Жергілікті тұрғындар атқарушы билік ширата қоймаған шаруаны өкілетті билік өкілдері тындырып беретініне кәміл сеніп, оларды  арқа тұтатыны — шындық. Депутаттар өз кезегінде сайлаушыларының сенімін ақтауға барын салып, шиеленіскен мәселені шешудің жолдарын іздеуден жаңылмайды. Осындай түйткілді істердің түйінін тарқатуға атсалысып жүрген жандардың бірі — облыстық мәслихат депутаты Нағимаш Жүсіповамен сұхбаттасқан едік.

— Нағимаш Ғарифоллақызы, облыстық мәслихат депутаты ретінде қандай мәселелерге баса назар аударасыз?

— VIII шақырылымда мәслихат депутаттары қызметіне өзгерістер енгізілді. Бұрын депутаттар қандай тұрақты комиссия құрамында болса, сол комиссияға қатысты мәселені ғана қарастырушы еді. Қазір барлық комиссияға қатысуға құқымыз бар. Сондықтан барлық мәселеге барынша мән береміз. Аққулы, Шарбақты аудандарынан депутат болып сайланғандықтан, сайлаушыларымның, жалпы облыс тұрғындарының сенімін ақтау үшін еңбек етіп жүрген жайым бар.

— Сайлаушыларыңыздың тарапынан түсетін сұрақтардың дені қандай мәселеге қатысты?

Қазіргі таңда тұрғындар тарапынан медицина саласына қатысты мәселелер жиі көтеріледі. Әсіресе, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға қатысты сұрақтар өте көп. Сондай-ақ, уақытылы дәрі-дәрмек алуда кедергілер кездеседі, бейінді дәрігерге жазылу немесе емделу үшін порталға қоюға ұзақ уақыт күтуге тура келеді, ауруханаға жату үшін көп анализ тапсыру керек, мамандардың тапшылығы – бұның барлығы уақытылы сапалы медициналық қызмет алуға кері әсерін тигізеді. Тұрғындардың осындай әлеуметтік мәселелерін шешуге атсалысудамыз. Бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің қатарында пәтер кезегін күтіп отырған мұқтаж жандар көптігін айтуға болады. Кейбіреуі кезегін ұзақ күтуге тура келіп отырғанына қынжылса, тағы бірі пәтерді заңдастыруға мүмкіндік жоғын айтып қапаланады. Мәселен, қатерлі ісікке шалдыққан науқасқа 2 жұмыс тобы берілген. Миында ісігі бар адам қалайша жұмыс істеуі мүмкін?! Енді бірде 14 жыл кезекте тұрған мүгедекке сатып алу құқығынсыз 1 бөлмелі пәтер бөлінген. Қаншама уақыт күткен пәтерді бергенде, оны сатып алу мүмкіндігі де қарастырылған жөн деп ойлаймын. Қазіргі таңда жер мәселесі де өткір тұр. Ірі кәсіпкерлер бос жерлерді бөліп алғандықтан, қазір қарапайым тұрғындардың малын жаюға қажетті жайылым тар, қысқы мал азығын дайындайтын шабындық жерлер жоқтың қасы. Бұл өз кезегінде жастардың кәсіп бастап, ауылға тұрақтауына да кедергі келтіріп отыр. Жалпы, ауылдардың болашағы үшін жастарды барынша ауылға тарту жолдарын ойластыру қажет.

— Жалпы, депутаттық қызмет барысында шешімін тапқан мәселелер, нәтижелі жұмыс-тарыңызға тоқталып өтсеңіз…

— Депутаттық қызмет бабында ірілі-ұсақты мәселелер жиі кездеседі. Түйінді істердің күрмеуін шешуге септігімізді тигізіп, халықтың алғысына бөленгенге не жетсін! Депутат ретінде ауылдық округтің жедел жәрдем тапшылығы мәселесін шешіп, мектептерге толық күрделі жөндеу жасатып, ғимарат маңын абаттандыру, т.б. жұмыстардың ойдағыдай жүзеге асуына ықпал еттім.  «Қыс – қыр астында» демекші, Павлодар қаласының жылу-электр орталығына барып қайттым. Онда күрделі жөндеу жасалып жатыр. Ыстық су, жылуды уақытылы береміз деп уәде берді. Жылыбұлақ ауылдық округінің Хмельницкий ауылының тұрғындары жаз болса, су болмай, шулайтын. Ауылға 70 млн
теңгеге су мұнарасын салғызуға қол ұшын бердім. Биыл бұрынғы су мұнарасын жөндейтін болды. Өтінішімді қолдап, жаңадан су мұнарасын салуға ықпал еткен облыс әкімі Асайын Қуандықұлы Байхановқа рахмет.

— Тұрақты комиссиялар отырыстарында атқарған жұмыстарға тоқталып өтсеңіз…

— Облыстық мәслихаттың білім, денсаулық сақтау, мәдениет және әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының мүшесімін. Облыстың білім беру ұйымдарында, яғни мектепке дейінгі, мектеп, қосымша білім беру ұйымдарында білім мен тәрбие сапасы, балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі үнемі назарда. Облыстық мәслихаттың аграрлық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясын отырыстарында облыстың ауылдық елді мекендеріндегі сумен жабдықтау нысандарының жағдайы, тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуді жақсарту шаралары және жер ресурстарын пайдалану мәселелері қаралса, құрылыс, өнеркәсіп және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияда облыстағы нысандар құрылысының сапасы қадағаланады.

— Халық өзіңізге сенім артып, депутат етіп сайлаған Шарбақты, Аққулы аудандарында қандай жұмыстар атқарылуда?

— Хмельницкий ауылының кіре беріс және ішкі жолдарының сапасымен, орта білім беру мектебі, спорт сауықтыру кешенінің жұмысымен, Сахновка ауылының кіре беріс жолдарынының сапасымен, Сахновка және Малиновка ауылдарының су құбыр жұмыстарымен, Галкино ауылындағы спорт сауықтыру кешенінің құрылысымен, Жаңа ауылдың ішкі жолдары мен орта білім беру мектебінің жұмыстарымен танысып қайттық. Құрылыс сапасына байланысты бірқатар сын ескертпелер болды. Әсіресе, бас мердігерлер «ГрадСтройСервис» пен «Иман» ЖШС-ның жұмыстарына қатысты сын көп. Құрылыс созбаққа салынды. Аудан әкімдігі мен тапсырыс беруші мекеме, аудандық білім бөліміне аталған мердігерлерге байланысты тиісті шара қолдану туралы ұсыныс жасалды. Аққулы ауданында да бірқатар жұмыстар атқарылуда. Мәселен, Тілектес ауылына кіреберістегі жолға орташа жөндеу жүргізілді. Ал Қызылқоғам ауылында сумен жабдықтау жүйесі салынуда. Аудандық маңызы бар Қарақала-Қазы-Баймолдин тас жолының бүлінген учаскесі жөнделді. Жамбыл
орта мектебіне күрделі жөндеу жүргізілді. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында оған 247,6 млн теңге бөлініп, жұмысты мердігер «ГрадСтройСервис» ЖШС жүзеге асырды. Аққулы ауылында магист-ральді су құбыры тартылды. Әріптестеріммен бірге осындай ауқымды жұмыстардың сапалы орындалып, қаражаттың мақсатты жұмсалуын қадағалаймыз.

— Азаматтарды жеке қабылдау барысында қандай сауалдар жиі түседі?

— Әр депутат өзіне үміт артқан сайлаушылардың сенімін ақтауы – парыз. Сондықтан түскен сұрақтарға барынша жауап беріп, тұрғындарға мүмкіндігінше қол ұшын беруге тырысамыз. Азаматтарды қабылдау барысында тұрғында түрлі арыз-шағымдарын арқалап келеді. Бірде денсаулық жағдайына байланысты мүгедектік ала алмау, еңбекке жарамсыз адамдарға мәртебесін анықтау бойынша сұрақтар туындады. Азаматтарды жеке қабылдау барысында облыстың еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті департаментінің басшысы Е.Губарев, облыстың денсаулық сақтау басқармасы, облыстың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқар-масы өкілдері мәселеге қатысты түсініктеме берді. Осы сұрақ егжей-тегжейлі зерттеліп, ҚР Парламенті Сенатына депутаттық сауал жіберу туралы шешім қабылданды. Жалпы шешілген мәселеден қордаланған мәселелер көп. Атап айтқанда, облыста зиянды өндіріс қызметкерлерінің зейнеткерлік жасын қысқарту, өрт жағдайындағы арнайы техникалардың жетіспеушілігі мен өрт сөндірушілердің жалақысын арттыру, МӘМС мәселесі, Олимпиадалық емес спорт түрлерін қолдау сынды маңызды істер бар. Биыл құрғақшылық салдарынан еккен егінінен өнім жинай алмаған шаруалар тығырыққа тірелді. Олар су проблемасы, жанар-жағармай тапшылығы, фермерлік несие алу, ауылшаруашылық техникасы паркін жаңартуға байланысты т.б. қолдауды қажет етеді.

— Ауылдың тұрмысын жақсарту бағытында атқарылған жұмыстарға көңіліңіз тола ма?

— Ауылдарда атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында салынғалы күрделі жөндеу көрмеген ескі ғимараттар қалпына келтірілуде. Көптеген мектептер жөнделіп, спорттық кешендер бой көтеріп, жолдар салынып жатыр. Облыс әкімдігі аудан, ауылдарға мектеп, ауру-ханаларға қызметтік көліктер берді. Құрылыс нысандарының сапа-
сын ауылдың ішінен құрылған комиссиямен бірігіп тексеріп отырамыз. Тендерді өз аймағымыздан емес, басқа өңірлерден ұтып алған мердігерлер бірнеше нысанның жөндеу жұмысын қатар алып, жұмысшылары жетіспегендіктен, жобаларды уақытында тапсырмай кешіктіреді. Кейбір жобалаушылар «сметада көрсетілмеген» деген сылтаумен жобаны дұрыс жасамай, жұмыстың межелі уақытта аяқталуына кедергі келтірген жағдайлар да кездеседі. Алдағы уақытта осындай олқылықтардың орнын толтыру қажет.

— Ауыл тұрғындары мемлекет берген мүмкіндікті қанша-лықты пайдалануда?   

— Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдағы өмір сүру деңгейіне басымдық беріп отыр. Алдағы жылдары «Ауыл аманаты» бағдарламасына ауыл тұрғын-дарының табысын арттыруға 1 трлн теңге бөлінеді. Бұл жобаны жүзеге асыру ауыл шаруашылығында 350 мыңнан астам сапалы жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Халықтың табысын арттыру бағдарламасы аясында 2029 жылға дейін «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асырылады. Бұл жобаны іске асыруға Павлодар облыстық мәслихатының депутаттары да өз үлестерін қосуда. Ауыл аймақтарда «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша облыс тұрғындарымен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, шағын несие беру шарттарын, мерзімін түсіндіру жұмыстарын өткіземіз. Тұрғындар аймақтық әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация арқылы бизнесті дамыту үшін кәсіпкерліктің басым бағыттарымен танысып, берілген мүмкіндіктерді пайдалануға ниетті.

– Еліміздің болашағы – жастардың қолында деп жиі айтылады. Жарқын болашақтын кілті неде деп ойлайсыз?

— Жарқын болашақтың кілті – білімде. Балалар балабақшадан бастап жақсы тәлім-тәрбие алып, мектеп қабырғасында сапалы білім алуы қажет. Мені балалардың жеңіл ақша табуға бейімделіп кеткені қынжылтады.  жастардың есірткіге бейімділігі алаңдатады. Бұл ретте, мектеп мұғалімдері мен ата-аналар арасында тығыз байланыс болуы керек деп білемін. Үйде ата-аналар балаларының тәрбиесіне баса назар аударып, мектепте мұғалім оқушылардың тәртібін қатаң қадағалап, сапалы білім берсе, оқушылар жақсы азаматтар болып тәрбиеленіп шығады. Жоғары оқу орындарында алған білімдерін шыңдай түсіп, таңдаған кәсібінің майталманы болып шығуы маңызды. Жас мамандарға алғашқы жұмыс орнында барынша қолдау көрсетіліп, мол тәжірибе жинақтауына мүмкіндік берілсе, жастардың болашағы жарқын болмақ. Таяуда Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық универ-ситетінде 21 талапкерге «Қазақстан халқына» қорының гранттары, 41 талапкерге университет гранттары берілді. «Қазақстан халқына» қорының гранттары толықтай аз қамтамасыз етілген отбасылардан шыққан балаларға берілсе, университет грантына талантты жастар ие болды. Атап айтқанда «Алтын белгі» иегерлері, спорттық сайыстардың жүлдегерлері мен жеңімпаздары және пәндік олимпиадалардың жүлдегерлері мен жеңімпаздары бар. «Қазақстан халқына» қорының гранты бойынша студенттерге 40 мың теңге көлемінде шәкіртақы беріледі. Аталған гранттар Павлодар облысымен қатар көршілес аймақтардан келген талапкерлерге берілген. Жастар осындай мүмкіндіктерді пайдалануы тиіс.

— «Мейірім құшағы» әйелдер, балалар және отбасы істері жөніндегі комиссияның Павлодар облысы бойынша төрағасы ретінде алдағы жұмыс жоспарыңызбен бөліссеңіз…

— «Ауыл» халықтық-демокра-тиялық патриоттық партиясының төрағасы Әли Бектаевтың бастамасымен көптеген жұмыс атқа-рылуда. «Мейірім құшағы» жобасы да партияның алға қойған мақсат-міндеттерін жүзеге асыруға ықпал етпек. «Ауыл» партиясы жанынан құрылған «Мейірім құшағы»  консультативтік-кеңесші орган мүше-лері қоғамдағы өзекті мәселелердің шешілуіне өз үлесін қоспақ. Алдағы уақытта осы бағытта ауқымды жұмыстар жоспарланып отыр. Биыл 3 қазанда республикалық кеңес өтпек. Жоба ауыл әйелдердің саяси көшбасшылығын ілгерілету, отбасы институтын нығайту үшін ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттау, ұлттық тәрбие ұлағатын сақтап қалу, сонымен қатар отбасы, әйел мен бала құқықтарын қорғауға бағытталған. Жалпы, отбасылық құндылықтар мен ұлттық тәрбие ауылдан бастау алады. Мықты әйелдердің басым көпшілігі ауылдан шыққан. Ел руханиятының өзегі болып саналатын ауылдың әлеуетін барынша тиімді пайдалану керек. Халқымыздың 52 пайызын әйелдер қауымы құрайды. Сондай-ақ елімізде 500 мыңнан астам көп балалы отбасы бар. Көп балалы аналардың басым бөлігі ауылда тұрады, сондықтан бұл мәселе әрдайым «Ауыл» партиясының назарында. Өкінішке қарай, елімізде қазір ажырасу көп, ал әйелдер мен балаларға қарсы зорлық-зомбылық фактілері күн сайын естиміз. Осының барлығы қоғамда отбасылық және ұлттық құнды-лықтардың әлсірегенін көрсе-
теді. Комиссия отырысында отбасы, әйел мен бала құқықтарын қорғау бойынша айтылған ұсыныстардың барлығы атқарушы билік ұйымдарына жолданады.

– Нағимаш Ғарифоллақызы, әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбатты жүргізген – Торғын ОРАЗАЛЫ