Облыс тұрғындарын көп жағдайда әлеуметтік мәселелер алаңдататыны белгілі. Әсіресе, медициналық көмек алуға қатысты шағымдар жиі түседі. Солардың бір парасын азаматтар облыс әкімінің жеке қабылдауында айтты.
Аймақ басшысы Асайын Байханов кезекті рет тұрғындарды жеке қабылдады. Облыс тұрғындары әкімнің алдында әр түрлі мазмұндағы мәселелерді көтерді. Айталық, ерекше баланың анасы медициналық мекемелердің бірінің жұмысына көңілі толмайтынын жеткізді. Тағы бірі тірек-қимыл аппараты бұзылған жандар үшін техникалық құралдармен және оңалту қызметтерімен қамтамасыз ету мәселесін көтерді. Облыс орталығының тағы бір тұрғыны қалалық мәслихат депутатының әдепті бұзғанына шағымданды. Сондай-ақ, қабылдау-
да қосымша жер учаскесін алу тәртібіне қатысты түсініктемелер берілді. Облыс әкімі қабылдау барысында барлық өтінішке толықтай жауап берді. Кездесу соңында Асайын Байханов жергілікті жерлердегі мемлекеттік қызметшілердің азаматтардың өтініштеріне жауап беріп, мәселенің шешімін табуы керек екенін еске салды. Қарастыруды және пысықтау үшін қосымша уақытты қажет ететін мәселелер мемлекеттік органдардың бақылауына алынды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.