Павлодар қаласының іргесіндегі Ленин кентінде алғаш рет әкім сайлауы өтті. Саяси науқанға кенттің мыңнан астам тұрғыны қатысып, өз таңдауын жасады.

20 тамыз күні өткен сайлау кезінде кентте төрт сайлау учаскесі құрылды. Жергілікті тұрғындарға № 32 және №33 мектептерде, сондай-ақ Жолқұдық элеваторының ғимараты мен Жаяу Мұса атындағы мәдениет үйінде дауыс беруге жағдай қарастырылды. Павлодар қалалық аумақтық сайлау комиссиясының мәліме-тінше, сайлаушылар тізіміне барлығы 6651 азамат енгізілді. Ал әкім атанудан үміткерлер ретінде үш азамат тіркелді. Бұл күні дауыс берушілердің ішінде 1567 тұрғын саяси белсенділік танытып, қалаған кандидатын қолдады. Дауыс беру нәтижесінде 73 бюллетень жарамсыз болып танылды. Тағы 52 тұрғын «Барлығына қарсы» бағанын белгіледі. Сонымен, С.Ибраев 1008, Н.Нұрпейісов 58 және А.Омаров 376 дауыс жинады. Кент тұрғындарының басым қолдауына ие болған Серік Ибраев Ленин кентінің әкімі болып сайланды. Серік Амангелдіұлы 1968 жылы туған. Сол кентте тұрады. Бұған дейін жеке кәсіпкерлікпен айналысты. Ол аталған сайлауға өзін-өзі ұсынған болатын. Айта кетейік, бұған дейін кент әкімі қызметін Маржан Алшымбаева атқарған еді.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.