Биыл еліміздің басты құжаты — Ата заңымыздың қабылданғанына тура 30 жыл толып отыр. Біздің бүгінгі әр күніміз «Еліміздің басты құндылығы – адам және оның өмірі, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары» деп басталатын осы Конституциямен өріледі. Яғни, әр қазақстандықтан асқан қазына жоқ. Елдегі барлық заңның бастауы да – осы құжат.
Тарихқа үңілер болсақ, Конституцияның алғашқы кезеңі сонау кеңестік уақыттан басталады. 1978 жылы қабылданған Қазақ КСР Конституциясы еліміз тәуелсіздік алғанға дейін қоғам өмірін реттеді. Ал еліміз егемендік алған соң, 1993 жылдың 28 қаңтарында Жоғарғы Кеңес Қазақстан Республикасының алғашқы Конституциясын қабылдады. Онда мемлекеттің тәуелсіздігі, биліктің бөліну принципі, адам құқықтарының басымдығы бекітілді. Бұл уақытта Қазақстан үлкен саяси, әлеуметтік және экономикалық өзгерістерге бет бұрды. Алғашқы Конституция дамудың, міндет-меженің кейбір бағыттарына сәйкес келмейтіні байқалды. Анығын айтқанда, ірі өзгерістерге толық жауап бере алмайтыны білінді. Сондықтан, 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум өтіп, халықтың еркін білдірген жаңа Конституция қабылданды. Сөйтіп, Қазақстан Республикасын демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет деп жариялаған, 9 бөлім мен 99 баптан тұратын жаңа Ата заң күшіне енді. Кейін заман ағымы мен уақыт талабына қарай 1998, 2007, 2011, 2017 және 2019 жылдары Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Ал ең ірі өзгерістер осыдан үш жыл бұрын қарастырылды. Сол тұста осыдан 30 жыл бұрынғыдай бүкілхалықтық референдум өтіп, халықтың басым бөлігінің қолдауымен 33 бап өзгерді. Соған сәйкес, суперпрезиденттік басқару үлгісінен президенттік республикаға түбегейлі көшу, бірқатар билік өкілеттігін қайта бөлу, Парламенттің рөлін күшейтіп, мәртебесін арттыру, елді басқару ісіне халықтың қатысу мүмкіндігін кеңейту және азаматтардың құқықтарын қорғау тәсілдерін жетілдіруге қатысты өзгерістер қарастырылды.
— Біз Конституциямызда жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі екенін нақты көрсеттік. Осы норманың арқасында «Ұлттық қор – балаларға» атты ауқымды бағдарламаны қолға алдық. Ұлттың ұлылығы әрбір отбасының, әрбір азаматтың әл-ауқатынан көрінеді. Сондықтан ел экономикасы, ең алдымен, халықтың мүддесі мен игілігі үшін жұмыс істеуі қажет, – деген еді Мемлекет басшысы.
Осыдан-ақ соңғы өзгерістердің халықтың әл-ауқатын арттыруға, мемлекеттің жағдайын жақсартуға бағытталғанын анық аңғаруға болады. Сол арқылы «Жаңа Қазақстанды» құруға қарышты қадам жасалды. Соңғы реформа елді жаңғыртуға, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуге, халықтың шешім қабылдауға қатысуын күшейтуге бағытталған. Тарқатып айтар болсақ, Президенттік өкілеттілік шектеліп, Мемлекет басшысы қандай да бір саяси партияда болмайтыны нақтыланды. Жақын туыстары мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік секторда басшылық қызмет атқара алмайтыны да айтылды. Ал президенттік өкілеттілік мерзім жеті жылмен шектеліп, қайта сайлану құқығы алынып тасталды. Бұл жаңашылдықтар суперпрезиденттік басқарудан күшті Парламенті бар президенттік жүйеге көшуге негіз болды.
Парламент демекші, Мәжіліс пен мәслихат депутаттары аралас сайлау жүйесімен сайланатын болды. Атап айтқанда, құрамның 70 пайызы партиялық тізім бойынша өтсе, 30 пайызы бірмандаттық округ аясында тікелей сайланады. Көпшілік мұндай жүйенің тиімділігін алға тартады. Себебі Мәжіліс депутаттарының көптің көкейінде жүрген күрмеулі мәселелерді жиі көтеретіні байқалады. Ал жергілікті жердегі депутаттар бұрынғыдан анағұрлым ашық болып, бұқарамен байланысқа ерекше мән бере бастады. Бүгінде сайлаушылардың басым бөлігі өз округінің депутаттарын жақсы біледі. Қоғамға ортақ мәселелерімен де емін-еркін жүгіне алады.
Белгілі саяси сарапшы, заңгер Әлімжан Жұбатқанов Конституция еліміздің тәуелсіздігін, бірлігін, тұрақтылығын қамтамасыз ететін басты құжат екенін алға тартады.
— 2022 жылғы реформалар Конституцияны заманауи талаптарға бейімдеп, демократиялық қағидаттарды күшейтті. Ата Заң – әр азаматтың құқығы мен бостандығының қорғаушысы, билік пен халық арасындағы сенімнің заңды кепілі, әділетті, тыңдай білетін, жаңа Қазақстанның негізі. Конститу-ция – тек құқықтық құжат емес, ол – елдіктің елжанды айнасы, халықтың үні мен болашаққа берген анты, – дейді Әлімжан Жұбатқанов.
Иә, Ата Заң құжат жүзіндегі емес, халық санасындағы заңға айналғанда өміршең бола түспек. Олай болса, еліміздің басты құжатын тереңінен біліп, оның әр тармағын санаға құйып, соған сәйкес әрекет етуге тырысайық!
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.