Бүгінде ауыл әкімдері жұмысының жүйесі жаңарды. Қазіргі таңда жергілікті жұрт әкімді өздері тікелей дауыс беру арқылы сайлай алады. Ал әкімдердің қолында дербес бюджет бар. Олар қазына қаржысын қандай мақсатта жұмсау тиімді боларын жергілікті қауымдастықпен бірге шешеді. Бұл бағытта тағы қандай өзгерістер керек?
Осы және өзге де мәселелер «AMANAT» партиясының ұйымдастыруымен өткен ауыл әкімдерінің форумында талқыланды. Жиынға аймақ басшысы Асайын Байханов қатысты.
— Биыл мен өңірдің 50-ден астам ауылына барып, мемлекеттік бағдарламалар мен ұлттық жобаларды іске асыру бойынша округ әкімдерімен кездестім. «Қуатты өңірлер — қуатты ел» дегеніміз — жай ғана сөз емес. Ол — Әділетті Қазақстанды құрудағы айқындаушы формула. Ауыл әкімінің қызметі жұмыс күнімен, ал азаматтармен жұмыс істеу тек қабылдау сағаттарымен шектелмейді. Барлығымыздың алдымызда ортақ мақсат — халықтың өмір сүру сапасын арттыру және өңірді дамыту тұр. Бұл — күрделі әрі көпсалалы жұмыс, — деді А.Байханов.
Облыстық және қалалық мәслихаттардың депутаттары, «AMANAT» партиясы өңірлік филиалының мүшелері әкімдермен бірге ашық диалог алаңында ауылдардың өзекті мәселелерін қарады. Соның барысында ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жобалар талқыланды.
Жалпы, облыстағы 355 елді мекен 126 дербес ауылдық бюджетке біріктірілген. Өңірде ауылдық округтердің қарқынды дамуы байқалады. Айталық, биыл жергілікті өзін-өзі басқару бюджетінің көлемі былтырғыдан 21 пайызға өсіп, 21,1 млрд теңгені құрады. Орташа алғанда ауылдық бюджеттің қаржылық қамтамасыз етілуі 9 пайызды құрайды және 90 пайызға дейін жоғары тұрған бюджеттерден субвенциямен және трансферттермен өтеледі.
Сонымен қатар, осы жылы 250-ге жуық жобаны іске асыру үшін бюджеттен 6 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Бұл сома 117 ауылдағы ірі жобаларға бағытталды. Сөйтіп, облыстың барлық ауылдарының үштен бір бөлігі қамтамасыз етілді.
Бұл ретте бизнес пен мемлекеттің өзара әрекеттестігін ерекше атап өткен жөн. Соның аясында соңғы 15 жылда алғаш рет кезекте тұрған осал топ өкілдеріне 800-ден астам пәтер, оның ішінде облыстың 10 ауданында 313 пәтер сатып алынды.
Ауылдарды дамыту мен жаңғыртуға «Ауыл — ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасының да берері мол. Биыл бағдарлама бойынша 15 ауыл қамтылып, су құбырларын, спорт нысандарын, мәдениет үйлерін жөндеу және салу, ауылдарды абаттандыру, ауылдардың кіреберіс жолдарына асфальт төсеу жұмыстары атқарылды. «Ауыл аманаты» жобасы жаңа кәсіпорындар ашуға, қайта өңдеу мүмкіндіктерін кеңейтуге, мал басын көбейтуге, 100-ден астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді.
Форумға қатысқан «AMANAT» партиясы Орталық аппаратының басшысы Мәди Оспанов бүгінгі таңда әкімдер — ел үміті екенін атап өтті.
— Әкімшілік реформа өз нәтижесін көрсетіп отыр. Жергілікті жердегі мәселелерді шешу үшін өкілеттіктер орталық деңгейден төменге беріледі. Ауыл әкімдерін сайлау — саяси жаңғырудың жаңа кезеңі әрі жүргізіліп жатқан реформалардың бірізділігі мен тиімділігін көрсетеді. Бұл сіздерде жергілікті тұрғындардан қолдау бар екенін білдіреді. Сіздер ауылды басқаруда өздеріңіздің жеке модельдеріңізді құра аласыздар. Келесі жылы әкімдердің сайлауы барлық қалалар мен аудандарда өтеді. Сонымен қатар, бюджеттік орталықсыздандыру жүргізілуде. Жергілікті өзін-өзі басқарудың қаржылық дербестігін арттыру қажет. Атап айтқанда, Үкіметке жаңа бюджет және салық кодекстерін әзірлеу шеңберінде ауыл әкімдерінің бюджетті қалыптастыру және қаражатты жұмсау тетігін қайта қарау тапсырылды, — деді Мәди Оспанов.
Форум ауыл әкімдері мен депутаттар арасында тәжірибе алмасуға, бірқатар мәселелерді нақтылауға, болашақтағы жоспарларды анықтауға мүмкіндік берді. Қатысушылар үшін ауылдық округ бюджетін қалыптастыру және пайдалану бойынша оқыту семинар-тренингі де өткізілді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.