Барлық салада өсім бар

Сәу 10, 2025

Бұрнағы күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев облыс әкімі Асайын Байхановты қабылдады. Аймақ басшысы Президентке Павлодар облысының былтырғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы есеп беріп, алдағы кезеңге арналған жоспарларды таныстырды.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа өткен жылы Павлодар облысында экономиканың барлық негізгі саласы бойынша өсім байқалғаны жөнінде баяндалды. Былтыр өңірлік жалпы өнім 5,8 пайызға ұлғайды. Аймаққа 1,1 триллион теңге инвестиция (38 пайызға өскен) тартылды. Бұл – рекордтық көрсеткіш.

Президентке құрамында алтын бар концентратты қайта өңдеу және ферроқорытпа өндірісі бойынша 2 ірі жобаның жүзеге асырылатыны туралы айтылды. Екібастұзда қуаттылығы 460 мың тонна болатын 3 ферроқорытпа зауытын салу жоспарланған. Бұл кәсіпорындар іске қосылса, Қазақстан ферроқорытпа өндірісі бойынша әлемде екінші орынға шығады.

Сонымен қатар, барлық әлеуметтік міндеттеменің жүйелі түрде орындалып жатыр. Облыста 30 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, 40 жаңа нысан пайдалануға беріліп, 83 әлеуметтік ғимарат жаңғыртудан өткен. Қосымша білім беретін 3 орталық, барлығы 1800 оқушыға арналған бірнеше «Жайлы мектеп» салынған. Апаттық жағдайдағы мектептердің орнына 3 білім беру нысаны бой көтеріп, 26 оқу ордасы жөнделген.

Облыс әкімі соңғы 20 жылда алғаш рет жылумен жабдықтау желілерінің тозу деңгейі 1,3 пайызға төмендегенін айтты. Қоғамдық көлік 80 пайызға жаңартылып, 230 автобус жеткізілген. Еуропалық қайта құру және даму банкінің есебінен трамвай паркі жаңарып жатыр. Жаңа 25 вагонның алғашқы партиясы биыл қыркүйекте жеткізіледі.

Мемлекет басшысы инвестиция тартуды жалғастыру, «Жайлы мектеп» ұлттық жоспарын сапалы және уақытылы жүзеге асыру маңызды екенін атап өтті.

Кездесу соңында Президент облыс экономикасын одан әрі әртараптандыру, әлеуметтік саланы дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту және көктемгі егіс жұмыстарына дайындық жөнінде бірқатар тапсырма берді.

akorda.kz