Ауылдар көркейіп келеді

Шіл 24, 2025

Ақсу қаласында жойқын дауылдан зардап шеккен әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерді қайта қалпына келтіру жұмыстары әлі де жалғасуда. Бүгінде бірқатар нысанда жөндеу жұмыстары аяқталып, көше жарығының бағаналары қосылуда. Дегенмен, кейбір шағын аудандарда ілулі сымдар мен уақытша электрмен жабдықтау тұрғындарға қолайсыздық тудырып отыр. 

Қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда

Жуырда облыс әкімі Асайын Байханов жұмыс сапарымен Ақсу қаласы және Май ауданына барды. Сапар барысында аймақ басшысы өңірлерде атқарылып жатқан инфрақұрылымдық және әлеуметтік маңызы бар жобалардың барысымен танысты.

Алдымен Асайын Қуандықұлы Ақсу қаласында осыдан бір ай бұрын болған дүлей дауылдан кейінгі жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысымен танысты.

Ақсу қаласының әкімі Болатбек Шәріповтің айтуынша, табиғи апаттан зардап шеккен 18 әлеуметтік нысанның 12-сі толықтай қалпына келтірілген. Қалғандарының жөндеу жұмыстары бірнеше күн дересінде аяқталмақ.

— Ірі нысандардың бірі — үлкен галереясы бар емхана. Көпқабатты тұрғын үйлердің ішінде 79 үй қайта қалпына келтірілді. Барлық үйдегі жұмсақ шатырлар 100 пайыз реттелді. Қазір тек қатты шатырлары бар 18 көпқабатты үй қалды. 319 жеке тұрғын үйдің ішінде 79 үй иесі өтемақысын алды. Жалпы сома шамамен 30 млн теңгені құрады. 183 өтініш бойынша зақымдану көлемі айтарлықтай болмағандықтан, өтемақы төлеуден бас тарту туралы шешім қабылданды. 18 әлеуметтік нысанның 12-сі толық қалпына келтірілді, ал қалған үйлерге қажетті құрылыс материалдары жеткізіліп, жақын күндері жөндеу басталады. Атап айтқанда, №7 және №8 мектептер, №10 және №16 бөбекжай, «Балапан» балабақшасы және «Айгөлек» бөбекжайында жұмыстар аяқталды. Ал №4 орта мектепте, №20 балабақшада және Ақсу қара металлургия колледжінде жалғасуда, – деді шаһар басшысы.

Одан бөлек, дауыл кезінде 443 көше жарығының бағанасы зақымдалған. Бүгінгі күні 360 бағана түзетіліп, монтажға дайын тұр. Қалған қажетті бөлшектер жақын арада жеткізілетін болады.

Облыс әкімі басты міндет үзілген электр желілерін тез арада қалпына келтіріп, тұрғындарды уақытша жарыққа қосу арқылы қолайсыздықты жою екенін баса айтты.

Аймақ басшысы, сондай-ақ қаладағы санитарлық кесуге және дауылдан қатты зардап шеккен жасыл қордың жағдайына назар аударды. Дендрологтардың ұсыныстары бойынша жұмыстарды қатаң түрде жүргізу және инфекциялардың алдын алу үшін кесу жиектерін міндетті түрде өңдеу керектігін атап өтті.

— Егер біз біреуін емдеп, екіншісіне көңіл бөлмесек, онда жүйе дұрыс болмайды. Сондықтан барлығын ақылмен жасау керек, — деді аймақ басшысы.

Жалпы, қала бойынша 4000-нан астам ағаш кесіліп, 2500-і «жасартылған». Тағы 3000-ы өңделуі тиіс. Жұмыстарға мамандандырылған 11 бригада мен 125 техника және 1500-ден астам адам тартылды. Нәтижесінде 7 500 тоннадан астам қоқыс пен бұтақ шығарылды. Кейбір аудандарда ілулі сымдар мен уақытша электрмен жабдықтау шешімдері маңызды мәселе болып қала бермек. Облыс әкімі жауапты құрылымдардан барлық электрмен жабдықтау желісін толық қалпына келтіруді жеделдетуді талап етті.

Осы орайда аймақ басшысы Энергетиктер көшесіндегі 1 мен 3, Астана көшесіндегі 1/1 мен 17 мекенжайларында орналасқан үйлердің тұрғындарымен кездесті. Асайын Қуандықұлы кездесу барысында тұрғындардың саябақты абаттандыру, қоқыстарды жинау, шағын сәулет нысандарын орнату секілді шағымдары мен ұсыныстарын тыңдады. Айтылған ұсыныстар мен шағымдар назарға алынатынын айтты.

Құрылыс барысы қарқынды

Кейін облыс әкімі Ақсу қаласындағы РОК-2 жылу қазандығында жүргізіліп жатқан орташа жөндеу жұмыстарының барысын байқады. Қазіргі уақытта «ЕЭҚ» АҚ-ның бес қазандығы мен төрт энергия блогына күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүруде. Гидравликалық сынақтарды жүргізу барысында жылу желілерінің 62 зақымдалуы анықталған. Бүгінде олардың барлығы жойылды. Ал сынақтың екінші кезеңі тамыз айында өтеді.

Одан бөлек, Ақсу қаласына қарасты Черемушки шағын ауданында кәріз коллекторының жөндеу жұмыстары жүруде. Жұмысқа жауапты «КазСтройСервис-7» мердігері құбырлардың ішін тазартып, жаңа ұңғымаларды орнатады. Барлығы 4,8 шақырым желі қайта жаңартылады. Аталмыш жұмыстар қазан айына дейін аяқталмақ. Жоба құны 2,5 млрд теңгені құрайды.

Айта кетейік, Ақсу қаласында 70-інші жылдардан бері жұмыс істеп келе жатқан 3 кәріз коллекторы бар. Оның бастысы осы Черемушки шағын ауданында орналасқан. Осы уақыт аралығында олар тозып үлгерген. Ал одан шыққан жағымсыз иіс шаһар тұрғындарына жайсыздық тудыруда.

Алғаш рет асфальт төселді

Ақсу қаласынан кейінгі жұмыс сапары Май ауданының Баскөл ауылында жалғасты. Елді мекенде жыл басынан бері «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында бірқатар инфрақұрылымдық және әлеуметтік маңызы бар жоба жүзеге асырылуда.

Май ауданының әкімі Қадылжан Сәтиевтің сөзінше, осы жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы Баскөл ауылында басталған. Жоба шеңберінде елді мекенге 4 шақырымдық жол салынған. Мердігерлік ұйым – «Павлодар жолдары» ЖШС. Бұл жұмыстарға облыстық бюджеттен 850 млн теңге бөлінгенмен, оның 204 млн теңгесі бюджетке салық ретінде қайтарылған.

— Баскөл ауылында 10-ға жуық көше бар. Алайда кейбірінде бүгінге дейін асфальт жол болған емес. Биыл бағдарлама аясында елді мекенге 3,10 шақырым жол салынды. Мердігер демеушілер тарапынан мектеп алаңына, медпункт алдына және мешіт маңына автотұрақтар салып берді. Жалпы, барлық жұмыс мамыр айында аяқталды. Оған қоса, осы ауылдық округке қарасты Жаңатілек ауылына 3,1, Бозша ауылына 2,1, ал Малайсары ауылдық округіне 1,1 шақырым кіреберіс жол жасалды. Бұл жұмыстар мамыр айында аяқталып, пайдалануға берілді. Бүгінде тек осы ауылдық округтің Жаңасарай ауылында жол салынбаған, — деді аудан басшысы.

Сондай-ақ, 9,7 млрд теңгеге Май және Баянауыл аудандарын жалғайтын жол – Ақшиман ауылынан Лекер ауылына дейінгі ұзындығы 36 шақырым болатын төртінші санаттағы жолды жөндеу жоспарда бар. Одан бөлек, Май ауданына кіреберіс жолға жаңа асфальт төсеу, Малайсары ауылындағы екі ауылішілік жолды және айналма жолды жөндеу көзделген.

Орта мектеп пен мәдениет үйі де күрделі жөндеуден өтуде. Жөндеу жұмыстары аясында әлеуметтік мекемелердегі электр мен жылу жүйесі толығымен ауыстырылып, аумақты абаттандыру, ғимараттың ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Мердігерлер аталған жұмыстарды тамыз айының ортасына дейін аяқтауды жоспарлап отыр.

Мұндай игі істер Қаратерек ауылында да атқарылуда. Елді мекенде орта мектеп күрделі жөндеуден өтіп, спорт кешені салынуда.

— Мектептің шатыры мен терезе жақтаулары толық ауыстырылып, ішкі қабырғалар сырланып жатыр. Есіктер мен еден жабындары жаңартылуда. Үш түрлі еден жабындысы қарастырылған. Олар — линолеум, керамогранит және арнайы кабинетке арналған тартылған еден. Сонымен қатар, мектептің сырты термопанельмен қапталуда. Бүгінде жұмыстардың 80 пайызы орындалды, — дейді Май аудандық білім беру бөлімінің басшысы Руслан Еңсебаев.

Ал «Промжилстройкомплекс» мердігерлік ұйымы 389 млн теңгеге бағаланған спорт кешенінің құрылысын өткен жылы бастаған. Қазіргі уақытта шатырды жабу, терезелерді орнату, өздігінен тегістелетін еденді төсеу жұмыстары аяқталды. Тек қаптау және қабырғалардың ішкі бетін жабу жұмыстары атқарылуда.

Аймақ басшысы мекемелердегі күрделі жөндеу және құрылыс жұмыстарының сапалы әрі уақытылы аяқталуы мердігердің бәсекеге қабілеттілігіне тікелей әсер ететінін тілге тиек етті.

Инвестициялық жобалар іске асуда

Май ауданында «Кең дала 2» бағдарламасы аясында 1,7 млрд теңгеге жеті агрожоба жүзеге асырылуда. Оның алтауы – 1,5 миллиард теңгеге «Павлодар» ӘКК арқылы, біреуі «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы қаржыландырылуда. Бұл жобалардың барысын облыс әкімі ауданға жұмыс сапары барысында тексерді.

Ірі жобалардың бірімен «Май Агро М» кәсіпорны айналысып жатыр. Аталған шаруашылық 1200 гектар жерге суармалы алқап салып, тарату желілері мен электрмен жабдықтау желілерін жүргізуді жоспарлап отыр. Жұмыстың құны 1,4 млрд теңгені құрайды.

— Өткен жылы біз көкөніс қоймасын салдық. Оған өз қаражатымыздан 226 млн теңге бөлдік. Қосымша 700 млн теңге «Павлодар» ӘКК арқылы берілді. Барлық қаражат игеріліп, инвестициялық субсидиялар алынды. Қазіргі уақытта учаскеде алты суару машинасы жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта картоп сақтау қоймасын 8,5 мың тоннадан 15 мың тоннаға дейін ұлғайтуды көздеп отырмыз. Алайда оған қаражатымыз жеткіліксіз. Сондықтан қаржыландыруға өтінім бердік. Жоба қаралуда. Қазіргі таңда екі көкөніс қоймасы жұмыс істеп тұр, тағы екеуінің құрылысы биыл аяқталады. Сондай-ақ, тоңазытқыш жабдықтарын сатып алуды, астық қоймасын салуды және өзіміздің тұқым айналымын жолға қоюды жоспарлап отырмыз. Тұқымдар Германиядан сатып алынды, — дейді шаруашылық басшысы Дулат Бекетов.

Май ауданының шаруалары суару жүйесінің арқасында мал шаруашылығынан өсімдік шаруашылығына көше бастады. 2027 жылға дейін «Ақжар-Өндіріс» ЖШС Бозша ауылы маңында 400 гектар, ал «Сапар-Жер» ЖШС Көктөбе ауылының жанында 750 гектар жерді іске қосуды жоспарлап отыр. Екі компания да көкөніс өсіруді мал шаруашылығымен ұштастырмақ.

Жергілікті шаруалармен кездескен Асайын Қуандықұлы олардың ұсыныс-тілектерін тыңдап, олардың кәсібіне сәттілік тіледі.

Ауылда бассейн болады

Өткен жылы облыс әкімінің Май ауданының тұрғындарымен өткен кездесуі барысында ел азаматтары аудан орталығынан бассейн салуды сұраған болатын. Арада бір жыл өткеннен кейін уәде орындалды. Бассейннің құрылысы осы жылдың мамыр айында басталған. Бүгінде жұмыстардың 30 пайызы орындалды. Құрылысқа барлығы 548 млн теңге бөлінген.

Бір қабатты ғимарат 725 шаршы метрді құрайды. Бассейннің өзі төрт жолақты болады. Бір уақытта 24 адамға дейін қабылдай алады. Оның ұзындығы – 25 метр.
Ал тереңдігі әртүрлі. Бір жағында – 1,2 метр, екінші жағында – 1,8 метр. Әкімшілік-тұрмыстық ғимаратта киім ауыстыратын екі бөлме, инвентарлық бөлмелер, жаттықтырушыларға арналған бөлмелер, медбике және әкімшілік кабинет болады.

Сондай-ақ, аудан орталығында жылу магистралінің жөндеу жұмыстары мерзімінен бұрын жүріп жатыр. Жөндеу жұмыстарына жауапты Павлодар қаласының мердігері «Story Company 2017»
20 сәуірден бастап жалпы ұзындығы 2,7 шақырымды құрайтын жылу трассасын жөндеуде. Барлық залалды жоюға 280 млн теңге бөлінді. Бүгінгі күні құбырларды төсеу үшін траншеялар қазылып, 2,6 шақырым құбыр тартылып,
17 нысанның 12-сі қосылды. Жұмыстың 85 пайызы орындалған. Жылу магистралін пайдалануға беру 20 қыркүйекке жоспар-ланғандықтан, жұмыс мерзімінен бұрын жүріп жатыр деуге болады.

– Қалған жұмыстарды айдың соңына дейін аяқтаймыз. Кейін тек құбырларды шаю мен қосу қалады. Барлық ақаулар жойылды. Бұл үшін асфальтқа зақым келтірмей, құбырларды бес рет тесіп өттік. Бақылау гидравликалық сынақ тамыз айында өтеді, – деді мердігерлік ұйымның басшысы Кенжебек Әбжақов.

Асайын Байханов барлық жұмысты жылыту маусымы басталғанға дейін аяқтауды тапсырды.

Айдана БОРАНБАЕВА.

Ақсу қаласы, Май ауданы.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.