Ауылдағы аумақтар абаттандырылуда

Шіл 31, 2025

Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков облыс орталығына қарасты ауылдардың тұрғындарымен тұрақты кездесуді жалғастыруда. Соның барысында елді мекенде атқарылған жұмыстарға тоқталып, жоба-жоспарлармен бөлісті. Көпшіліктің талап-тілектеріне де құлақ түріп, ұсыныстарды назарға алды.

Қала әкімінің жұртшылықпен жүздесуі барысында біраз уақыттан бері қордаланып қалған мәселелердің түйінін тарқату жолдары талқыланады. Айталық, бұған дейін Павлодар ауылында электр энергиясының желілері жиі үзіліп, қолайсыздық тудыратын. Соның салдарынан тұрғындардың үйлеріндегі талай тұрмыстық техника жарамсыз да болып қалды. Алдағы уақытта жарық «жалп» етіп сөніп қалмас үшін, баспаналар мен нысандарды электр энергиясымен үздіксіз қамту үшін ауқымды істер қолға алынды. Бұл туралы Хасар Хабылбеков аталмыш ауыл тұрғындарымен өткен кездесуде тілге тиек етті. Атап айтқанда, қосалқы станция орнатылып, бірінші желі іске қосылды. Қазіргі таңда 1а фидерін тарту жұмыстары жалғасуда. Тамыз айында екінші желі қосылады. Мұның барлығы электр қуатының жиі үзілу мәселесін шешуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, елді мекенге кіреберіс жолдар абаттандырылды. Жалпы, жыл басынан бері 34,5 шақырымнан астам жол жөнделіп, 5 аялдама орнатылды. Тағы төрт аялдама қою бойынша тиісті жұмыстар жүріп жатыр. Ауылда абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстары жалғасуда.

Сол сияқты облыс басшылығының қолдауымен Кенжекөл ауылы да кезең-кезеңімен абаттандырылып келеді.

— Инфрақұрылымды жақсарту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Айталық, 4 шақырым жол асфальтталды, көше жарығына 68 бағана орнатылды, ұзындығы 3,74 шақырым болатын электр желісі тартылды, тартан жабыны бар үш заманауи балалар алаңы салынды. Сол сияқты ауыл тұрғындарының жайлы демалысы үшін шағын саябақ пайдалануға берілді, — деді Х.Хабылбеков.

Бұл ретте Кенжекөл ауылының тұрғындары жергілікті атқарушы органдардың жұмысына оң бағасын бергенін атап өту керек. Сондықтан болар, кездесу барысында айтарлықтай сұрақтар мен ескертулер болған жоқ.

Ал Атамекен кентінің тұрғындары қала әкімімен жүздесу барысында инфрақұрылымдық жобалардың сәтті жүзеге асып жатқанын атай келе, абаттандыруға қатысты бірқатар ұсынысты ортаға салды. Билік пен бұқара күн тәртібінде тұрған өзге де өзекті мәселелерді талқылады.

Айта кетелік, биыл Атамекен кентіндегі Отырар, Мақажанов, Шолохов, Құрманғазы, Ғарышкер көшелері мен екі қабатты үйлер орналасқан Мақажанов көшесінің учаскесіндегі жалпы ұзындығы 4,5 шақырым болатын жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Панфилов, Қазыбек би, Бұқар жырау және Олжабай батыр көшелерінде 5,1 шақырым жол жөндеу жалғасуда.

Сондай-ақ, Мақажанов және Айдагөл көшелерінде заманауи балалар ойын алаңдары орнатылды. Саябақтар мен қоғамдық кеңістіктер абаттандырылуда.

Хасар Хабылбековтің ауыл мен шағын аудан тұрғындарымен кездесуі алдағы уақытта да жалғасады.

 

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.