Облысымызға Ресей Федерациясы Новосібір облысының губернаторы Андрей Травников бастаған делегация келді. Ресми кездесу барысында қос тарап өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
Өңірде Новосібір облысының мәдениет күндері өтті. Бұл сапар Ресей мен Қазақстанның Уфадағы XX өңіраралық ынтымақтастық форумы барысында өткен екі өңір басшылары кездесуінің жалғасы болды.
Новосібір облысы дәстүрлі түрде өзара сауда көлемі бойынша Павлодар облысының сыртқы экономикалық әріптестері арасында жетекші орындардың біріне ие. Өңірлер өнеркәсіп, сауда, ауыл шаруашылығы, көлік, мәдениет, спорт және білім беру сияқты салаларда белсенді әріптестік байланыс орнатқан.
Ресми кездесу барысында екі өңірдің мәдениет және білім беру мекемелері арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Құжат мәдени байланыстарды дамытып, нығайтуға бағытталған бірлескен іс-шараларды өткізуді көздейді.

— Біздің ұлттық міне-зіміздің айрықша белгілері әрқашан ашықтық пен толеранттылық болды. Дәл осы қасиеттер біздің халқымыздың басты құндылықтары — бірлік пен келісімнің негізінде жатыр. Ынтымақтастық пен шекара маңындағы байланыстар әлеуметтік-экономикалық интеграцияның маңызды драйверлері болып қала береді, — деп атап өтті Асайын Байханов.
Сондай-ақ, сапар аясында облыс әкімі аймақтың инвестициялық әлеуетін, атап айтқанда «Павлодар» арнайы экономикалық аймағының мүмкіндіктерін таныстырды. Естай атындағы мәдениет сарайында Новосібір облысының мәдениет күндерінің салтанатты ашылуы болды. Қонақтарға «Место притяжения — Сибирь» сахналық костюмдер көрмесі ұсынылып, Новосібір облысының шығармашылық ұжымдарының қатысуымен концерт өтті.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.