Ағымдағы жылдың алғашқы тоғыз айының қорытындысы бойынша аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен базалық макро көрсеткіштерінде алға басу байқалады. Дегенмен де, кейбір салада индикаторлар толық орындалмағаны белгілі болды. Сондай-ақ, өңірде халықты жұмыспен қамту ісіне баса мән берілгенімен, облыстық білім беру және өзге де бірқатар басқарма жобаларының көрсеткіштері төмендеп кеткен. Оған не себеп? Бұл мәселелер аппараттық жиында талқыланды.
Күш салу қажет
Аймақ басшысы Асайын Байхановтың төрағалық етуімен өткен алқалы жиында алдымен әлеуметтік-экономикалық салада атқарылған жұмыс жайы сөз болды. Бұл жөнінде баяндаған облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ирина Назарчук осы жылдың тоғыз айында салада оң динамика байқалғанын атап өтті.
— Бүгінде өңір экономикасына 708,9 млрд теңге инвестиция тартылып, өсу қарқыны 127,8%-ды құрады. Жалпы, 2,5 трлн теңгенің өнеркәсіп өнімі өндіріліп, өңдеу секторында 8,1% өсімге қол жетті. Атап айтқанда, тау-кен өндірісі 94,7%, электрмен жабдықтау 96,5%, сумен жабдықтау-88,5%, ауыл шаруа-шылығы саласының көлемі 12,7%, өсімдік шаруашылығы 122,8%, мал шаруа-шылығы 102,4%, көлік секторында қызмет көрсету көлемі 6,3%, байланыс саласы 10%-ға ұлғайды. Сонымен қатар, құрылыс жұмыстарының көлемі 256,3 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,8%-ға артық.
Нәтижесінде, 238 мың шаршы метр тұрғын үй салынды. Ал ішкі сауда 12%-ға артып, 1,1 трлн теңгеге жетті, — деді басқарма басшысы. Сондай-ақ, ол осы салада жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанымен, кейбір көрсеткіштер көңіл көншітпейтінін де алға тартты. Облыс әкімі Асайын Байханов мұндай олқылыққа жол бермеу керектігін ескертті.
— Жылдың аяқталуына небары 2,5 ай ғана қалды. Макро көрсеткіштерді орындау үшін барлық ресурсты жұмылдыру қажет. Біздің міндетіміз — экономиканың өсу қарқынын сақтап тұру. Сондықтан экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы тұрақты түрде макро көрсеткіштерге мониторинг жүргізсін. Салалық басқармалар мен қала-аудан әкімдері барлық макро көрсеткіштің оң динамикасын қамтамасыз етсін, — деді өңір басшысы.
Алқалы жиында аймақ бюджетінің орындалу барысы да талқыланды. Бұл жөнінде баяндаған облыстық қаржы басқармасының басшысы Жеңіс Шақатов осы жылдың 1 қазанына дейінгі жағдай бойынша облыс қазынасының кірісі 266 млрд теңгені құрағанын айтып, өткен жылмен салыстырғанда өсім 115,3%-ға жеткенін мәлім етті. Соның нәтижесінде, 9 айда бюджетті игеру бойынша біздің облыс жалпы республикалық рейтингте 2-орыннан көрінуде. Бастысы, бүгінде жергілікті бюджет қаражаты 100% игерілген.
— Жылдық жоспардағы кірістердің 73,7%-ы орындалды. Оның ішінде жеке табыс салығы – 1,8 миллиард теңге, әлеуметтік салық – 1 миллиард теңге, сондай-ақ, салықтық емес түсімдер бойынша 554,9 миллион теңге артығымен орындалды. Аумақтық бөліністе барлық өңір өз кірістерінің жоспарын ойдағыдай жүзеге асырды, — деді Жеңіс Шақатов. Сонымен қатар, ол жоспар бойынша облыс бюджетінің шығыстары 425,3 миллиард теңгені құрап, оның 423,6 миллиард теңгесі игерілгенін атап өтті. Басқарма басшысының сөзіне қарағанда, осы жылдың 1 қазанына дейінгі көрсеткіш бойынша жергілікті бюджет қаржысы толық игерілген, тек республикалық трансферттер есебінен 1,6 миллиард теңге ғана орындалмаған. Бірақ алдағы уақытта бұл кемшіліктің орны толатынын айтқан баяндамашы облыс бюджеті бойынша жалпы игеру 99,7% деңгейінде жоспарланып отырғанын жеткізді. Аймақ басшысы бұл бағыттағы атқарылған жұмыстарға оң баға берді.
— Кірістер және шығыстар бойынша көрсеткіштер жақсы деңгейде. Бұған барлық әкімдік атсалысып, белсенді жұмыс істеді. Әсіресе, қала мен аудан әкімдіктері, қаржы басқармасы, жергілікті кірістер департаментінің жұмысын атап өткен жөн. Ары қарай да бюджет қаражатын толық және тиімді игеруді тапсырамын. Қала-аудан әкімдері бюджеттік кіріс бөлімінің орындалуын қамтамасыз етсін. 2024 жылдың 28 қарашасына дейін Үкімет резервінен берілген қаражатты салалық басқармаларға пайдалану жөніндегі есеп ұсынылсын, – деген облыс әкімі, жауапты тұлғаларға республикалық бюджеттің игерілмеген қаражатын қайта бөлу туралы өтінімдерді тиісті министрліктерге жолдауды тапсырды.
Жұмыспен қамту – басты міндет!
Аппараттық жиында ағымдағы жылдың тоғыз айындағы «Өңірлік жұмыспен қамту картасын» іске асыру мәселесі де талқыланды. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпованың айтуынша, биыл жыл басынан бері жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен 25 мыңға жуық адам қамтылған. Ал тоғыз айдың ішінде 23 мың адам екі қолға бір күрек тауып, 15 мыңнан астамы тұрақты жұмысқа орналасқан. Яғни, бұл бағыттағы жоспар 86,3%-ға орындалған.
— Үшінші тоқсанда тұрғындарды жұмыспен қамтуда жақсы нәтижеге қол жетті, яғни 11,5 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды. Оның ішінде тұрақты жұмыс орындарының үлесі жалпы көрсеткіштің 81 пайызын құрады. Атап айтқанда, «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орнын құру» жобасы бойынша 6303 жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл ретте, көрсеткішті 100 пайыз орындау жағынан Ақтоғай мен Ертіс ауданы көш басынан көріне білді. Ал төмен көрсеткіштер Павлодар, Ақсу қалалары және Май, Баянауыл аудандарында байқалды. Облыстық деңгейден төмен көрсеткіштер денсаулық сақтау, спорт және білім басқармаларының жобаларында орын алды, — деді Альмира Аманқызы. Бұл ретте, облыстық білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазина «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында барлық жоба іске асып жатпағанын айтып, оған сараптамалық қорытындының кешігуі себеп екенін мәлімдеді.
— Осы жағдайға байланысты білім беру басқармасы тарапынан ҚР Оқу-ағарту министрлігіне өтінім берілді. Қазір қаулыға өзгерістер енгізіліп жатыр. Яғни, біздің кейбір мектептердің құрылысы келесі жылға шегерілуіне байланысты өзгерістер болады, — деді өңірдің бас ұстазы.
Павлодар мен Ақсу қалаларында бос жұмыс орындарына жұмысқа орналасу көрсеткішінің төмендеуі және білім берудің инфрақұрылымдық жобаларында жұмысқа орналасу деңгейінің түсіп кеткеніне алаңдаған аймақ басшысы:
— Бұл мәселелерге ерекше назар аудару керек. Халықты жұмыспен қамту – біздің бірінші қатарда тұрған міндеттеріміздің бірі. Сондықтан бәріміз осы бағыттағы жұмысты күшейтуге күш салайық, – деді. Сөз соңында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы тұрғындарды жұмыспен қамтудың жылдық жоспарының орындалуына тәуекелдер жоқ екенін алға тартты.
— Жалпы, есептік кезеңге арналған жоспар 75%-ды құрайды, ал облыстың барлық өңірі 80% деңгейіне жетті. Бүгінде бос жұмыс орындарына 8186 адам орналасты. Ұлттық жобалар мен тұжырымдамалар шеңберінде 1144 адам еңбекке тартылып, жылдық жоспардың 78%-ы орындалды. Олардың қатарындағы 440 адам тұрақты жұмыспен қамтылса, 6946 адам субсидияланатын жұмыс орындарына жіберілді. Бұл бағыттағы жоспар 104 пайызға орындалды, — деп атап өтті Альмира Дисюпова.
Облыс әкімі ағымдағы жылдың 15 желтоқсанына дейін 2024 жылға арналған «Өңірлік жұмыспен қамту картасының» жоспарлы көрсеткіштерін толық орындау қажеттігін қадап айтты.
Нұржайна ШОДЫР.
Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.