Павлодар қаласында аумақтық әскерлердің лауазымды тұлғаларымен оқу-әдістемелік жиын ұйымдастырылды. Еліміз бойынша үшінші мәрте өткізілген ауқымды шараға барлық өңірдің қорғаныс қызметі қатысты.

Үш күнге жоспарланған шараның алғашқы күні қатысушылар «Достық үйінде» бас қосып, жыл басынан бері атқарылған жұмыстар мен келесі жылға қойылған жоспарларды талқылады. Шараға  облыс және қала әкімдерінің әскери қауіпсіздік және қорғаныс мәселелері жөніндегі көмекшілері, аумақтық және азаматтық қорғаныс жөніндегі басқарма басшылары, аумақтық қорғаныс бригадаларының командирлері қатысты. Дөңгелек үстел барысында аумақтық қорғаныс мәселелері бойынша нормативтік-құқықтық актілердің талаптары, командалық-штабтық оқу-жат-тығуды өткізу әдістемесі, қала-аудандардағы аумақтық қорғаныс қызметінің жоспарын жүзеге асыру сынды өзге де мәселелер бойынша баяндама тыңдалды.

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы аумақтық қорғаныс департаменті бастығының орынбасары, полковник Ғалымжан Қасымбеков ауқымды жиынның маңыздылығына тоқталды.

— Аумақтық әскерлердің оқу-әдістемелік жиыны биыл еліміз бойынша үшінші рет өткізіліп отыр. Бұған дейін Ақтөбе және Петропавл қаласында бас қосқан болатынбыз. Шараға 17 облыс пен 3 ірі қаланың өкілдері жиналды. Ауқымды жиында аумақтық әскерлердің жарты жылда атқарған жұмысы қорытындыланып, алдағы жартыжылдыққа және келесі жылға қойылатын жоспар таныстырылады. Сонымен қатар, әскерлер арасында ұйымдастырылған байқаулардың қорытындысы  шығарылып, саладағы өзекті мәселелер талқыланды. Аумақтық әскерлердің дайындығы да пысықталады. Жиын соңында әр өңірдің қызметіне баға беріледі, — дейді Ғ.Қасымбеков.

Қазіргі уақытта Қарулы күштеріміздің аумақтық әскерлері еліміздің барлық облыс-тарында, республикалық маңызы бар қалаларында және Астанада құрылған. Яғни, сын сағатта тойтарыс беруге әзір аумақтық әскерлеріміз бар. Ендігі мәселе – олардың дайындығын пысықтау.

Атырау облысы әкімінің әскери қауіпсіздік және қорғаныс мәселелері жөніндегі көмекшісі, полковник Руслан Ниетәлиевтің айтуынша,  аумақтық әскерлер кез келген қауіпке және жауға қарсы тұру үшін жауынгерлер ауқымды республикалық оқу-жаттығуларға қатысып тұрады. Ауқымды жиында аймағымыздың аумақтық әскери дайындығы тексеріліп, оқу-жаттығу шарасы өткізілмек.

— Маңызды жиында қозғалған мәсе-лелерді қорытындылаған соң саладағы мәселелерді аймақ басшысына жеткіземіз. Әр баяндамашыны мұқият тыңдап, ойы-мызбен бөлісеміз. Бұдан бөлек, шара аясында әскерилердің жеке құрамы қабылданып, тәжірибе жүзінде жұмыстарын көрсетеді. Яғни, дабыл қағылған кезде офицерлер, сержанттар, сарбаздар шақыру бойынша дұрыс әрекет ете білуі тиіс.  Осы жағдай да пысықталады, —
дейді Р.Ниетәлиев.

Жиынға қатысушылар оқу-жауын-герлік тапсырмаларды орындау барысында аумақтық қорғанысты жоспарлау мен даярлауды ұйым-дастыру, бөлімдер мен бөлімшелерді басқарудағы білімдерін толықтырып, тәжірибелік дағдыларын арттырды.

Еске сала кетейік, елімізде аумақтық әскерлердің құрылғанына 6 жыл толды. 2017 жылғы 13 маусымда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қорғаныс және әскери қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойылған болатын. Ал 2018 жылғы сәуірде әкімдіктердің жанындағы аумақтық қорғаныс құра-малары Қарулы күштер аумақтық әскерлерінің әскери бөлімдері болып қайта
құрылды.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.