Асыраушы сала айтарлықтай алға басқан

Қаз 9, 2025
Photo Valeriy BUGAYEV

Аймағымызға аграрлық сектордың аяқ алысын, күзгі жиын-терім жұмыстарының барысын бағамдауға іссапармен ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров келді. Министр өңірдің бірқатар шаруашылықтарын аралады. Облыс әкімі Асайын Байхановпен бірге аймақ шаруаларымен кездесіп, олардың ұсыныс-бұйымтайларын тыңдады. Министр облыстың ауыл шаруашылығы саласы айтарлықтай алға басып, қаржыландырудың артқанын айтты. Сонымен қатар, павлодарлық шаруалар егін шаруашылығында барлық агротехникалық талаптарды сақтайтынын, суармалы алқап көлемін арттыру жағынан еліміз бойынша бірінші орында екенін ерекше атап өтті.

Әрбір бесінші теңге – өңірімізден!

Облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше назар аударғанын, бұл жұмыстар өңірімізде жүйелі іске асып жатқанын айтты.

– Атап айтсақ, инвестиция тарту және өнімді терең өңдеу, мал шаруашылығы мен экспортты ілгерілету, агрохабтар мен заманауи технологияларды дамыту, сондай-ақ цифрлық талдау бойынша негізгі бағыттар белгіленді Ең маңыздысы, ел Президенті 5 жыл ішінде ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемін екі есе ұлғайту және 3 жылда өңделген өнімнің үлесін 70 пайызға жеткізу міндетін қойды. Бұл мақсаттарға қол жеткізу үшін облысымыз аграрлық өнеркәсіп кешеніне инвестицияны белсенді тартуда, егін алқабын әртараптандырда, су үнемдеу технологияларын енгізуде. Биыл 8 ай ішінде 124,8 млрд теңге тартылды, бұл дегеніңіз салаға құйылған әрбір 5 теңгені облысымыздың фермерлері инвестициялады. Биыл майлы дақылдар алқабы 43 пайызға ұлғайтылды. Картоп рекордтық көлемге – 937 мың тоннаға жеткізілді, был-тырғы жылмен салыстырғанда 1,5 есеге артық, — деді облыс әкімі А.Байханов.

Қазіргі таңда аймақта егін науқаны аяқталуға жақын, дәнді дақылдар мен көкөніс толық жиналса, алда майлы дақылдарды ору жұмысы тұр. Облыс әкімінің орынбасары Әйгерім Қабылтаеваның айтуынша, мемлекеттің қолдауы өткен жылмен салыстырғанда аймағымызда биыл минералды тыңайытқыштарды қолдануды 1,5 есеге ұлғайтуға мүмкіндік берген. Бұл болжанған жалпы өнім жиынына қол жеткізуге жол ашқан. Былтырғыдан 300 мың тоннаға артық өнім алынып, жалпы көлемі 2 млн 670 мың тоннаға жетпек.

«Бәйтерек» ҰБХ тарапынан аймаққа көктемгі және күзгі дала жұмыстарына жалпы сомасы 55 млрд теңгенің 674 несиесі берілген. «Павлодар ӘКК» АҚ арқылы «Кең дала-2» бағдарламасы бойынша шаруаларға 17 млрд теңгенің 102 несиесі үлестірілген. «ҚазАгроҚаржы» арқылы 302 диқан жалпы 22,6 млрд теңге несие көлемінде қаржыландырылған. 720 жаңа техника сатып алынды. Қазіргі таңда аймақ диқандары 844 мың тонна дәнді дақыл жинады. Орташа шығымдылық гектарынан 12 центнерден айналуда. 52 мың тонна майлы дақыл жиналған, мұнда да гектарынан орташа есеппен 12 центнер өнім алынуда. 847 мың тонна картоп жиналды. Егін алқаптарында егін жинау науқанына 2318 комбайн тартылған. Күзгі жиын-терімге жеңілдетілген дизель отыны бөлініп, бүгінде толық шаруаларға жеткен. Одан бөлек, астықты кептіруге 3130 тонна арзандатылған жанармай бөлініпті. Алайда, аймағымызға астық кептіруге сұраныс 3750 тоннаны құраған. Облыс билігі министрлікке қосымша өтінім жолдаған.

Субсидиялау неге сирейді?

Министр Айдарбек Сапаров облыстағы ілкімді істерге куә болғанын атап өтті. Бұл Мемлекеттің қолдауы мен шаруалардың қажырлы еңбегінің жемісі екенін де тілге тиек етті. Биыл жалпы еліміз бойынша рекордтық өнім жиналады деп күтіліп отырғанын мәлімдеді.

– Бұл агротехнологияны сақтау, мемлекет тарапынан қолдаудың, соның ішінде ерте қаржыландыру ісінің нәтижесі деп білемін. Былтыр қараша айынан бастап көктемгі, күзгі егіс жұмыстарына ешқандай субсидиясыз таза 5 пайызбен несие беруді бастадық. 750 млрд теңге бөлінді, 502 млрд теңге игерілді, әлі жалғасуда. Одан бөлек, лизингке 250 млрд бөлініп, өтінім толық түсті. Жалпы алғанда егін егу науқанына 1 трлн теңге бөлінді. Бұл – Мемлекет басшысының бастамасымен жасалған үлкен қолдау, — деді Айдарбек Сейпілұлы.

Министр Президент мал шаруашылығын дамытуға басымдық бергенін де еске салды. Бұл ретте, министрлік кешенді жоспар түзбек. Қазіргі таңда жұмыс тобы құрылып, өңірлерден ұсыныстар жиналуда. Алдағы наурыз айында саланы қаржыландыруды бастап кету көзделіп отыр. Бүгіннің өзінде 5 пайызбен айналымдық қаражатқа несиелендіру жүруде. Мал бордақылау алаңдарына 50 млрд теңге қарастырылған. Министр бұл мал шаруашылығын дамыту жолындағы қадамдардың тек бастамасы екенін атап өтті. Мал шаруашылығы бағытында іргелі жобалар іске асыруды қалайтын шаруаларға қазірден жобалық құжаттамаларын реттеу қажеттігін айтты. Жалпы, мал шаруашылығы жыл бойы күш-қуатты, еңбекті қажет ететін күрделі сала екенін жасырмады. Сондықтан, жан-жақты қолдау, егжей-тегжейлі қадам жасалады, деді.

Кездесуде шаруалар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, құзырлы органдардан жауап алды. Мәселен, «Галицкое» ЖШС басшысы Александр Касицын шаруаларға жасалып жатқан мемлекет қолдауына алғысын айта келе, кейінгі кезде тауарлық субсидиялардан бас тартып, жеңілдікті несиелендіру жүйесіне көшуге мән беріліп жатқанын еске салып, субсидия беру қай бағыттарда қысқаратынын сұрады.

– Субсидиялауды кезең-кезеңімен алып тастау жалғасады. Қазіргі таңда селекциялық-асылдандыру жұмыстарын субсидиялауды жойдық. 2029 жылы тек егін шаруашылығында тыңайтқыштар мен гербицидтерді, тұқымды субсидиялау, техникаға инвестициялық субсидиялау қалады деп болжап отырмыз. Мал шаруашылығында сүт өндірісін субсидиялау әлі де жалғасады деген ойдамыз, — деді А.Сапаров.

Бұл ретте айта кету керек, Үкімет шаруаларға субсидияны сарылта күттіргенше, оның орнына жеңіл-дікті несие берудің тиімділігіне басымдық беріп отыр.

Жиында сондай-ақ, шаруалар суармалы алқап бойынша инвестициялық жобалары арнайы бағдарлама аясында биыл қаржыландырылмағанын алға тартты. Тек 12,6 пайызбен қаржы ұйымынан несие алу ұсынылуда. Алайда, диқандар жаңадан жобасын бастамақ шаруа үшін бұл үлкен қаржылық жүктеме екенін айтып отыр. Министр жобаларға бағдарлама аясында қолдау биылдан бастау жасалмайтынын кесіп айтты. Себебі, суармалы алқап үшін 2,5 пайызбен несие беріліп келді, оған қоса 80 пайыз субсидия қарастырылған. 12,5 пайызбен несие алғанның өзінде шығынының 80 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланатынын еске салды. Яғни, министр егіншіліктің бұл бағыты қолдаусыз еместігін ескертті. Ал диқандар тым болмағанда «Даму» қорының кепілдік беру құралын қолдану мүмкіндігін қарастыруды өтінді. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ өкілі инвестициялық жобаларға, басқа да бағыттарға бұл құралды қолдану ұсынысы қаралып жатқанын мәлім етті. Облыс әкімі Асайын Байханов, сонымен қатар, суармалы егіске қажетті инженерлік инфрақұрылым салынатын жерді аяқталмаған құрылыс ретінде кепілдікке қою мәселесі де ұсынылғанын айтты. Алдағы уақытта құзырлы органдар бір тоқтам жасайтыны белгілі болды. Сондай-ақ, суармалы алқапқа қатысты субсидиялау тетігі Су ресурстары министрлігіне өткені де айтылды.

Шектеу шектен көп пе?

Ал «Андас Агро» ЖШС басшысы Зейнулла Сәлменбаев кейбір өнімдерді шекара асырып, экспорттауға қойылатын шектеулерге наразылығын білдірді. Ерте піскен картопты бұрын сол кезде көрші ел өңірлеріне сатуға жол ашық болса, биыл тыйым қойылған. Сондай-ақ, ол бидай алқабы қысқарып, күнбағыс көбейгеніне алаңдаушылық білдірді. Сатуда қиындықтар туындай ма деп ойлайтынын жасырмады. Министр қазіргі таңда ведомствоаралық комиссияға құжаттар әзірленіп жатқанын мәлімдеді. Ішкі нарықты қамту, қолдау бірінші орында екенін де ескертті. Картопқа салынған шектеу қазір алынып тасталғанын, күнбағыс бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты. Министр елімізде күнбағыс дәнін өңдейтін кәсіпорындар көптеп ашылса, мәселе ретімен шешілетініне сендірді.

Облыс әкімі аймағымызда биыл картоп рекордтық көлемде жиналғанын жеткізді. Өткен жылғыдан 1,5 есеге артық. Яғни, 937 мың тонна өнім алынды. Асайын Байханов 2021 жылы облыста 330 мың тонна картоп жиналса, қазір үш есеге өскенін, бірақ, тұрғындардың тұтынуы еселенбегенін де еске салды. Сәйкесінше, артық өнім экспортқа шығарылды, деді. Биыл көрші елдерде өнім шығымдылығы төмен болғандықтан, сатуда қиындық туындамайды деп күтілуде. Ал жағдай басқаша өрбісе, баға да түсіп, өткізуде де мәселе туындауы ықтимал екенін, сондықтан аймақ басшысы алқапты әртараптандыру жалғасатынын атап өтті. Сонымен қатар, облыс әкімі бүкіл өнімді шетке өткізіп, ішкі нарықты ескермеуге болмайтынын да тілге тиек етті.

Шаруаның мәселені шектеусіз нарық өзі реттеуі тиіс деген пікіріне де аймақ басшысы тұшымды жауабын айтты.

– Біз, ең алдымен, ішкі нарықты қорғауымыз және өңдеуші кәсіпорындарды қолдауымыз қажет. Әйтпесе, өмір бойы өнімді тұқым күйінде сатуға мәжбүр боламыз. Мәселен, күнбағысқа келсек, бүгінде облыста 500 мың тоннаға жуық күнбағыс жиналады, оның небары екі-үш пайызын ғана өңдеп отырмыз. Бұл көрсеткішті 50-60 пайызға жеткізуді өзіме мақсат еттім, — деді облыс әкімі А.Байханов.

Сонымен қатар, бәрін нарықтың реттеуіне беру үшін шаруалар да мемлекеттің қолдауынсыз ілгерілеуіне тура келетінін ескертті. Мемлекеттен жеңілдетілген жанаржағармай алып, бірақ, ішкі нарықты ысырып қойып, өнімін тек шетелге әлемдік бағамен өткізуге ұмтылу қисынсыз екенін де атап өтті.

Ал жылыжайда көкөніс өсірумен айналысатын кәсіпкерлер субсидия алуда кедергілерге тап болғандарын алға тартты. Мәселен, кәсіпкер Наталья Куликова екі жылдан бері мемлекеттен субсидия ала алмай келе жатқанын айтты. Gosagro порталындағы техникалық қателіктерге байланысты көмекке қол жеткізе алмауда. Айтуынша, заң бойынша олар тыңайтқыш, гербицидтерге субсидия алуға құқылы. Алайда, жылыжай болғандықтан техникалық қиындықтар туындады. Жер қатынастары мекемесіне жүгінсе, цифровизация департаментіне жолдайды. Осылай екі жыл өткен. Министрлік бірнеше мемлекеттік орган мәліметтерін интеграциялау арқылы шешпек болған. Бірақ, нәтиже бермеген. Енді бұл келеңсіздікті жою үшін бүгінде министрлікте арнайы құжат әзірленуде. Оған сәйкес жергілікті ауыл шаруашылығы басқармалары жүйеге кәсіпорын субсидия алуға құқығы барын растайтын ақпарат енгізеді. Мәселе жыл соңына дейін шешіледі деп сендірді. Жылыжай кәсібіндегі азаматтардың соңғы екі жылдағы субсидияны алу мүмкіндігін Қаржы министрлігі қарастыруы тиіс.

Сала министрі Айдарбек Сапаров аймағымыздың аграрлық секторының дамуына оң бағасын берді. Біраз мәселенің шешімін тапқанын атап өтті. Кездесуден кейін министр жеке қабылдау өткізді. Сондай-ақ, Кемеңгер ауылында бой көтеріп жатқан қос кәсіпорынның жоба-жоспарларымен танысты. Айта кетейік, аталмыш ауылда күнбағыс өңдейтін өндірістер салынуда. Бірін Jiansu Jielong Group компаниясы салуда. Бұл — жылына 120 мың тонна күнбағыс дәні өңделіп, 50 мың тоннаға дейін дайын өнім шығаратын май экстракциялық зауыт. Екіншісі — суық сығымдау әдісімен күнбағыс майын өндіретін зауыт. Соңғысы ағымдағы айдың соңында алғашқы өнім шығаруға бекініп отыр. Қос кәсіпорын инвесторы да жергілікті билік тарапынан барлық көмектің барын мәлімдеді. Министр де өз тарапынан қажетті қолдау көрсетілетінін атап өтті.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

Суретті түсірген — Валерий Бугаев.