Бүгінгі таңда елімізде саяси науқандардың көбейгені байқалады. Айталық, осыдан жарты жыл бұрын Мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайласақ, 5 қарашада тұрғындар аудан әкімдерін таңдамақ. Осындай маңызды оқиғалардың барысында заң талаптарының қатаң сақталуын, науқанның әділ түрде өтуін тәуелсіз байқаушылар қадағалайды.

Ол үшін алдымен байқаушыларды оқытып, оларға саяси науқан кезінде назар аударатын басты мәселелерді түсіндіру керек. Осы мақсатта облыста арнайы оқыту семинарлары өтті. Соның барысында әр аудандағы тәуелсіз байқаушылар біліктілігін шыңдап, білімін тереңдете түсті. Облыс орталығында аймағымыздағы ең көп учаске – 120 сайлау учаскесі болғандықтан, үш семинар ұйымдастырылды.

— Қазіргі таңда тұрғындардың тікелей дауыс беруі арқылы өтетін саяси науқандардың саны артты. Бұл өз кезегінде байқаушыларға қойылатын талапты да күшейтеді. Олар дауыс беру процесінің ашық әрі әділ түрде өтуін бақылау үшін өздері де жан-жақты білімді болуы керек. Мәселен, сайлау, учаскелік комиссия мүшелерінің қызметі мен міндетін, кандидаттардың, партиялардың тарапынан ұсынылған байқаушылардың құқықтарын білуі керек. Сол кезде ғана саяси науқанның барысын жоғары деңгейде қадағалай алады. Осы мақсатта сайлау, дауыс беруге қатысты кең ауқымды мәселелерді қамтитын арнайы оқыту семинарларын ұйымдастырдық, — дейді «Дауыс» коалициясының Павлодар облысы бойынша үйлестірушісі Алма Қозбаева. Бұл жолы 400-ден астам адам оқудан өтті. Білікті сарапшылар мен мамандар әр ауданды аралап, бар білгенімен бөлісті. Сайлау жүйесінің қыр-сырын үйренген байқаушылар 5 қарашада үш ауданда өтетін әкім сайлауының барысын басты назарда ұстайды.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.