Қысқы уақытта өз өңірімізде өндірілетін сүт өнімдері мен жергілікті жылыжайларда өсетін көкөністердің бағасы тұрақты болмақ. Облыс әкімдігі мен аймақтағы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер тиісті келісімге келді.
2024-2025 жылдардағы қысқы кезеңде өз өнімдеріне белгіленген баға бойынша жергілікті нарыққа жеткізуге қатысты меморандумға 7 сүт өңдеу кәсіпорны мен 3 жылыжай кешені басшылығы қол қойды. Кәсіпорындар өз өнімдерін әлеуметтік дүкендерде, «Жайлау» базарында және ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінде 15 пайыздан аспайтын үстемеақымен сату бойынша міндеттеме алды. Осылайша, 2,5 пайыздық бір литр сүттің бағасы 385 теңгеге дейін, қиярдың келісі 1100 теңгеге дейін және қызанақтың бір келісі 850 теңгеге дейін белгіленді.
Аймақ басшысы Асайын Байханов облыс тұрғындарының қажеттіліктерін қамтып, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеген кәсіпкерлерге алғыс білдірді.
— Еңбектеріңіз бен әлеуметтік жауапкершіліктеріңіз үшін рақмет! Біз жыл сайын бағаның негізсіз өсуін болдырмау мақсатында өңірдің шаруаларымен, тауар өндірушілерімен меморандум жасаймыз. Бұл өз кезегінде облыс тұрғындары үшін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің қолжетімді бағасын сақтауға мүмкіндік береді, — деді облыс әкімі.
Меморандумға қол қойған барлық өндірушілер — мемлекеттік қолдауды алушылар. Мәселен, биыл сүтті қайта өңдеушілерге қайта өңдеу кәсіпорындарын субсидиялау бағдарламасы бойынша шикізат сатып алуға 1,4 млрд теңге бөлінді. Ал өңірдегі жылыжай кешендеріне 2023-2024 жылдар кезеңінде минералды тыңайтқыштарды сатып алу бойынша 116 млн теңге көлемінде мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.