«Біткен іске сыншы көп» деген қазақта бір қанатты сөз бар. Сын-ескертпелер көбінде көпшілікпен ақылдаспай, шорт кесіліп, құзырлы мекемелер өздіктерінен іске асырғанда жиі айтылып жатады. Ал қоғамның қалауы тыңдалып, жан-жақты зерделенген жобалар ылғи жұртшылықтың оң ықыласын алады. Себебі, қазына қаржысы қашан да ең қажетті бағытқа жұмсалуы тиіс. Міне, осы тұрғыдан алғанда «Халық қатысатын бюджет» бастамасының берері мол болмақ.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

Осыдан бірнеше жыл бұрын ел Президентінің тапсырмасымен барлық өңірде «Халық қатысатын бюджет» жобасы басталды. Яғни, тұрғындар айналасына қажеттіні ұсынады. Бұл ретте, аз уақыт ішінде оң бағасын алған осы жобаның барысы, кімдер қатысып, олар қандай ұсыныс айта алатыны жайында облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасынан білген едік.

Кімдер қатысады?

– «Халық қатысатын бюджет» жобасы облыстық маңыздағы Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларының тұрғындары үшін жүзеге асырылады. Тұрғындар мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарының жалпы республикалық бірыңғай платформасы арқылы ұсыныстарын жолдай алады. Әрбір қала тұрғыны осы порталға кіре алады. Өзі тұратын шаһар әкімдіктерінің парақшасында «Халық қатысатын бюджет» деген жеке қосымша бет бар. Сонда өзінің ұсынатын жобасын енгізе алады. Сол қосымша бетте жобалық ұсынысты (типтік жобаны) берудің үлгісі көрсетілген, – дейді облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Ирина Назарчук.

Енді бұл өтініш беруді одан сайын жеңілдетудің жолы қарастырылуда. Яғни, «eGov mobile» мобильді қосымшасы арқылы, еш әуреленбестен жобаларды ұсыну тетіктері сыналуда. Мамандардың айтуынша, порталға орналас-тырылған жобаларды одан әрі заңнамаға сәйкес Сарапшылар кеңесі қарайды. Содан кейін мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарының бірыңғай платформасында немесе «eGov mobile» қосымшасында дауыс беруге қойылады. Демек, әрбір қалалық азамат қандай да бір жобаға дауысын беріп, қолдау білдіруіне жол ашық. Бір ескеретіні, ұсыныстар берудің уақыты белгіленген. Қалалық әкімдіктер өздерінің ресми интернет ресурстарында және әлеуметтік желідегі парақшаларына әр жылы 15 қаңтарға дейін жобалық ұсыныстарды қабылдаудың басталғаны туралы жариялайды. Содан бастап 1 наурызға дейін ұсыныстар қабылданады.

Үздік жобалар іріктелді

Бір қуантарлығы, қазына қаржысының халық игілігіне тиімді жаратылуына жәрдемдескісі келетіндер қатары көбеюде. Барынша «Халық қатысатын бюджет» жобасына атсалысып, ұсынылатын жобалар саны, дауыс беру арқылы қолдау тапқандары да артқан.

– Мәселен, 2022 жылы «Халық қатысатын бюджет» шеңберінде 65 жобалық ұсыныс түсті. Сарапшылар кеңесі оларды қарастыру процесінде заңнама талаптарына сай келетін үш қала бойынша 13 жобаны іріктеп алды. Павлодарда – 9, Екібастұз бен Ақсу шаһарларынан екі жобадан таңдалған. Қала тұрғындарынан 1 мыңнан астам дауыс берілді, – дейді Ирина Петровна.

Араға бір жыл салып, тұрғындар тиімді жобаның түпкі мақсатын түсіне бастағаны байқалады. Оны ұсынылған жобалардың санынан аңғаруға болады. 2023 жылы 383 жоба халықтан түскен. Оның 372-сін облыс орталығы тұрғындары ұсынса, 5 жоба кеншілер шаһарынан, 6 жоба металлургтер қаласынан түскен. Сарапшылар кеңесі 302 жобаны дауыс беруге шығарыпты. Содан былтыр солардың ішінде 156 жобасы өткен жылы нақты жүзеге асқан. Қолдау тапқандарының ішінде аулаларда балалар мен стритбол алаңдары, тротуарларды жөндеу, шағын скверлер, саябақтар, жаяу жүргіншілер аймағын қарастыру, шағын футбол алаңдарын жөндеу және салу жобалары бар. Ал қалған 146 жоба биыл іске асырылмақ.

Табандылықпен тротуар салғызды

«Халық қатысатын бюджеттің» басты артықшылығы сіз бен біздің айналамызды абаттандырып, жаңғыртуға тікелей араласа алу мүмкіндігінің барында жатыр. Міне, осы мүмкіндікті мүлт жібермей, ұтымды ұсынысын іске асыра білген белсенді  жандардың бірі – Ақсу қаласының тұрғыны Бибігүл Құстаева. Осыдан біраз жыл бұрын біздің кейіпкеріміз қызмет ететін «Қазхром» компаниясында «Белсенді қалалық мектебі» құрылып, жиынды ұйымдастырған модератор қызметкерлерді қаланы көріктендіруге атсалысуға шақырады. Бибігүл ханым бірден өзі тұратын көп қабатты үйден аялдамаға апаратын жолға асфальт төсеуді ұсынуды жөн көреді.

– Біз көктем-күзде үйімізден аялдамаларға дейін оңайлықпен жете алмайтын едік. Балалар мектепке жету үшін аяқ киімін былай тұрсын, балағын, киімін тізесіне дейін былғап алады. Өйткені, жол жоқ. Жалғызаяқ жол жаңбыр жауса, езіліп, сазға айналады. Үйіміз Теміржолшылар 16 мекенжайында орналасқан. Бір жерге таза барғыңыз келсе, тек такси шақыру қажет болатын. Содан осы жобаны ұсынуды жөн көрдім, – дейді белсенді жан.

Айтуынша, жобалық ұсыныс жасау, оны қалай толтырып, қалай ұтымды етудің барлық тетігін «Белсенді қалалық мектебінде» үйренген. 70 метрлік тротуардың жобасын, есеп-қисабын шығарады. Құзырлы органдарға барып, жаяу жүргіншілер жолы салынатын жердің ешкімнің меншігінде еместігін, астында коммуникациялық желілердің жоқтығын растайтын құжатын алады. Комиссия жобаны талапқа сай деп шешеді.

– Мен үшін ең қиыны дауыс беру кезеңі болды. Тұрғындарды дауыс беруге көндіру оңай болмады.  Жобаның жүзеге асатынына көбі күмәнмен қарады. «Бибігүл, сен мұнда үш-ақ жыл тұрасың, біз он жылдан астам уақыт әкімдіктен жол салуды сұрап келеміз, мүмкін емес қолдау табуы» деп айтқандар да кездесті. Көбі egov сайтына кіріп, ЖСН енгізіп жүргісі келмейді. Оған ары кетсе 10 минут кетеді. Тұрғындар «бізге бермеді, жасамады» деп наразы болуға бейім. Содан туыс-туғандарым, қызметтегі әріптестерім қолдау білдіріп, тиісті дауыс көлемін жинадық. Қаржы бөлініп, 2022 жылы көптен күткен тротуарымыз салынды, – дейді ақсулық азамат.

Бибігүл Құстаева мұндай жобаны жүзеге асыру әбден мүмкін екенін өзінің құрбысы Тамиланың атқарған жұмысынан түсініпті. Ақсудың ескі бөлігінде тұратын ол «Халық қатысатын бюджет» арқылы балалар алаңының салынуына ұйытқы болыпты.

– Тротуар төселгеннен кейін тұрғындар сене бастады. Енді көршілерім сол жолдың бойын жарықтандыруды қолға алуыма қолқа салуда. Оны биыл ұсынбақ ниеттемін. Былтыр ұсынған спорттық алаңымыз да қолдау тапқан. Ол биыл іске асады деп күтудеміз, – дейді Б.Құстаева.

Міне, осылайша, Бибігүл сынды белсенді азаматтар өз қаласында қалауын, өзінің ғана емес, айналасындағы тұрғындардың тілегін «Халық қатысатын бюджет» жоба-сымен іске асырудың жолын тапты. Жобаның өте тиімді екенін көпшілік түсіне бастаған.