Өткен жексенбіде облыстағы бірнеше ауылдық округте әкімдер сайлауы өтті. Павлодар қаласы, Аққулы, Ақтоғай, Баянауыл және Тереңкөл ауданындағы тұрғындар тікелей дауыс беру арқылы әкімді сайлады.
28 шілде күні Мойылды ауылында ауыл әкімінің сайлауы өтті. Жергілікті сайлау комиссиясының мәліметінше, дауыс берушілер тізіміне 1180 азамат енгізілген. Саяси науқанға 649 адам қатысқан. Жұртшылық екі кандидаттың ішінен Жеңіс Әбікенге көп дауыс беріп, оны әкім ретінде лайық деп таныған. Бұған дейін де Мойылды ауылы әкімі лауазымында болған Жеңіс Сартайұлы 552 дауыс жинап, жеңіске жетті. Ал Ақтоғай ауданының Ақжол ауылдық округінің тұрғындарының басым бөлігі сайлауға түскен 3 кандидаттың ішінен Темірбай Қуановты таңдады. Темірбай Нұрқанұлы сайлаушылардың 319 дауысына ие болды. Бұл ауылдық округте сайлаушылар тізіміне 550 адам енгізіліп, дауыс беруге 406 адам қатысқан.
Аққулы ауданының Қызылағаш ауылдық округінде өткен әкімдер сайлауында 161 дауыспен Динара Калиакпарова жеңіске жетті. Тұрғындар сайлауға түскен 3 кандидаттың ішінен осы үміткерді лайық деп таныған. Динара Табылдықызы бұған дейін Аққулы ауданы әкімінің аппаратында бас маман болып қызмет атқарған. Ал Баянауыл ауданының Ұзынбұлақ ауылдық округінде өткен әкім сайлауына 342 адам қатысқан. Жұртшылық екі кандидаттың ішінен Дүйсен Қашарбековке көп дауыс берген. Ол 317 дауыспен жеңіске жетті. Дүйсен Нәсіпұлы бұған дейін Ұзынбұлақ ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы болып жұмыс істеген.
Тереңкөл ауданының Алтай ауылдық округінің әкімі болып Алтынай Дүйсембаева сайланды. Дауыс беруге қатысқан 380 адамның 314-і 3 кандидаттың ішінен Алтынай Қайырбекқызын таңдаған. Ол бұған дейін де осы ауылдық округте әкім қызметін атқарған.
А.АСҚАРҚЫЗЫ.