ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова облысымызға екікүндік сапары барысында бірқатар әлеуметтік нысанның жұмыс барысымен, құрылысымен танысты. Сондай-ақ, әлеуметтік салаларға жауапты қызметкерлердің, аудан және ауылдық округтер әкімдерінің қатысуымен жиын өткізді.
Үкімет басшысының орынбасары өңірімізге сапарын Екібастұз қаласында салынып жатқан «Самғау» балалар шығармашылық үйінен бастады. Өткен жылы Мемлекет басшысы келген кезде қаланың ата-аналар қауымы балаларға арналған қосымша білім беру орталығын салуға қатысты өтініш білдірген еді. Президенттің тапсырмасына сәйкес өткен жылдың қазан айында жобаны бюджеттен тыс қаражат есебінен жүзеге асыру басталды. Қазіргі уақытта нысанның құрылысы аяқталуда. Ішкі және сыртқы әрлеу, аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Заманауи жабдықтармен қамтылған білім беру кешенінде 12 бағыт бойынша үйірмелер мен секциялар өткізіледі. Нысан ерекше қажеттіліктері бар балаларға толығымен бейімделген. Вице-премьер аталмыш нысанның маңыздылығын атап өтіп, құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Кейін Тамара Дүйсенованың жұмыс сапары облыс орталығында жалғасты. Мұндағы №4 емхана мемлекеттік–жеке меншік әріптестік аясында жеке компанияға сенімгерлік басқаруға берілген болатын. Бүгінде «Viamedis Pavlodar» ЖШС КТ, МРТ және басқа да заманауи медициналық қондырғылармен жабдықталған. Әріптестіктің мұндай түрі емдеу орнының кадрлық әлеуетін кеңейтіп, нығайтуға, инфрақұрылымын түбегейлі жақсартуға мүмкіндік берді.
Тамара Дүйсенова облыс әкімі Асайын Байхановпен бірге өңірдегі медицина ұйымдарының басшыларымен жиналыс өткізді. Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев саладағы қызмет сапасын жақсарту мен басқа да өзекті мәселелер туралы баяндады. Айталық, бүгінгі таңда облыста 117 мыңнан астам адам сақтандырылмаған. МӘМС жүйесіне азаматтарды тарту үшін мекенжай бойынша жұмыстар жүргізу міндеті қойылды.
— Азаматтардың мәртебесін анықтау маңызды. Жүйеге тартыл-мағандардың арасында мемлекет есебінен аударым жасалатын адамдардың санаттары болуы мүмкін. Ал еңбекке қабілетті азаматтарды жұмысқа орналастыру бойынша шаралар қабылдануы тиіс. Дәрілік заттарды таңбалау және қадағалау процесі айналымнан контрафактілік өнімдерді алып тастауға арналған. Халық сапалы, сертификатталған дәрі-дәрмектерді қолданатынына сенімді болуы керек, — деп атап өтті Тамара Дүйсенова.
Вице-премьер Малайсары батыр атындағы орта мектепке де барды. Мұнда оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, FaceID жүйесі арқылы өту, мектеп асханаларында төлем жүйесін цифрландыру бойынша атқарылған жұмыстар баяндалды. Сондай-ақ, 9 және 11-сынып оқушыларына кәсіптік бағдар беру бойынша мектептің педагогикалық ұжымының жұмысымен танысты.
Тамара Дүйсенова облыстың білім беру ұйымдарының басшыларымен де жиналыс өткізді. Соның барысында сапаны арттыру мәселелері талқыланды. Қазір облыста 359 мектеп бар. Бірінші кезеңде 14 нысаналы білім беру мекемесі бойынша жұмыстар басталды. Жобалық кеңсе құрылып, білім беру сапасын арттыру мәселесін шешуге белсенді қатысатын 148 педагог-зерттеуші іріктелді.
— Павлодар облысы білім беру сапасы бойынша еліміздегі үздік бес өңірдің қатарына кіреді. Жоғары көрсеткіштерді сақтап қана қоймай, жақсартуға ұмтылу да маңызды. Нысаналы мектептерді анықтау қажетті шараларды қабылдауға мүмкіндік береді. Балабақша, мектеп, колледж, ЖОО жеке тұлғаны дамытудың дәйекті, өзара байланысты, көп деңгейлі жүйесі ретінде қарастырылуы тиіс, — деп атап өтті Тамара Дүйсенова.
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова 1200 орындық жайлы мектептің құрылыс барысымен танысты. «Достық» шағын ауданындағы мектеп осы жылдың қараша айында пайдалануға берілмек. Жалпы, облыста 5 жайлы мектеп салу жоспарда бар.
Павлодар ауданының Заңғар ауылында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында фельдшерлік-акушерлік пункт салынуда. Аталмыш нысан Заңғар және Коряковка ауылдарының тұрғындарына қызмет көрсететін болады. Жаңа пунктте физио, акушерлік-тексеру кабинеттері қарастырылған, функционалдық диагностика үшін қосымша жабдықтау жоспарлануда. Жалпы, облыста ұлттық жоба аясында 30 нысанның құрылысы жүргізілуде.
— Нысандар ауыл тұрғындарының сапалы медициналық қызметтерге қолжетімділігін жақсартуға мүмкіндік береді. Құрылыс қарқынын жылдамдату қажет. Қыс жақындап қалды. Жұмыстардың сапасын назардан тыс қалдыруға болмайды. Барлық нысан осы жылдың соңына дейін пайдалануға берілуі тиіс. Облыс әкімдігі бұл мәселені бақылауда ұстауы қажет, — деді Т.Дүйсенова.
Жұмыс сапары аясында вице-премьер ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылу барысымен танысты. Бағдарламаның арқасында Успен ауданының Успен ауылындағы мал соятын цех жаңғыртылды. Жобаны іске асыру үшін «Аубакиров и К» ӘКК құрылып, 16,5 млн теңге сомасына несие алынды.
Ал Ерзада Тұрсынбек өткен жылы кәсіпкерлікті дамыту жобасы бойынша 4,9 млн теңге грант алған. Оның ерлерге, әйелдерге және балаларға арналған аяқ киімдері, қысқы етіктері жоғары сұранысқа ие.
Енді аталмыш бағдарламаға қатысу үшін құжаттарды тапсыру процесі айтарлықтай жеңілдейді. Қазір «Павлодар» ӘКК базасында ақпараттық жүйе тестілеуден өтуде. Бұл үйден шықпай-ақ өтініш беруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, нақты уақыт режимінде жеке кабинет арқылы өтініштің қарастырылу деңгейін қадағалауға болады. Вице-премьер «Ауыл аманаты» бағдарламасының қатысушыларымен кездесіп, өндірістен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге көшудің маңыздылығын атап өтті.
Тамара Дүйсенова облыстың аудандары мен ауылдық округтері әкімдерінің қатысуымен жиналыс өткізді. Соның барысында әкімдердің жұмысы отбасылардың әл-ауқатының деңгейі бойынша бағаланатынын айтты. Ол үшін отбасының цифрлық картасынан алынған деректер пайдаланылады.
Жиналыс барысында алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу бойынша бірқатар шаралар ұсынылды. Мысалы, «AMANAT» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев банктердің алдында 90 күннен астам мерзімі өткен берешектері бар азаматтармен жұмыс жөніндегі жобаны ұсынды. «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында өз ісін ашуға көмек көрсету, мамандарды оқыту және сүйемелдеу көзделген.
— Азаматтарды жұмысқа орналастыруды қолдауға, халықтың табысын арттыруға бағытталған көптеген мемлекеттік бағдарламалар бар. Көп жағдайда ауыл тұрғындары оларды біле бермейді. Бұл — ауыл әкімдерінің жұмысының көрсеткіші. Олар халықпен тығыз жұмыс істеп, мемлекеттік бағдарламаларды түсіндірулері керек, — деп түйіндеді Тамара Дүйсенова.
ҚР Премьер-Министрі баспасөз қызметінің мәліметі бойынша әзірленді.