Қазақстан азаматтары отандық энергетика саласы үшін маңызды мәселе – атом электр станциясы құрылысына қатысты республикалық референдумда таңдау жасады. Аталмыш саяси науқанға облыс тұрғындары да белсене қатысты. Нәтижесінде барлық дауыс берушілердің 71, 12 пайызы елімізде дәл осындай станция салынуын қолдады.

Болашақ үшін…

Мәселен, Павлодар қаласындағы Б.Момышұлы атындағы №22 мектепте орналасқан №81 референдум учаскесінде Республикалық референдумда таңдау жасауға азаматтар таңмен таласа келді. Саяси сәт еліміздің Әнұранын тыңдаудан басталды. Азаматтар референдум комиссиясынан тізімнен аты-жөнін тексеріп, әрі қарай бюллетенін алып, таңдауын жасады.

№81 учаскенің референдум комиссиясының төрағасы Айжан Ақбанованың мәлімдеуінше, бұл референдум учаскесінде 2070 сайлаушы тіркелген. Олардың 15-і алғаш рет дауыс беру құқығына ие. Ал 4 тұрғын референдум күні өзге мекенде болатынын білгендіктен, есептен шығару талонын алып кеткен.

Учаскеде мүмкіндігі шектеулі жандарға барлық жағдай жасалған. Жалпыға ортақ 3 дауыс беру кабинасынан бөлек, ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға арналған жеке кабина қарастырылыпты. Зағип және көзі нашар көретін жандарға брайль шрифті, референдум сұрағына қатысты тыңдауға арналған ақпараттар бар. Құлағы естімейтін және нашар еститін павлодарлықтардың да алаңсыз таңдау жасауына мүмкіндіктер ойластырылған.

Учаскеде «AMANAT» партиясынан, «Қайсар», «Намыс» қоғамдық бірлестіктерінен және «Ауған соғысы ардагерлері» қоғамдық қорынан 4 бақылаушы дауыс беру барысын, оның заңға сай өтуін мұқият қадағалады.

Жоғарыда аталған мектептегі №75 референдум учаскесінде де тұрғындар дауыс беруде белсенділік танытты. Комиссия төрағасы Гүлнар Махамбетованың айтуынша, мұнда дауыс беру құқығы бар 1863 азамат тіркеуде. 14 азамат алғаш рет конституциялық құқығын пайдалануға мүмкіндік алды. 8 тұрғын есептен шығару талонын алған.

 

Отбасымен барып…

Дауыс беруге отбасымен барғандар да баршылық. Мәселен, жас отбасы Сұңғат пен Әсем Тасжановтар ұлдарын ертіп, бала-ларының болашағы үшін таңдау жасады. Павлодар қаласындағы №75 референдум учаскесінде дауыс берген облыстық мәслихат төрағасы Илья Теренченко да саяси сәтке қос қызын ерте келіпті. Маңызды шараға отбасымен келуді әдетке айналдырғанын айтты.

— Кез келген электоралдық кезең еліміздің әрбір азаматы үшін айтулы оқиға деп білемін. Себебі, бұл — шешім қабылданатын маңызды сәт. Мен өскелең ұрпақ, жастар, отбасы мүшелері әрдайым осындай оқиғалардан қалыс қалмауы керек деп санаймын. Сондықтан әрбір сайлауға, электоралды процеске қыздарымды сайлау учаскесіне ерте келемін. Олар да елімізде оң өзгерістер болып жатқанынан хабардар болуы тиіс. Шешім қабылдау әрқайсымыздың дауысымызға тікелей байланысты. Референдумның да мәні осында жатыр. Баршаңызды өз учаскелеріңізге барып, таңдау жасауға шақырамын, — деді Илья Сергеевич.

Павлодар қаласына қарасты Мойылды ауылының тұрғыны Майылхан Рай жұбайы Гүлбаршын Сәлиқызы және кішкентайлары Аяламен бірге № 3 референдум учаскесінде өз таңдауын жасады. Көпбалалы әке ұрпағының болашағы үшін дауыс бергенін айтты.

— Қазақстанның әрбір азаматы елімізде болып жатқан маңызды саяси, қоғамдық оқиғалардан қалыс қалмауы тиіс. Референдум — халық таңдауының маңыздылығын көрсететін шара. Әр дауыс шешуші болуы мүмкін, — деді отағасы.

№3 референдум комиссиясы төрағасының орынбасары Бейбітгүл Мүкенованың айтуынша, референдум учаскесінде 1156 адам тіркелген. Оның ішінде 20 адам үйден таңдау жасады. 3 адам алғаш рет дауыс беруге ие болса, 1 адам өзге мекенге жол жүретініне байланысты есептен шығару талонын алған.

Алғаш рет таңдау жасады

Жергілікті жоғары оқу орындарының бірі — Торайғыров университетіндегі №86 учаскеде де Республикалық референдумда таңдау жасау қызу жүрді. Алғашқы сағаттың өзінде қырық шақты азамат таңдау жасап үлгерді.  Павлодар қалалық №86 учаскенің төрағасы Рамилә Жаябаеваның сөзінше, бұл учаскеде дауыс беру құқығына ие 2447 азамат тіркелген. Оның 173-і — аталған жоғары оқу орнының студенттері. Олардың 73-і алғаш рет таңдау жасады. Солардың бірі – Нұрлан Әміржан. Ол — Торайғыров университетінің студенті. Биыл алғаш рет таңдау жасаған ол әрбір азаматтың дауысы елдің болашағына әсер ететініне сенімді. Сондықтан, саяси науқаннан қалыс қалмай, белсенділік танытқан жөн деген пікір білдірді.

Инновациялық Еуразия универ-ситеті жоғары колледжінің 3-курс студенті Нұрболат Мұхтар да референдумге қатысып, алғаш рет дауыс берді. 18 жастағы азамат Павлодар қаласындағы №97 референдум учаскесінде өз таңдауын жасады. Ол саяси сәтке отбасымен барып, таңдау жасаған. Болашақта да осындай маңызды шараларда белсенділік танытуға дайын. Себебі, мемлекетіміздің ертеңі үшін әр адамның дауысы маңызды екенін жақсы біледі.

Биыл шілде айында 18 жасқа толған Виталий Крылов та бірінші рет дауыс беру құқығына ие болды. Жас жігіт АЭС құрылысына қатысты ақпараттан жан-жақты хабардар екенін, сондықтан дұрыс таңдау жасағанына сенеді. Ертіс ауданының тұрғыны Айжан Қабылманапова да — алғаш дауыс бергендер қатарында. Ол бүгінде Марғұлан университетінде оқиды.  Ол да болашақ үшін дауыс берген. Мұндай шараларға қатысу жауапкершілік жүктейтінін айтады. Жалпы, бұл ауданда 120 адам алғаш дауыс беру құқығын алған. Оларға референдум учаскелерінде естелік сыйлықтар табысталды.

Үйден қатысты

Учаскеге бару мүмкіндігі жоқ азаматтар үйден дауыс беруге мүмкіндік алды. Егде жастағы тұрғындар да таңдау жасаудан қалыс қалмады. Мәселен, 99 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері, Павлодар облысы және Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Қайыр Хасенұлы референдумда үй жағдайында дауыс берді. Қазыналы қария «Жас ұрпақтың кемел келешегі үшін өз таңдауымды жасадым. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын!»
деп ыстық ықыласын білдірді.

Павлодар қаласындағы Б.Момышұлы атындағы №22 мектепте орналасқан №75 учаскенің референдум комиссиясының төра-ғасы Гүлнар Махамбетованың мәліметінше, үйден дауыс беру жөнінде 6 өтініш түскен. Комиссия мүшелері денсаулығына байланысты учаскеге келе алмайтын азаматтардың өтініштерін орындап, үйлеріне дауыс беру жәшіктерін жеткізіп, олардың да таңдау жасауына мүмкіндік берді. Аталмыш мектепте орналасқан №81 учаскеге қарасты үш тұрғын үйден дауыс берген.

Аққулы ауданында референ-думға үйден дауыс беру арқылы қатысқандар бар. Осындай мүмкіндікті пайдаланғандардың бірі — Елтаевтар отбасы.

— Біз Әйтей ауылында тұрамыз. Денсаулығымызға байланысты жұбайым екеуіміз үйден дауыс беруге өтініш бердік. Референдум комиссиясына алғыс айтамыз. Үйде болсақ та, өз таңдауымызды жасауға мүмкіндік берді, — дейді Сайлау Елтаев.

Ертіс ауданында 94 жастағы Ева Шарафутдинова да үйден дауыс берді. Қария осы уақытқа дейін еліміздегі талай саяси науқанға қатысқан. Биылғы маңызды шарада өз таңдауын жасауға мүмкіндік берген референдум комиссиясына ризашылығын білдірді. Комиссия мүшелері ғасырға жуық уақыт өмір сүріп келе жатқан қарияға сый-сыяпат көрсетті.

Ал 86 жасқа аяқ басқан павлодарлық атамыз Емберген Әлімов референдумда дауыс беруге арнайы барды. Ол саяси науқанға әрдайым қатысу керек. Әр азамат қарсы не қарсы еместігін білдіруі керек қой. Балаларыма да осыны айтып отырамын, дейді қария. Тоқсанға таяған атамыз елімізге батасын да берді. Қазақстанға жарқын болашақ тіледі.

Ұлттық ұлан қалыс қалмады

Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты №6679 және №5512 әскери бөлімдеріндегі барлық жеке құрам республикалық референдумда белсенді дауыс берді. «Шығыс» өңірлік қолбасшылы-ғының баспасөз хатшысы Бағдат Амангелдінің айтуынша, қолбасшылыққа қарасты жедел шақырылымдағы сарбаздармен қатар офицерлер мен сержанттар және олардың отбасылары дауыс беруге арналған 6 референдум учаскесі жұмыс істеді.

— Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаздар мен қызметтегі сардарлардың саяси науқанға қатысуына толық мүмкіндік жасалған. Олар сайлау учаскесіне сап түзеп келіп, салтанатты түрде таңдау жасап қайт-ты. Кейбір сарбаздар мұндай референдумға алғаш рет қатысты, — деді ол.

 

Ауылдықтар да белсенді

Аймағымыздың әр ауданында референдум өз деңгейінде өткен Мысалы, Шарбақты ауданы бойынша 26 референдум учаскесі жұмыс істеді. Таңертеңнен азаматтар дауыс беруге ағылған. Солардың бірі — «Цогу» шешен-ингуш этнобірлестігінің аудандық филиалының басшысы Зура Хациева шарбақтылықтардың белсенділігі өте жоғары екенін айтып, ризашылығын білдірді. Ел ертеңі үшін маңызы зор шараға шарбақтылықтардың бей-жай қарамай, үлкен жауапкершілікпен үн қосып жатқанына қуануда. Береке-бірлігі жарасқан еліміз жасай берсін, деді ол.

Ауданда референдум учас-келеріне 12 706 адам тіркелген. Кәмелет жасына толған 161 қыз-жігіт алғаш рет өз таңдауын жасау мүмкіндігін алды. Ал Баянауыл ауданында жалпы 39 референдум учаскесі жұмыс істеді. Саяси науқанға тұрғындар белсенді қатысты.

Аудандық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Талғат Қалышбековтің айтуынша, аудан орталығындағы және ауылдардағы әріптестермен тығыз байланыста жұмыс істеген. Тұрғындардың белсенділігі жоғары екенін атап өтті. Аудан бойынша тізімде 14 912 адам тіркелген. Олардың қатарындағы 157 жас алғаш рет өз таңдауын жасау құқығына ие болды. Учаскелерде мүмкіндігі шектеулі жандардың да ел қатарлы референдумға үн қосуына барлық жағдай жасалған. Ешқандай тәртіпбұзушылық оқиғасы орын алған жоқ.

Ертіс ауданында 27 учаске жұмыс істеп, тұрғындардың таңдау жасауына қызмет етті.  Май ауданында 16 референдум учаскесінде дауыс берушілер тізіміндегі 6504 азаматтың дауыс беруіне  жағдай жасады. Ақтоғай ауданында 28 учаскеде тұрғындар дауыс берді. Солардың бірінде Павлодар облысының және Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы Бейсенбі Мұқажанов азаматтық борышын орындап, дауыс берді. Оның айтуынша, бүгінгі таңда жасалып жатқан өзгерістер еліміздің жаңа белестерге көтерілуіне жол ашады, ал әрбір азаматтың таңдауы –
Қазақстанның болашағын қалыптастырудағы маңызды қадам.

Тереңкөл ауданында 31 учаскеде 13503 азаматтың референдумға қатысуына мүмкіндік берілді. Дауыс беру-шілер қатарында 5-ші Дүние-жүзілік көшпенділер ойынының чемпионы Жаздықбай Керім де болды.

Аққулы ауданының азаматы Ерболат Құмаровтың елу жас мерейтойы референдуммен қатар келген. Ол — Майқарағай орман шаруашылығының өрт сөндіру бригадасының қызмет-кері, алты баланың әкесі. Мерейтой иесі төл мерекесінде маңызды науқанға қатысып, азаматтық ұстанымын білдірді. Референдум учаскелері мерейтойын иесін де ескерусіз қалдырмады.

Успен ауданы тұрғындары да саяси науқанда белсенділік танытып, азаматтық ұста-нымдарын білдірді. Ауданда 23 референдум учаскесі тұрғындарға қызмет етті. 8462 азамат сайлаушылар тізімінде болды. Олардың ішінде 72 жас тұрғын алғаш рет дауыс берді. Сайлау белсенділігін арттыру мақсатында референдум учаскелерінде ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері, концерттік және cпорттық бағдарла-малар ұйымдастырылған. Мәселен, Успен ауылындағы №433 сайлау учаскесінде шахмат, дойбы және тоғызқұмалақ үстел ойындарынан жарыс өтті.

 

Дерек пен  дәйек

  • Облыс бойынша
    520 референдум учаскесі жұмыс істеді
  • Референдумға өңірдегі дауыс берушілердің 328 512-сі қатысты
  • Олардың қатарында 221 279 адам сауалдың оң шешімі үшін дауыс берді
  • Сауалдың теріс шешімі үшін дауыс берген аймақ азаматтарының саны — 96 383 адам.«Saryarqa samaly» газетінің  тілшілер тобы.