Биыл жергілікті мәслихаттардың құрылғанына 30 жыл толып отыр. Бұл уақыт аралығында өңірдегі түрлі деңгейлі мәслихат депутаттары заман талабына сай қызмет атқарып, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жобаларды жүзеге асырды. Негізгі жұмысымен қатар, мандат иеленіп, қоғамдық қызметке араласқан осындай азаматтарға сый-құрмет көрсетілді.
Кеше Естай атындағы мәдениет сарайында мәслихаттардың 30 жылдығына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Айтулы шараға облыс әкімі Асайын Байханов, біздің өңірден сайланған Сенат депутаттары – Алтынбек Нухұлы мен Ернұр Әйткенов, облыстық мәслихат төрағасы Илья Теренченко, аудан-қала әкімдері мен жергілікті мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері жиналды.
Алғаш болып сөз алған аймақ басшысы Асайын Қуандықұлы түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттары жұмысының басты бағыты – халықтың әл-ауқатын арттыру мен тұрғындардың талап-тілегін орындау болуы керек екенін атап өтті.
— Тарихи өлшеммен алсақ, 30 жыл аз уақыт емес. Осы уақыт аралығында мәслихаттар түбегейлі жаңғыртудан өтіп, бүгінде ашық алаңға айналып отыр. Сегіз шақырылым өкілдері өңірдің дамуына сүбелі үлес қосып, мемлекеттік бағдарламалардың тиісті деңгейінде жүзеге асуын қадағалап келеді. Жергілікті билік, депутаттар мен тұрғындардың белсенді әрі конструктивті әрекеті нәтижесінде мақсаттарға бірге жетеміз деп сенемін. Бастысы, жұмыстар қағаз бетінде қалмай, ел нәтижесін көретін нағыз еңбек болуы тиіс, — деп атап өтті аймақ басшысы.
Өз кезегінде облыстық мәслихат төрағасы Илья Теренченко мәслихаттардың қалыптасу кезеңдеріне ерекше тоқталып, бүгінгі жұмыс барысын тілге тиек етті.
— Қазіргі таңда облыстық мәслихат құрамында бес партияның өкілдері бар. Сондай-ақ, екі фракция, үш депутаттық топ, жеті салалық тұрақты комиссия құрылып, нәтижелі істерді атқаруда. Біз үшін басты мүдде – халықтың өмір сүруіне жайлы жағдай жасау, олардың мұң-мұқтажына құлақ түре отырып, алаңдатқан мәселелерді шешуге атсалысу. Бұл бағытта тұрғындармен байланыстың түрлі жолы – ауыл-ауылды аралау, кездесулер өткізу, азаматтарды жеке қабылдауды қолға алдық. Оған қоса, тұрғындар кез келген уақыта бірқатар платформа арқылы өтініш бере алады. Біз өз кезегімізде оларды жедел түрде қарастырып, жауап беріп, мәселе шешімін тапқанға дейін бақылауда ұстауға әзірміз. Түйіндей айтқанда, 30 жыл – тек тарихи дата емес, жаңа серпіліс нүктесі. Ашық, әділ, инклюзивті институтты дамыту үшін әлі де жоспарымыз көп, — деді И.Теренченко.
Парламент Сенатының депутаттары Алтынбек Нухұлы мен Ернұр Әйткенов те мәслихаттардың өткені мен бүгініне тоқталып, ертеңгі күніне мол сенім артатынын жеткізді. Бұл ретте Сенат пен мәслихат өкілдері бірлесіп, өңірдің өзекті мәселелерінің шешілуіне, олардың республика деңгейінде қаралуына баса мән беретінін де атап өтті.
«Қазақстан мәслихаттары депутаттары бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Төлеубек Мұқашев мәслихаттар 30 жыл аралығындағы түрлі қиындыққа қарамастан кешенді жаңғыртудан өткенін айтты.
— Қуатты өңір қуатты мәслихаттан құрылады. Бұл ретте Павлодар облысындағы мәслихаттардың бағыт-бағдары нық, жоспары айқын екенін ерекше атап өту керек. Депутаттар – шенеуніктер емес, елдің талап-тілегіне құлақ түретін қоғам жанашырлары. Олар өздері сайланған округтегі барлық мәселені бес саусағындай білуі тиіс. Жергілікті депутаттар бұл талап үдесінен шығып отыр деп сенемін, — деді бірлестік төрағасы.
Көппартиялық жүйе, саяси мәде-ниет, азаматтық белсенділік, өңірлік дамудың жаңа көкжиегі сынды келелі мәслихаттар талқыланған конференция марапаттау рәсіміне ұласты. Аймақ басшысы Асайын Байханов Сенат депутаты Алтынбек Нухұлына «Облыстың Құрметті азаматы» атағын, облыстық мәслихат депутаттары Болат Аманжолов, Сандуғаш Қалижанова және Арман Мұсабековке «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісін, әр жылдары облыстық мәслихатқа төрағалық еткен азаматтар – Ернұр Әйткенов, Бақыт Бексейітова мен Владимир Берковскийге «ҚР Мәслихаттарына – 30 жыл» медалін табыстады. Облыстық мәслихат депутаты Динара Айтжанова «Әлеуметтік еңбек саласының үздігі» атанды. Сонымен қатар, әр шақырылымда қызмет еткен, былтыр жасақталған шақырылым құрамында еңбек етіп жүрген аудан-қалалық, облыстық мәслихаттардың бір топ депутатына «Құрметті депутат» белгісі, Сенаттың Құрмет грамотасы, мерейтойлық медаль, салалық министрліктердің марапаттары табысталды. Салтанатты жиын өнерпаздардың қатысуымен өткен концерттік бағдарламаға ұласты. Ал түстен кейін түрлі тақырыптағы пленарлық отырыстар ұйымдасты-рылып, аудан-қалалардан жиналған депутаттар, қоғам белсенділері мәслихат жұмысын ілгерілетуге қатысты мәселелер бойынша ойларын ортаға салды.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.
Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.