Биыл облыстық мәслихаттың жаңғырту жұмыстары басталғаны белгілі. Соның аясында Павлодар облысы мен Астана қаласының мәслихаттары ынтымақтастығын арттырып, өзара әріптестікті бекіте түсуге бейілді. Осы мақсатта қос тарап меморандумға қол қойды.

 

Бас қалада өткен кездесу барысында Астана қалалық мәслихатының төрағасы Ерлан Қаналимов пен Павлодар облыстық мәслихатының төрағасы Илья Теренченко өзара әріптестік туралы меморандум жасады. Мақсат – инновациялық жобаларды бірлесе жүзеге асыру, тәжірибе, ақпарат алмасу, ұсыныстарды қарау және талқылау, тиімді жергілікті басқаруға бағытталған шараларға қатысу. Соның негізінде тараптар бірқатар бағыт бойынша бірлесе әрекет етпек. Олардың қатарында ортақ семинарлар, конференциялар, дөңгелек үстелдер ұйымдастыру, кеңестер беру сынды шаралар бар.

Облыстық мәслихат төрағасы Илья Теренченко мұндай байла-ныстың тек мәслихаттар жұмысы үшін емес, тұтас қоғамға пайдасы зор боларына сенім білдірді.

— Биыл мәслихат жұмысы жандана түсіп, жаңа бағыттардағы жұмысын жетілдіре түскені мәлім. Соның бір тармағы – Астана қалалық мәслихатымен бірлескен жұмыс. Депутаттық корпустың негізгі міндеті – әлеуметтік-экономикалық дамуға ықпал етіп, тұрғындардың талап-тілектеріне құлақ түре отырып, мәселелерінің оң шешім табуына көмектесу. Сонымен қатар, депутаттардың біліктілігін арттырып, олардың тәжірибе алмасуы маңызды. Бұл тұрғыдан алғанда жаңа әріптестік байланыс өз жемісін береді деген сенімдеміз, — деп түйіндеді облыстық мәслихат төрағасы.

Өз тілшіміз.