Жексенбі күні облыстағы алты ауылдық округтің әкімі ауысты. Елді мекен тұрғындары бұл саяси науқанға белсене қатысып, ауылға басшылық ететін азаматты тікелей таңдады. Сайлаушылардың қатарында барлық үміткерге қарсы дауыс берген тұрғындар да болды.
Май ауданы Ақшиман ауылдық округінде дауыс беру құқығына ие 164 азаматтың 135-і өз таңдауын жасады. Оның ішінде 19 адам үй жағдайында дауыс берді. Нәтижесінде екі кандидаттың ішінен уақытша жұмыссыз болып тіркелген Мұрат Исин ауылдықтардың басым қолдауына ие болып, әкім атанды. Оның кандидатурасын 70 тұрғын таңдаса, қарсыласы Ерлік Нұралинге 62 адам дауыс берді.
Успен ауданы Ольгин ауылдық округі бойынша сайлаушылар тізіміне 431 азамат енгізілді. Дауыс беруге 235 сайлаушы, оның ішінде дауыс беруге арналған үй-жайлардан тыс 13 сайлаушы қатысты. Жалпы, әкім атанудан үміткер ретінде үш адам тіркелді. Сайлау қорытындысы бойынша ауылдық округ әкімі болып Серік Мақатаев сайланды. Ол бұған дейін аудандық мансап орталығына басшылық еткен еді. Атап өтерлігі, бұл науқан барысында 9 бюллетеньге «Барлығына қарсы» белгісі қойылған.
Ең қызу «тартыс» Павлодар ауданында болды. Бұл күні ауданға қарасты төрт бірдей ауылдық округте әкім сайлауы өтті. Заря ауылдық округі әкімі атанудан төрт кандидат үмітті болды. Ал дауыс беруге барлығы 688 сайлаушы келді. Аудандық сайлау комиссиясының мәліметінше, Гүлнар Қыпшақбаеваға 10 дауыс, Любовь Линникке 2 дауыс, Мақсат Солтановқа 316 дауыс және Зейнеп Токинаға 337 дауыс берілді. «Барлығына қарсы» белгісі бар 8 бюллетень есептелді. Сөйтіп, осы ауылдық округ әкімі аппаратының бас маманы болып еңбек еткен Зейнеп Зейноллақызы енді ауылға жетекшілік ететін болды.
Ал Кемеңгер ауылында 1860 сайлаушының 1098-і өз таңдауын жасады. Бұл елді мекеннің тізгінін қолға алуға екі кандидат ниет білдірді. Әлия Киреева 901 дауыс жинаса, Ермек Татеновті 178 ауылдасы қолдады. Бес адам екі кандидатқа да қарсы екенін бюллетеньмен білдірді. Сайлау қорытындысы бойынша «Ertis» жоғары инновациялык-аграрлық колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болған Әлия Еркенқызы Кемеңгер ауылдық округі әкімі болып сайланды.
Рождественка ауылдық округі бойынша сайлаушылар тізіміне 1487 азамат қосылып, оның 848-і бюллетень алды. Үш кандидаттың ішінен Ольгинка орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарған Әлхан Қизатов 592 дауыс жинап, әкім атанды. Өзге кандидаттар – Нұрлан Кәрімовке 101, Қуаныш Нұрғожинге 128 адам дауыс берді. 8 сайлаушы үшеуінің де кандидатурасын құптамайтынын бюллетеньде көрсетті.
Чернорецк ауылдық округінде жалпы 1715 адам дауыс беру құқығына ие. Бұл күні 877 адам дауыс беруге қатысты. Ал бюллетеньде үш үміткердің есімі жазылды. Олардың қатарында Анар Бейсекеева 51, Айдархан Қабылбеков 24, Серік Омаров 759 дауыс жинады. Қорытынды бойынша «Строй Групп PVL» ЖШС директорының шаруашылық бөлімі жөніндегі орынбасары Серік Ыдырысов ауыл әкімі атанды. Енді 14 желтоқсан күні Железин ауданы Новомир ауылдық округінің азаматтары өз әкімін сайлайды. Бұл елді мекендегі саяси науқанға төрт кандидат тіркелді.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.
Суретті түсірген — Есенжол Исабек.
