ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің бір топ депутаты өңірімізге жұмыс сапарымен келді. Олар аудан-қалаларды аралап, әлеуметтік маңызы бар нысандарға барып, тұрғындармен кездесуде.
Жүздесу барысында ауыл-аймақты дамытуға қатысты өзекті мәселелер талқыланып, жұртшылық өз кезегінде ұсыныс-тілектерін білдірді. Сенат депутаты Ернұр Әйткеновтің жұмыс сапары Май ауданынан басталды. Мұнда аудан активімен, жергілікті депутаттармен жүздесті. Кейін Кеңтүбек ауылындағы мәдениет үйінің, Баскөл ауылындағы су тазарту станциясының жұмыс барысымен танысты. Сонымен қатар, аудандық аурухана, Көктөбе ауылындағы Е.Мұқашев атындағы мектепке барды.
— Кезінде өзім де осы мектептің қабырғасында білім алып, үлкен өмірге қанат қаққан едім. Қазір мектебіміздің бейнесі заман талабына сай өзгеріп, оқушылардың білім алуы мен қызметкерлердің жұмыс жасауына жан-жақты жағдай жасалған. Бастысы, қызметкерлер жылу маусымы кезінде ғимараттың іші жылы екенін атап өтті. Бүгінгі күні мектепке спорт залы қажет. Осы орайда аудан депутаттары аталмыш мәселені көтерді. Өз тарапымыздан бұл сұрақтың оңтайлы шешілуіне барынша үлес қосатын боламыз, — деді депутат.
Сонымен қатар, Ернұр Әйткенов Аққулы ауданы Тілектес ауылында жақында салына бастаған мектептің құрылыс алаңында болды.
— 2024 жылдың шілде айында ауданға іссапарымның аясында Тілектес ауылының тұрғындарымен кездесіп, мектеп құрылысының жоспарымен танысқан болатынмын. Бүгін де аталмыш нысанға ат басын тіреп, құрылыс барысын көріп қайттым. Тиісті жұмыстар осы жылдың тамыз айының соңында аяқталады деп күтілуде, — деді Е.Әйткенов.
Ал Мәжіліс депутаттары – Нұржан Әшімбетов, Жарқынбек Амантай және Вера Ким Екібастұз қаласындағы әлеуметтік маңызы бар нысандардың ұжымымен кездесті. Шаһардағы жылу-электр станциясының бүгінгі жай-күйін көріп, қаланы жылумен үздіксіз қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, №17 мектеп базасында орналасқан «Қайнар» балалар бассейні, жаңадан салынған «Самғау» балалар шығармашылық орталығында да болды.
— Мұндай бағыттағы ғимараттарды ашу, дамыту маңызды. Олар балаларға өз таланттарын ашуға және сүйікті істерімен заманауи жағдайларда айналысуға мүмкіндік береді, – деді Вера Ким.
Кейін депутаттар тобы бес қабатты үш тұрғын үйдің құрылыс алаңдарын аралады. Депутаттар құрылыс қарқыны мен сапасымен танысып, мердігерлермен тілдесті. Сол сияқты Мәжіліс өкілдері Успен ауданының тыныс-тіршілігімен, азаматтық қорғаныс және жұмылдыру дайындығымен танысып, Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылы-ғына қарасты 5512 әскери бөлімінде болды. Сенат және Мәжіліс депутаттары ауыл-аймақта, әлеуметтік нысандарда көтерілген мәселелердің барлығын назарға алып, алдағы уақытта шешім жолдарын қарастыратынын атап өтті.
Өз тілшіміз.