Павлодар облысы полиция департаментінде Ішкі істер министрлігі тергеу департаментінің бастығы Мұхтар Қожаевтың басшылығымен 2025 жылдың қорытындысы және алдағы кезеңге арналған міндеттер бойынша жедел жиын өтті.
Өңіріміздің қоғамдық орындарында қылмыс деңгейінің тұрақты төмендеу көрсеткіші байқалған. Жыл басынан бері тонау, бопсалау, ұрлық және зорлау сияқты санаттар бойынша құқық бұзушылықтар саны азайған. Бұған қоса, мас күйінде жасалған қылмыстар мен отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтардың төмендеуі байқалған. Бұл полиция қызметкерлерінің тұрақты алдын алу жұмыстарын жүргізуінің де жемісі болуы мүмкін.
Әлбетте қала көшелеріндегі бейнебақылау жүйелері кеңінен қолданылғандықтан жұмыс анағұрлым оңтайландырылған. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, полиция қызметкерлері «Заң мен тәртіп» қағидатын, құқық бұзушыларға «нөлдік төзімділік» саясатын іске асыруды жалғастыруда. Олар құқық бұзушылыққа бейім азаматтармен мекенжайлық профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, өңірдегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша барлық шараларды қабылдауда.
Алайда, ескертулерге құлақ аспайтын көлік тізгініндегілердің салдарынан оқыс оқиғалар қатары саябырламай тұр. Өткен жылы 1151 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Олардың көбі — республикалық маңызы бар автожолдарда, мас күйінде көлік жүргізу және кәмелет жасқа толмағандардың қатысуымен болған апаттар. 2025 жылғы дерек бойынша мас күйінде ұсталған 1573 азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Алдағы жылы да осы бағыттағы құқық бұзушылықтар қатаң қадағаланатын болады.
Жедел кеңестің соңында полиция департаментінің бастығы Василий Скляр қойылған барлық міндеттердің тиісті деңгейде орындалатынын атап өтті.
Сара АВДОЛ.
