Аудандарға ширақтық керек

Қаз 23, 2025
Photo Valeriy BUGAYEV

Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы тағы бір мәрте таразыланып, тоғыз айдағы нәтижесі сараланды. Экономиканың тұрақты өсімі тіркеліп отыр. Аймақ экономикасына 769 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 26,7 пайызға жоғары. Бұл туралы облыс әкімдігінің аппараттық жиынында айтылды.

Көрсеткіштер кемімеуі керек

Облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Ирина Назарчуктің мәлімдеуінше, жылдың үшінші тоқсанында барлық макрокөрсеткіштер бойныша оң қарқын байқалады. 2,8 млрд теңгенің өнеркәсіп өнімі шығарылған. Өңдеу өнеркәсібінде 0,9 пайыз өсім бар. Ауыл шаруашылығында жалпы өнім көрсеткіші 5,9 пайзыға өскен. Әсіресе, егін шаруашылығында ұлғайған. Құрылыс жұмыстарының көлемі 23 пайзыға артып, 326 млрд теңгенің жұмысы атқарылған. 238 мың шаршы метр үй қолданысқа берілген.

Барлық индикаторлар бойынша оң қарқын облыс орталығында, Екібастұз қаласында және Ақтоғай, Баянауыл, Ертіс, Тереңкөл, Май және Успен аудандарында қамтылыпты. Ал Ақсу қаласы мен бес ауданда көрсеткіштер өнеркәсіп, инвестиция тарту және тұрғын үйлерді қолданысқа беру жағынан төмендеген. Жалпы, салалық басқармалар жыл соңына дейін өнеркәсіптік сектордан басқа макрокөрсеткіштер бойынша оң қарқын сақталады деп болжап отыр. Ал инвестиция 856 млрд теңгеден асады деп күтілуде. Құрылыс саласында өсім өткен жылмен салыстырғанда 16,9 пайзыға жетеді деп болжануда. Аудан-қалалардың аяқ алысына тоқталған басқарма басшысы Ақсу қаласында өнеркәсіп, ал Железин мен аққулы аудандарында инвестиция көлемі, Павлодар ауданында тұрғын үйді қолданысқа беру көрсеткіші тиісті деңгейге жетпеуі мүмкін екенін атап өтті.

Облыс әкімі Асайын Байханов тәуекелдер бар тұстарға тоқталып, жыл соңына дейін небәрі екі ай қалғанын еске салды. Құзырлы органдарға, аудан-қала әкімдеріне жұмысты ширатуды, қарқынды күшейтуді тапсырды. Бұл экономикалық көрсеткіштер әрбір аудан-қала әкімі жұмыстарының нәтижесі екенін атап өтті. Барынша резервтерді анықтап, көрсеткіштерді орындауды жүктеді.

Жиында бюджеттің кірісі мен шығысы да талқыға түсті. Облыстық қаржы басқармасының басшысы Жеңіс Шақатовтың мәліметіне сүйенсек, аймақ қазынасына тоғыз айда 314,7 млрд теңге түскен. Жоспар 9,3 млрд теңгеге асыра орындалыпты. Яғни, жылдық көлемнің 76,1 пайызы қазынаға түсті. Кіріс жағын барлық аудан-қала толық орындаған. Түсім өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 44,3 млрд теңгеге артық.

Ал бюджеттің шығыс бөлігі 99,3 пайызға игерілген. 9 айда 457 млрд теңге кәдеге жаратылған. Айта кетерлігі, бюджетті орындау көрсеткіші бойынша облысымыз — республикада екінші орында. Бас қаржыгердің айтуынша, 1 қазандағы мәлімет бойынша игерілмеген қаржы көлемі 3,1 млрд теңгені құрайды. Оның басым бөлігі — республикалық қазына қаржысы. Жалпы, алдағы 11 ай қорытындысы бойынша бюджет қаржысын игеру 99,1 пайызға жетеді деп күтілуде. Облыс әкімі қаржының мақсатты әрі тиімді игерілуіне мән беру қажет, деді.

Осы ретте, аймақ басшысы Асайын Байханов халықтың осал топтарына сатып алынатын тұрғын үйлер құрылысы бағытындағы қарқынды сұрады. Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Асқар Әжмұраттың айтуынша, биыл бұл мақсатта 721 пәтер сатып алу көзделген. Бүгінде 127 пәтер сатып алынған, тағы 256-сы бойынша шарттар жасалуда. 338 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Олардың дайындығы 70-80 пайызды құрайтын көрінеді. Қараша айының соңына дейін жоспар орындалатынына сендірді. Облыс әкімі қарқынды күшейтіп, ахуалды жіті қадағалауды тапсырды. Тіпті, өзі де арнайы уақыт тауып, аралап шығатынын мәлімдеді. Сонымен қатар, сапасына да айрықша назар аудару қажеттігін атап өтті.

Міндетті жарна мерзімінде түсуі тиіс

Сонымен қатар, халықты жұмыспен қамту мәселесіне де мән берілді. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Самал Қадырова 9 айда мемлекеттік және жекеменшік жобалар аясында 25,5 мың жұмыс орны құрылғанын мәлімдеді. Олардың 18,6 мыңы – тұрақты. 25 541 адам еңбекпен қамтылған. Олардың 18 мыңнан астамы тұрақты жұмыс тапты. Жұмысқа орналастырылғандардың 81,1 пайызында міндетті зейнетақы жарнасы бар. Бұл тұрғыдан аймағымыз — республикада екінші орында.

Ал Мемлекет басшысының бастамасы бойынша 10 мың тұр-ғынға 10 жаңа жұмыс орнын құру 107,5 пайызға орындалыпты. «Бос жұмыс орындарына орналастыру» көрсеткіші бойынша 9105 адам еңбекпен қамтылған. Олардың 80,6 пайызының зейнетақы жарнасы аударылып отыр. Жалпы алғанда, Павлодар облысы — өңірлік картаны орындау жағынан елімізде екінші орында. Құзырлы басқарма басшысы барлық көрсеткіштер жыл соңына дейін орындалатынына сендірді.

Облыс әкімі Асайын Байханов 9 айда жұмыспен қамту жоспары артығымен орындалғанын атай келе, халықты еңбекпен қамту маңызды міндет екенін ескертті. Сондықтан әр бағыты бойынша шаралар жүйелі жүргізілуі тиіс, деді. Кейбір аудандарда тиісті көрсеткішке жетпеу жағдайларын сынға алды. Мәселен, Ақтоғай, Успен және Железин аудандарында жұмысқа орналасқандардың 30 пайызында міндетті зейнетақы жарналары жоқ. Аймақ басшысы міндетті зейнетақы жарналарының толық аударылуын қамтамасыз етуді тапсырды. Аудан әкімдері жағдайды реттейтіндерін уәде етті.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.