Әрбір ауданда тұрғындарды толғандырған мәселе бар. Жұртшылық күн тәртібіндегі өзекті тақырыптарды халық пен билік арасындағы көпір — мәслихат депутаттары арқылы шеше алады. Сол үшін де сайлаушылар лайық деп танылған кандидатқа дауыс береді. Бұл ретте Аққулы аудандық мәслихатының депутаттары бір жылдан бері сайлаушылардың талап-тілегін қаншалықты ескеруде? Бір жыл ішінде қандай жұмыстар атқарылды? Осы және өзге де мәселелерді білу мақсатында Аққулы аудандық мәслихат төрағасы Алма Қасымовамен тілдескен болатынбыз.
— Алма Жантемірқызы, Аққулы аудандық мәслихат депутаттары бір жылдың ішінде қандай жұмыс атқарды?
— Аудандық мәслихаттың сегізінші шақырылым депутаттары іске кіріскен сәттен бастап 14 сессия (10 кезектен тыс және 4 кезекті) өткізді. Онда барлығы 57 мәселе қаралды. Бұл ретте аудан және ауылдық округ бюджеттерінің нақтылануы, бекітілуі, орындалуы, жайылымдарды басқару және пайдалану жөніндегі жоспарды жүзеге асыру, коммуналдық қалдықтарды басқару жөніндегі бағдарламаны іске асыру мәселелері қарастырылды. Сондай-ақ, ауылдық округтерде өткізілетін жиналыстардың регламенттері бекітілді, сайлау комиссияларының мүшелерін сайланды, ауылдық округ әкімдерінің есептері тыңдалды. Әділет органдарында мемлекеттік тіркеуден 16 нормативтік құқықтық акт өтті.
Аудандық мәслихат жанынан бюджет, агроөнеркәсіп және әлеуметтік мәселелер жөніндегі 3 тұрақты комиссия құрылды. Комиссия мүшелері 14 отырыс өткізіп, 78 мәселені қарады. Отырыста азық-түлік бағасын тұрақтандыру, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалану, жайылымдарды басқару және пайдалану, электр энергиясы және тұрғын үймен қамтамасыз ету, су тасқынына қарсы іс-шараларды ұйымдастыру, коммуналдық меншікті басқару жағдайы, автомобиль жолдарының жағдайы туралы мәселелер қозғалды. Осылайша, мәслихат депутаттары аудандағы күн тәртібінде тұрған өзекті тақырыптарды назарда ұстап келеді.
— Былтырғы сайлаудың нәтижесінде аудандық мәслихат құрамы қалай өзгерді? Жаңашыл депутаттар бар ма?
— Депутаттық құрам 90 пайызға жаңарды. 10 депутаттың 4-уі әйел адам. Орташа жасы 49-ды құрайды. Барлық депутаттар білімді, білікті, белсенді деп айта аламын. Халықпен тығыз байланыста. Жүктелген міндетті атқаруда. Мәселен, депутат Қ.Қайырбеков 2023 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауын насихаттау мақсатында өткен «Қазақстан Республика-сының үздік мәслихат депутаты» атты респуб-ликалық байқауының жеңімпазы атанды.
Депутат Т.Шакарманов қоғамдық, спорттық өмірге белсенді араласады. Ағымдағы жылдың сәуір айында Астана қала-сында ұйымдастырылған Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресей Федерациясының шебер-лері арасында «Sambo Grand Prix Astana2024» республикалық турни-рінде өз салмақ дәре-жесінде 1-орынды иеленді. Сондай-ақ батыр Жылқайдар Тәстенбекұлына ескерткіш орнатуға түрткі болып, атсалысқаны үшін Абай облыстық мәслихаты төрағасының Алғыс хатымен марапатталды. Депутат Т.Шакарманов аграрлық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссияның мүшесі, көптеген мәселелердің шешімін білетін білікті маман ретінде мәслихат жұмысына өзінің қомақты үлесін қосуда.
Депутат Е.Наскенов, Д.Шалабаев ауданымыздың ауыл шаруашылығы саласын жетік меңгеріп, дамуына үлестерін қосып келеді. Аграрлық комиссия отырыстарында бірқатар өзекті мәселені шешуге атсалысуда. Барлық депутат өзіне жүктелген міндетті барынша атқаруда.
— Тұрғындарды көп жағдайда қандай мәселе алаңдатады? Олардың өтініш-тілектері қалай қаралады?
— «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес, аудан әкімдігінің OPEN алаңында азаматтарды қабылдаудың бірыңғай күні ұйымдастырылады. Бұдан басқа, мәслихат депутаттары өздерінің сайлау округтерінде қабылдаулар өткізеді. Бұл ретте 33 қабылдау өткізіліп, 70 тұрғынның мәселесі тыңдалды. Қабылдаулар кезінде 100-ге жуық мәселе қарастырылып, оның 60 пайызы оң шешімін тапты. Жалпы, депутаттар әлеуметтік қолдау, экономика, денсаулық сақтау, білім беру, көлік және азаматтардың мүдделерін қозғайтын басқа да мәселелер бойынша 72 депутаттық сауал жолдады. Көп жағдайда халықты әлеуметтік, тұрмыстық мәселелер алаңдатады.
Аудан мәслихаты облыстық мәслихатпен тығыз байланыс орнатқанын атап өту керек. Мәселен, жергілікті депутаттар облыстық мәслихат депутаты Нағимаш Жүсіповамен бірлесіп азаматтарды қабылдау шарасын ұйымдастырады. Өткен жылы 6 қабылдау өткізіліп, 13 депутаттық сауал жолданды. Тұрғындардың өтініш-тілектерін ескеру — біздің міндетіміз.
Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, азаматтардан түскен өтініштерді қарастыру кезінде бірқатар өтініш шешімін тапты. Бұл ретте депутаттық сауал жолдау арқылы мектеп кітапханашыларына 25 пайыз үстемеақы төлеу, Аққулы ауылында Майқарағай-Аққулы автобус маршруты жолаушыларын отырғызу пунктін ұйымдастыру, медициналық пункттерді жедел жәрдем автокөлігімен қамтамасыз ету, бактериологиялық зертханаға лицензия алу, Аққулы ауылында спорт алаңын, одан басқа бірнеше ауылдарда балалар және шағын футбол алаңдарын салуға қаражат бөлу мәселелері шешілді. Сондықтан жұртшылықтың талап-тілегі ескерілуде деп айта аламын.
— Аудандық мәслихат төрағасы ретінде өзіңізге жүктелген міндетті қалай атқарып жүрсіз?
— Мәслихат депутаты болып сайлану — сайлаушылар тарапынан маған білдірген үлкен сенім. Мәслихат төрағасы ретінде қызмет атқару үстеме жауапкершілік жүктейді. Ең алдымен азаматтарды толғандыратын мәселелерді шешуге атсалысуға тырысамын. Жергілікті атқарушы органдардың құзіретіне енбейтін мәселелерді облыстық мәслихат депутатымен бірлесіп шешеміз. Аудандағы барлық ауылдық округтерді аралап, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау жүргіземін. Депутаттық мониторингті жүзеге асырамыз. Аудандық ардагерлер кеңесімен, қоғамдық кеңес өкілдерімен, «Нұр Ана» қоғамдық бірлестігімен және жастармен тығыз байланыс орнатылған.
Жуырда әріптесім Е.Шәкіровпен бірлесіп, аудан орталығында тұрғындар алдында атқарылған жұмыстар жөнінде есеп бердік.
— Ауданда жыл сайын күн тәртібінен түспей келе жатқан мәселенің бірі – малға арналған жайылымының аздығы. Ауылдағы халықтың негізгі күн көрісі – төрт түлік. Тұрғындарды толғандырған басты мәселеге депутаттар қалай араласуда?
— Сұрағыңыз орынды. Өткен жылы аграрлық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссия отырысында жерлерді тиімді пайдалану мәселесі қарастырылған болатын. Облыстық жер ресурс-тарын басқару департаментіне заңнамаға сәйкес тексеру жүргізу үшін жалпы алаңы 15074,9 га 9 жер учаскесінің құжаты жолданып, 1000 га жер мемлекеттік меншікке қайтарылды. «Amanat» партиясының сайлауалды бағдарламасының «Жер аманаты» жобасы шеңберінде ауыл шаруашылығы жерлерін айналымға тарту 2023 жылы жоспар 5 мың га болған кезде жер учаскелерін ауыл шаруашылығы айналымына тарту іс жүзінде 5,5 мың га немесе 110 пайызды құрады. Бұл ретте пайдалануға барлығы 17 жер учаскесі берілді. Жыл басынан бері 2 га жер учаскесі ауыл шаруашылығы айналымына берілді. Биыл тағы да жалпы ауданы 6 мың га жер телімін шығару жоспарлануда. Сондықтан бұл мәселе де назарға алынған.
— Ауылдағы халықты таза ауызсу, жол мәселесі алаңдататыны белгілі. Бұл бағытта қандай іс атқарылды?
— Биыл аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын орташа жөндеу бойынша 8 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Бұл ретте Мерғалым, Малыбай, Төсағаш, Шарбақты ауылдарындағы кіре беріс жолдарға жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, Аққулы, Қарақала, Қызылқоғам, Ямышев ауылдарының ауыл арасындағы жолдары жөнделетін болады.
Тұрғындарды ауызсумен қамта-масыз ету мәселесі Аққулы ауылынан басқа елді мекендерде толығымен шешілген. Аққулы ауылында су құбырын қалпына келтіру жұмыстары жауапсыз мердігердің салдарынан бірнеше жыл қатарынан шешімін таппай келеді. Қазіргі уақытта жобаға түзетулер енгізілді. Облыстық бюджеттен қаражат бөлінеді деп күтілуде.
— Шалғай ауылдардағы халық санын арттырып, кадр тапшылығы мәселесін шешуде арнайы бағдарлама қосылған болатын. Депутаттар Оңтүстік өңірден отбасыларды шақыруға қалай атсалысуда?
— Былтыр ауданымызға Оңтүстік Қазақстан облысынан келген бір топ делегациямен бірге аудандық мәслихат депутаттары көшіп келген отбасылардың жағдайымен танысты. Биыл ауданға жалпы саны 231 адамнан тұратын 66 отбасын көшіру жоспарланған болатын. Қазіргі таңда 88 адамнан тұратын 22 отбасы көшіп келді. Мәслихат депутаттары тұрақты түрде осы отбасылардың жағдайларымен танысып, мәселелерін шешуге көмектесіп тұрады. Бұл бағытта Мансап орталығымен байланыс орнатылған.
— Ал ауылға жас мамандарды тартуда қандай жұмыстар атқарылуда?
— Аудандық мәслихаттың әлеуметтік және мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия жастар мәселесін жиі бақылауда ұстайды. Былтыр аудандық кітапханамен бірлесіп, ауданымыздың жетістікке жеткен жастары жөнінде кітап шығарған болатынбыз. Осы кітапқа түрлі салада жұмыс істеп жатқан жастар енді.
Өткен жылы ауданға 48 жас маман жұмыс істеуге келді. Оларға мемлекет тарапынан көтермеақы беріліп, тұрғын үй алуға пайызсыз несие берілді. Биыл да жас мамандарға осындай көмек көрсетілетін болады.
Денсаулық сақтау саласында дәрігер тапшылығы мәселесі бар болатын. Бүгінде аудандық аурухана хирург, терапевт мамандарымен толықты. Мәселе біртіндеп шешіліп келеді.
— Алдағы уақытта жүзеге асырылатын жоспармен бөліссеңіз…
— Қазіргі уақытта депутаттар тұрғындармен кездесіп, бір жыл ішінде атқарған жұмыстары туралы есеп беруде. Сондай-ақ, аудан аумағында жүзеге асырылатын жобаларға мониторинг жүргізуде.
Жуырда мүмкіндігі шектеулі адамдарды оңалту мәселелері жөніндегі депутаттық топ құрылды. Аталған топ мүмкіндігі шектеулі адамдарға әлеуметтік қызметкерлермен кездесу ұйымдастырды. Сонымен қатар, тұрғындар тарапынан аудандық аурухананы күрделі жөндеуден өткізу қажеттігі туралы шағым көп түсуде. Әсіресе, жылу жүйесі ескіргенін жиі айтады. Бұл мәселе біздің бақылауымызда. Жуырда депутаттар аудандық аурухана қызметімен танысып, медициналық-әлеуметтік сараптама өткізу жұмыстарына мониторинг жүргізді. Болашақта осы бағыттағы жұмыстар жалғасын табатын болады.
— Әңгімеңізге рақмет! Жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз!
Айдана ҚУАНЫШЕВА.