Белсенділік нәтиже берген

Жел 4, 2025

Аймағымызда «AMANAT» партиясының қатарында 47 500 адам болса, соның ішінде
54,4 пайызы – әйелдер. Олар — түрлі салада еңбек етіп, өңір дамуына, қоғамдық іске белсене араласып жүрген жандар. Естеріңізде болар, партия жанынан 2023 жылы «Әйелдер қанаты» құрылды. Нәзік жандар бүгінде қоғам үшін маңызды істерде аянып қалмауда. Көпті толғандыратын мәселелерді көтеріп, шешімін табуға талпынып жүр. Нақты жүзеге асқандары да бар.

Бұл туралы «AMANAT» партиясының облыстық филиалында өткен депутаттық фракция отырысында кеңінен баяндалды. Облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова өңірде отбасы құндылықтарын нығайту, әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейту, гендерлік саясатты дамыту, қоғамның белсенділігін арттыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Сондай-ақ, ол гендерлік саясатты ілгерілету жолында үкіметтің саяси партиялармен белсенді ынтымақтастығын ерекше атап өтті.

– Саяси партиялардың әйелдер қанаты қоғамдық-ағартушылық жұмыста ғана емес, сонымен бірге нақты әлеуметтік міндеттерді шешуде маңызды рөлге ие. Бүгінде олар әйелдерді еңбекпен қамтуға ықпал етуде, кәсіпкерлік дағдыларды дамытуға көмектесуде, жаңа мамандық меңгеруге немесе жеке ісін ашуға ұмтылған әйелдерге арнап білім беру бағдарламаларын құруда. Осындай жандардың қолдауымен көптеген әйелдер отбасын қамтамасыз етуге, өмір сүру сапасын арттыруға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының толыққанды мүшесі атану мүмкіндігін иеленуде. Бұл істе саяси партиялардың әйелдер қанаты қызметінің алар орны бөлек, – деді Айгүл Қайыртасқызы.

Партияның «Әйелдер қанаты» өңірлік кеңесінің төрағасы Света Абдраманова атқарылған жұмыстарын, нақты іске асқан жобалар, бастамаларды баяндады. Айтуынша, мұнда әйелдердің жағдайын жақсартуға, бастамаларын алға бастыруға, олардың қоғамдық-саяси салада рөлін арттыруға мән берілуде. Кеңес денсаулық, білім беру, спорт бағыттары бойынша Жол картасының және отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы индикаторларының орындалуын қадағалайды. Екі жылда кеңес 7 отырыс өткізіп, мемлекеттік органдарға 43 ұсыныс жолдапты. Олардың бәрі орындалған көрінеді. Одан бөлек, өңірлік кеңес тұрақты негізде ҚР Парламент Мәжілісіне, республикалық кеңеске, салалық министрліктерге ұсыныстар жолдаған. Жіберілген ұсыныстардың басым бөлігі оң шешім тапқан. Сондай-ақ, білім мен денсаулық мәселелері жөніндегі өңірлік кеңеспен бірлескен отырыстар нәтиже беруде. Мәселен, сондай кездесулерде Мәжіліс депутаты болып тұрған кезінде қазіргі Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова паллиативтік балаларға арналған стандарт жобасын жасау ұсынысын қолдаған. Бұл жиынға үй жағдайында паллиативті күтімді қажет ететін балалары бар аналар қатысып, ұсыныстар айтылған. 17 бағыт бойынша ата-аналар мен кеңес мүшелері ұсыныс білдірген. Араға аз уақыт салып, құзырлы министрлік стандарт жобасын талқылауға шығарған. Әйелдер кеңесінің Мәжіліс депутаттарымен тығыз байланыс та бірқатар мәселелердің шешілуіне оң ықпал етсе керек. Света Сағындыққызының мәлімдеуінше, бірінші қалалық аурухананы қайта жаңартудың екінші кезеңін республикалық бюджеттен қаржыландыру шешімін тапқан. Ал жоғары оқу орындарының ұсыныстары ғылым мәселелеріне қатысты заң жобасында ескерілген.

Айта кету керек, партия жанындағы «Әйелдер қанаты» 10 басымдықты бағытқа алған. Олар – әйелдердің саяси көшбасшылығын қолдау, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға, инклюзивті қоғам құруға, психологиялық қызмет институтын, ауылда әйелдер кәсібін дамытуға ықпал ету, өндірісте әйелдер еңбегін қорғау және қауіпсізідігі мәселелері. Сонымен қатар, әйел денсаулығы мен отбасы құндылығы, заң жобаларына гендерлік сараптама ұйымдастыру, әйелдердің экономикалық құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту, ғылымдағы әйелдерді қолдау бағыттары қамтылған. Әр бағытқа іскер әйелдер жауаптанған әрі тиісті жұмыстар жүргізуде. Мысалы, Динара Айтжанова өндірісте қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысында пилоттық жоба қолға алыпты. 12 кәсіпорында зерттеу жүргізіп, өзекті мәселелерді анықтаған. Әсіресе, әйелдердің денсаулықты уақытылы тексеруге келгенде немқұрайлық танытатыны байқалған. Сондықтан, ол барша әйел затын өзін соңғы орынға қоюдан арылып, бірінші байлыққа мән беруге шақырды.

Өңірімізде атқарушы, өкілетті  органдардағы әйелдердің үлесіне тоқталған С.Әбдраманова кейінгі кезде көрсеткіш артқанын, шешімдер қабылдау деңгейінде әйелдердің қатысуы оң қарқын алғанын атап өтті. 10 айда биыл шешімдер қабылдауға араласу көрсеткіші 26 пайызға жеткен. Тиісті тұжырымдамаға сәйкес 2030 жылға қарай ол 30 пайызға жетуі керек. Барлық деңгейлі мәслихаттарда әйел депутаттар қатары өскен. Ауылдық округ әкімдері ішінде аймағымызда әйелдердің үлесі 20,5 пайызды құрайды. Яғни, 127 әкімнің 26-сы – әйелдер. Осы ретте, өңірлік Әйелдер қанаты бұл көрсеткішті көтеруге күш салмақ.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.