне патрульдік полиция тобының полиция қызметіне ауысты. Еңбек ете жүріп, Қарағанды экономика университетінің заң факультетін сырттай оқып бітірді. 2021 жылдың ақпан айынан бері көші-қон қызметінің инспекторы болып қызмет атқарып келеді.
— Осы мамандықты таңдауыма әкем себепкер болды. Әкемнің полиция формасындағы бейнесі мені қызықтыратын. Сондықтан өскенде әкем секілді полицей болғым келді. Ізін жалғастыруды армандадым. Маған әке жолы — үлгі-өнеге, — дейді Ж.Айдарханов.
Әрине, еліміздің ішкі істер органдарында бірнеше буын ұрпақ ата жолын жалғастырып, отбасы құндылығын көздің қарашығындай сақтап келе жатқан өнегелі әулеттер аз емес. Солардың бірі – Айдархановтар отбасы.
Д.ҚАНАПИЯНОВ, Павлодар станциясындағы желілік полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі.