Cropped image of business partners carrying briefcases on the foreground while their colleague standing on the background

Естеріңізде болар, біраз жыл бұрын елімізде мемлекеттік органдарда жұмыс уақыты аяқталысымен компьютерлердің автоматты түрде өшіп қалуын қамтамасыз ететін жүйе енгізу ұсынылған болатын. Бірақ, бұл ұсыныс іске аспады. Алайда, аймағымызда мемлекеттік қызметшілердің шамадан артық жұмыс істемеуін құзырлы орган қадағалауда.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

Сөз етіп отырғанымыз — ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті. Бұл мекеменің басшысы Ержан Қарымсақовтың айтуынша, былтыр департаментке мемлекеттік органдарға мониторинг жүргізу құқығы берілген. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникация- лар қызметінде өткен брифингте мәлім етті.

— Таңертең және кешке мемлекеттік қызметшілердің жұмыс уақытының сақталуына бақылау жүргіземіз. Егер маман шамадан тыс еңбек етсе, оған жұмыс беруші акт толтырып, артық уақытқа төлем жасауы немесе өзге күні демалыс беруі тиіс.  Талаптардың бұзылуы анықталса, бізге мекеме басшысына Әкімшілік кодекстің 89-бабына сәйкес әкімшілік хаттама толтыру құқығы берілген. Өткен жылы 9 мемлекеттік органның басшысы әкімшілік жазаға тартылды, — дейді Ержан Нағызханұлы.

Былтыр осындай бақылау жүргізу барысында мемлекеттік органдарда шамадан тыс жұмыс істеудің
56 дерегі анықталған. 46 мемлекеттік қызметшінің  демалыс күндерін беру, үстеме төлеу және жұмыс уақытының көлемін қысқартуға қатысты еңбек құқығы қалпына келтірілген. Мәселен, бірқатар мекемеде 1-ші және 2-ші топ мүгедектеріне заңға сәйкес апталық 36 сағаттың орнына
40 сағаттан жұмыс істеген анықталған. Табельді тексеру кезінде олқылық белгілі болыпты. Департамент басшысының мәліметінше, жұмыс уақыты режимін бұзу жағдайлары облыстық денсаулық сақтау басқармасында, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында және статис-тика департаментінде көп кездескен.

Мамандар қай мекемеде мемлекеттік қызметтердің сапасына қатысты сынның көптігін де сөз етті. Көш басында Павлодар қалалық жер қатынастары бөлімі тұр. Бұл бөлімде өткен жылы 2000 дерек тіркелген. 2022 жылы 4 мыңнан, ал 2021 жылы 5 мыңнан артық сапасыз қызмет көрсетілгені анықталған. Мұнда тұрғындардан түскен өтінішке жауап беруде қателікке көп бой алдыратын көрінеді. Яғни, жер сұрай өтініш берген азаматтың хатына «мәселеңіз қаралуда» деп аралық хат жолдап, қысқа қайырады екен. Сәйкесінше, тұрғынмен осымен байланыс үзіледі, ал жауап нақты қанағаттанарлық деңгейде емес. Департамент басшысы мұндай қателікке жол берілмеуі тиіс, дейді.

Айта кетейік, бүгінде айма-ғымызда мемлекеттік қызметші-лердің штаттық саны — 4138, нақты 3797 азамат еңбек етуде. Демек, 211 орын бас тұр. Мемлекеттік қызметшілердің орташа жасы – 41 жас, ал орташа еңбек өтілі – 12 жыл. 89,6 пайызы — жоғары білімді. Өңірімізде «Болашақ» бағдарламасының 4 түлегі, Мемлекеттік басқару академиясын бітірген 18 азамат еңбек етеді. Бұл саладағы әйелдердің саны 2556 адам, яғни 67,3 пайызын нәзік жандар құрап отыр.
524 әйел — басшылық қызметте.