Кеше «Достық үйінде» облыстық қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Жиында облыс әкімі Асайын Байханов, облыстық мәслихаттың төрағасы Илья Теренченко, облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Нұрлан Нәбиев өткен жылға есеп беріп, биылғы жоспарларымен бөлісті.

 

Аймақ басшысы А.Байханов ауыл шаруашылығынан басқа барлық макрокөрсеткіштер оң болғанын, өңірімізге 956 млрд инвестиция тартылғанын атап өтті. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 20 пайызға көп. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент жеке инвестиция тарту мәселесін өңір басшыларына тапсырған еді. Осы ретте, облыс әкімі қазіргі таңда жалпы құны 2 трлн теңге болатын 127 инвестжобаның пулы түзілгенін мәлім етті. Биыл суармалы алқапты 10 мың гектарға ұлғайтып, 170 мың гектарға жеткізу көзделген. Өткен жылы облыста 30 мың жұмыс орны құрылды. Оның үштен екісі – тұрақты жұмыс орындары, деді аймақ басшысы. Облыс әкімі былтыр аймақта орташа жалақы 20 пайызға артқанын атап өтті. Дегенмен, жұмыс істеп жүрген азаматтардың 10 пайызы әлі орташа жалақының жартысын да алмайтынын алға тартып, құзырлы басқармаға олардың табысын арттырудың нақты жоспарын бір айда жасауды тапсырды. Жалпы, былтыр әлеуметтік міндеттемелер толық орындалды. Инфрақұрылымды дамыту мәселесі де сөз болды. Өткен жылы өңірде жылу орталықтарының 40 негізгі агрегаты жөнделсе, биыл тағы 35-і жөнделеді. Оған станция иелері қаражатынан 64,3 млрд теңге қарастырылған. Қоғамдық көліктерді жаңарту биыл да жалғасын таппақ. Екі жылда 70 трамвай сатып алынбақ. 40 трамвай биыл, қалғаны келесі жылы жеткізілмек. Павлодардағы әуежай жаңарады. Сағатына 400 жолаушы қабылдауға қауқарлы болмақ. Теміржол вокзалы да ағымдағы жылы жаңа кейіпке енеді. Ауылдарды ауызсумен қамту үздіксіз жүрмек. Былтыр 44 ауылға құбыр тартылған. Алдағы жылдары 7 ауылға су құбыры салынса, ауылдық елді мекендерді таза ауызсумен қамту мәселесі толық шешілмек.

Облыс басшысы блоктық бюджет енгізуге мән берілетінін айтты. Биыл облыстық бюджеттен аудандарға 7,7 млрд теңге аталмыш бюджет аясында бөлініп отыр. Оған биліктің халықпен кездесулерінде көтерілген 200-ден астам жобаны іске асыру көзделуде. Жалпы, кез келген жобаны іске асыруда депутаттар мен қоғамдық кеңес мүшелерінің қолдауының маңызы зор екенін айтты. Яғни, әрдайым ортақ мәселеде ой қосып, бірлесе шешуге әр тарап мүдделі.

Илья Теренченко облыстық мәслихаттың өткен жылы атқарған жұмыстарына тоқталды. 8-шақырылым депутаттары 174 депутаттық сауал жолдап, халықтың талап-тілегін орындауға күш салған. 338 адам жеке қабылдауға келіп, халық қалаулыларының көмегіне жүгінген. Сонымен қатар, депутаттардың біліктілігін арттыруға көңіл бөлінуде.

Н.Нәбиев қоғамдық кеңестің атқарған жұмысын баяндады. Бір жылда кеңес мүшелері жылыту маусымына дайындық, есірткі бизнесімен күрес, ауыл шаруашылығын дамыту, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, экологиялық мәселелерді талқыға салған. Қажет кезінде құзырлы органдарға қозғау салып, жағдайдың оңалуына ықпал еткен.

Есептерден кейін кеңес мүшелері аймақ тұрғындарын толғандыратын түйткілдерді тілге тиек етті. Мәселен, С.Әбдраманова Ертіс ауданында Амангелді ауылына апаратын жолдың жоқтығын көтерді. Облыс әкімі 14 шақырымдық жол құрылысына республикалық бюджеттен 4,1 млрд теңге қарастырылғанын, оның 2,1 млрд теңгесі биыл кәдеге жаратылатынын мәлім етті. Келесі жылы жол толық салынып бітпек. Ал Г.Наурызбаева Атығай ауылына мектеп салу қажеттігін алға тартты. 170 оқушы балабақша ғимаратында қысылып білім алуға мәжбүр, деді. Аймақ басшысы бұл ахуалмен таныс екенін, демеушілер қаражатынан білім ордасын салу ойластырылып жатқанын айтты. Сонымен қатар, кеңес мүшелерінің бірі Ертіс өзені арқылы өтетін көпір құрылысының жайын сұрады. А.Байхановтың айтуынша, жобаға 38 млрд теңге қарастырылуда, «Қазавтожол» республикалық компаниясы жауапты. 39 айға жоспарланған. Биыл сәуір айында құрылысы басталмақ. Ағымдағы жылға 15 млрд теңге бөлініп отыр. Ескеретіні, ескі көпір де қолданыста бола береді. Ол арқылы жеңіл көліктер мен жаяу жүргіншілер қатынайды.  Кейін жөндеу көзделген.

Екібастұздағы балалар шығармашылығы орталығы мен Шахтер саябағына қатысты да сұрақ қойылды. Өңір басшысы Президенттің тапсырмасымен қолға алынған орталық құрылысы былтыр басталғанын мәлім етті. 8 мың шаршы метрді алатын алып нысанның құрылысына демеушілер 5,8 млрд теңге бөлген. Мұнда 250 бала қосымша біліммен қамтылады деп күтілуде. Ал аумағы жағынан аймағымыздағы ең үлкен Шахтер саябағының жобалық-сметалық құжаты – мемлекеттік сараптамада. Облыс қазынасынан қаржы қарастырылған. Биыл құрылысы басталса, келесі жылы аяқталмақ. Жиында туристік саланың аяқалысы да айтылды. Облыс әкімі бұл сала бірнеше бағытта дамытылмақ. Яғни, көрермен, қатысушылар көп жинайтын ойын-сауықтық шараларға басымдық беріледі. Мәселен, мұздағы көліктер жарысы, ұлттық ойынымыз – Көкпарды көптеп ұйымдас-тыру жоспарлануда. Сакралдық туризмді де өрістету ойда бар. Екібастұзда өнеркәсіптік туризм қолға алынбақ. Мысалы, биіктен әлемдегі ең үлкен ашық әдіспен көпір өндірілетін кеніштің көрінісін көруге келушілерге жағдай жасалмақ. Баянауылда Жасыбай көліне түсетін жүктемені азайту үшін Сабындыкөл жағасын абаттандыру биыл да жалғаспақ.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

Суретті түсірген – Есенжол Исабек.