«Ertis» телеарнасы мен «Halyq radiosy» тікелей эфирінде облыс әкімі Асайын Байханов «Әкіммен 90 минут» хабарында өңір тұрғындарының сауалдарына жауап берді. Бір жарым сағат бойы аймақ басшысы көпшілікті толғандыратын әр сауалға жан-жақты жауап берді. Нақты жоба-жоспарларымен бөлісті. Өңір дамуы қай бағытта қарқын алатынын айтты.
Картоптан тапшылық көрмейді
Эфирде, ең алдымен, күн тәртібіндегі бірқатар мәселе сөз болды. Соның бірі — картоп бағасының қымбаттауы.
— Біздің өңіріміз — картоптың негізгі өндірушілерінің бірі. Еліміздегі картоптың 27 пайызы айма-ғымызда өсіріледі. Сәбіздің еліміздегі көлемінің 40 пайызға жуығы, қарақұмық жармасының 50 пайызы облысымызда өндіріледі. Бағалары да еліміз бойынша ең төмені. Өңір тұрғындары картоппен екі жолмен қамтылады. Біріншісі, әлеуметтік дүкендер арқылы сатылады. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен жыл сайын меморандум жасалады. Облыстың картоп өндіруші 20 шаруашылы-ғымен қараша айында өңіріміздің ішкі нарығына 10 мың тонна картоп жеткізуге келісімге отырдық. Осылайша, бағаны ұстап тұру мүмкін болып отыр. Мәселен, Павлодардағы «Жайлау» нарығында картоптың келісі 104 теңгемен сатылуда, — деді облыс әкімі.
Сонымен қатар, Small супер-маркетінде 115-120 теңгеден, «Рахмет» базарында келісі 150 теңгеден аспауы қадағаланады. Аймағымызда 200-ден астам әлеу-меттік дүкен жұмыс істеуде. Облыс әкімі қазіргі таңда 50 мың тонна картоп қоры барын атап өтті. Сонымен қатар, картоптың сапасына қатысты он шақты шағым да түскенін жасырмады. Яғни, өткен жыл жемазық дақылдарының өсуіне жайлы болғанымен, картоп жинау кезінде ылғалдың көптігі өнімнің сапасына кері әсерін тигізген. Алқаптан алынған картоп бірден қоймаларға жеткізілген. Біраз кептірілгеннен кейін сыр берген жағдайлар бар. Аймақ басшысы әрбір шағым бойынша егжей-тегжейлі тексеріс жүргізіліп, мән-жай анықталатынын айтты. Жалпы, оңтүстік өңірлерден ерте пісетін картоп жететін кезге дейін аймағымызда тапшылық болмайтынын мәлім етті.
Тариф өспесе, іс те өнбейді
Сұрақтардың көбі коммуналдық салаға қатысты болды. Мәселен, жылыту маусымы облыста штатты режимде өтіп жатқанымен, тарифтің көтерілуі көпшілікті толғандырып отырғаны жасырын емес. Оның қаншалықты негізді екеніне облыс әкімі Асайын Байханов ойын айтты.
— Өкінішке қарай, Екібастұзда орын алған техногендік төтенше жағдай біраз жайды көрсетті. Ашығын айтсақ, инженерлік инфрақұрылым, соның ішінде жылу көздері аймағымызда өткен ғасырдың орта шенінде салынған. Тозығы жетті. Сондықтан, жаппай жаңғыртуды қажет етеді. Әлбетте, жаңғырту жұмыстары жүз пайыз тариф есебінен жүргізіл-меуі тиіс. Сол себепті біз тарифтің 10-15 пайыздан жоғары көтерілмеуіне көңіл бөлеміз. Десе де, жаңғыртудың қажеттілігімен барша тұрғын келісетіні сөзсіз, — деді облыс әкімі.
Облыс әкімі тарифті мүлдем көтермеу мүмкін еместігін кесіп айтты. Себебі, бұл салада қолданы-латын стратегиялық тауарлар құны артуда. Мәселен, көмірдің тоннасы бірнеше жыл бұрын 2,5 мың теңге болса, қазір 6,5 мыңға жеткен. Сонымен қатар, жылу өндіретін кәсіпорындарда жалақыны арттыру қажеттілігі туындайды. Мысалы, Екібастұздағы ЖЭО-да оқиға орын алғанға дейін орташа жалақы 180 мың теңге болған. Айлықтың аздығынан 300 бос орын қалыптасқан. Ешкім аз айлыққа жұмыс істегісі келмеді. Екібастұзда тарифті көтеріп, осы мәселені шешу мүмкін болған.
— Жылу-электр станциясы сияқты стратегиялық нысандарды кәсіби мамансыз қалдыруға болмайды. Ал оларды ұстап тұру үшін айлықты кемі инфляцияны индексациялау деңгейінде көтеріп отыру керек. Оған қаражат, әлбетте, тариф өсірмесе, табылмайды. Бұл ретте, тариф көтергенде көп салмақты бюджетке алатынымызды айтып кетейін. Мысалы, Екібастұзда жылу тарифі тұрғындар үшін 27 пайызға өссе, кәсіпорындарға 33 пайызға жоғарылады. Ал бюджеттік мекемелер үшін 100 пайызға дерлік артты. Яғни, бюджет тарапынан жасырын субсидиялау жүргізіледі. Мысалы, Екібастұз қаласында әлеуметтік мекемелерінің жылуға жұмсайтын шығындары былтыр 4 млрд теңгеге өсті. Бұл қаражат жылу жүйесін жаңғыртуға бағытталады деген сөз, — деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы жаңғырту жұмыстары жалғаса беретінін айтты. Сәйкесінше, тарифтерде өзгерістің орын алуы заңдылық екенін ескертті. Жылу желілерін жаңғырту да үзілмейді. Аймақта жалпы 1500 шақырым жылу желісі болса, бұрын жылына небары 20 шақырымнан жаңартылған. Соңғы екі жылда 100 шақырымнан ауыстыру мүмкін болған. Нәтижесінде, алғаш рет бірнеше он жылдықта облыста жылу желілерінің тозу көрсеткішін 1,5 пайызға төмендету, ал тозуды тоқтату мүмкін болған.
Жаңа буын жұмыссыз қалмайды
Аймақ басшысы тілшінің сауалына жауап бере отырып, жұмыссыздық деңгейін төмендету шараларын баяндады.
— Биыл Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланды. Өңіріміздің кешенді жоспарын түздік. Мұнда екі жүзден астам ауқымды шара қамтылған. Соның ішінде, кәсіптік білім беретін колледждерді дамыту көзделген. Аймағымызда бүгінде жұмыссыздықтың төмен деңгейін ұстап тұру мүмкін болып отыр. Былтыр 30 мыңға жуық жұмыс орны құрылды. Қуантарлығы, оның 75 пайызы — тұрақты әрі жалақысы жоғары жұмыс орындары. Егер өңірімізде орташа айлық 360 мың теңге болса, жаңа инвестициялық жобаларда оның көлемі 400-450 мың теңге шамасында, кейде 500 мыңға жетеді, — деді А.Байханов.
Жалпы, тұрғындарды жұмыспен қамту әрбір әкімнің жергілікті жерде атқаратын басты міндеті екенін еске салды. Өндірістік өңір үшін жұмысшы мамандарды ынталандыру арқылы көптеп тартудың маңыздылығын айтты. Сондай-ақ, биыл 35 мың жұмыс орнын ашу межеленіп отыр. Бұл ретте, облыс әкімі екі мыңыншы жылдардың басында туу көрсеткішінің жоғары болғанын, олар енді еңбекке араласатын жасқа келгенін ескеріп, жұмыс орындарын барынша көбейту көзделгенін атап өтті.
Сұрыптайтын кез келді
Асайын Қуандықұлы аймақтың экологиялық ахуалын жақсарту бағыттарының бірі ретінде тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу екенін атап өтті. Тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау кезең-кезеңі-
мен жүзеге аспақ.
— Тұрмыстық қатты қалдықтарға көбі мән бермейді. Алайда, өңірдің үш қаласындағы қатты қалдық полигондарында жатқан қоқыстан ауаға қаншама зиянды зат тарайды. Қазіргі уақытта қоқыстар жиналып, көміледі. Топырақ астындағы пластик жылдам ыдырамайды. Жылдар бойы жатқанда ауаға зиянын келтіреді. Сондықтан бірінші кезекте Павлодар қаласында биыл қалдықтарды сұрыптау зауыты салынады. Нысанның қазығы алдағы сәуір айында қағылады. Мұнда жылына 150 мың тонна қалдық қайта өңделеді. Темір, пластик, қағаз және шыны қалдықтары сұрыпталып, жаңа тауар жасауға жаратылады. Мәселен, биологиялық қалдықтардан биологиялық қарашірік өндіріледі, — деді аймақ басшысы.
Осы ретте, облыс әкімі сұрыптау кімдерден басталатынына да тоқталды.
— Көпшілік аулаларға қоқысты жеке жинайтын контейнерлер орнатуды ұсынып жатады. Бірақ, оған әлі ерте. Ешкім қоқыс бактарының қасында қалдықтарды сұрыптап тұрмайтыны анық. Үйде бірнеше бөлігі бар қоқыс шелегін пайдаланатындар да жоқ. Сондықтан біз қалдықтарды сұрыптауды ірі кәсіпорындардан, коммерциялық ұйымдардан бастауды жөн көріп отырмыз. Алғашқы кезеңде алып кәсіпорындар, тамақтану орындарын қамтысақ, келесіде супермаркеттерді, одан кейін кезек шағын дүкендерге келеді. Осыны реттеп алған соң тұрғындар сұрыптауды бастайды. Бәлкім, қоқысты сұрыптап тастайтын азаматтарға ынталандыру мақсатында қоқыс жинауға төленетін ақыны төмендету сияқты жеңілдіктер қарастырылады, — деді Асайын Байханов.
Байырғыәдеті екен
Тілшілердің өмір салтына байланысты қойған сауалына жауап берген аймақ басшысы Асайын Байханов барынша дұрыс тамақтанып, денені шынықтырып тұруға мән беретінін мәлім етті.
— Дене бітіміме қатысты арнайы рецебім жоқ. Ең бастысы, дұрыс тамақтануға көңіл бөлемін. Барынша үйдің тамағын тұтынуға тырысамын. Газдалған сусын, тәтті, өңделген өнімді татпаймын. Кез келген ауа райында 1-1.5 сағат жаяу жүру әдетіме айналған. Аудандарды аралап, іссапарлап келсем де, кешкіде қала ішінде әртүрлі бағытта жаяу жүріп қайтамын. Тіпті, бірнеше күн бұрынғы аязды күні де әдетімнен жаңылған жоқпын. Жылы киініп, жүріп келдім. Сары аяз қатты екен, күнделікті уақытымнан сәл ертерек кері қайтуға тура келді. Бала кезімнен салқын суға жуынамын. Беті-қолымды да салқын сумен жуамын. Ұйықтар алдында кемі 1 сағат қолыма гаджет алмаймын. Мұны да әдетке айналдырғанмын. Таңертең ерте тұрып, күнделікті гимнастика жасаймын. Бұл да — жастайымнан қалыптасқан әдеттер. Яғни, қандай да бір спорт залға барып, айналыспаймын. Күнделікті үй жағдайында өз салма-ғыммен жұмыс істеп, көпшілікке белгілі жаттығуларды жасаймын, — деді облыс әкімі.
Жалпы, эфир барысында ауыл шаруашылығын дамыту, медицина саласын мамандармен қамту, өңірге газ тарту, жол салу бағытындағы шаралар да қаузалды. Тілшілер сауалдарынан бөлек, телефон қоңырауы арқылы да азаматтар сұрақ қойды. Бірі көшесіне асфальт төсеуді, енді бірі екі ауыл арасын жалғайтын жол салуды сұраса, тағы бірі көп қабатты үйіне пандус орнатуды өтініш етті. Баспанамен қамту, ауылда спорттық нысан салу, облыс орталығындағы көп қабатты үйлердің бірінде жылудың төмендігі жайлы да сұрақтар болды. Эфир барысында 30 телефон қоңырауы және WhatsApp желісіне 112 сұрақ түсті. Аймақ басшысы қабылданған әрбір сұрақ бақылауға алынып, шешу мүмкіндіктері қарастырылатынын мәлім етті.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.
Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.